Биыл аймақтағы ақпарат айнасының бірі – «Halyq radiosy» 85 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бүгінде бұл радио облысымызға ғана емес, OTAU TV арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріне хабар таратуда.
Облыстық «Saryarqa samaly» газетінде 25 мамыр күні шыққан сұхбатымда айтқандай, мен радионы басқаруға келгенде барлық радиоаппаратуралардың тозығы жетіп, істен шыққан кезі болатын. Бір ғана эфир тарататын компьютерден басқа аппараттарды облыстық телевидениеден жалға алдық. Осының бәрін ретке келтіріп, ҒМ толқынына шығуымызға техникалық құжаттарды дайындап, күні-түні ізденуде болған бас инженеріміз Әлімжан Жүсіпов еді.
Әлімжан Жүсіповпен Астанада республикалық радиода бірге қызмет жасаған едік. Инженер-техник таба алмай жүрген кезім еді. Бір күні автокөлікпен Сәтбаев көшесімен келе жатсам, Әлімжан Жүсіпов тұр. Өз көзіме өзім сенбеймін. Қасымдағы жүргізушім Нұрлан Шоқпаровқа біз қайдамыз, Астанадамыз ба деппін қуанғанымнан. Ол маған қарап, Павлодардамыз ғой дейді.
Сөйтсем, Әлімжанның өмірлік жолдасы павлодарлық екен, әйелінің денсаулығына байланысты осында көшіп келіпті. Қызмет іздеп жүрген көрінеді. Дайын маман, бізге керек адам. Радиомызда жұмыс бар, бірақ айлығы аз, 12 мың теңге дедім. Отбасымды асырайтын мен ғана, ол аз деді. Содан департаментке барып түсіндіріп, қаражат жоқ болса да бір штат ашып ақшасын көтеріп кәсіби маман Әлімжан Жүсіповті алайық дедім. Департамент келісті, Әлімжан Жүсіповті қызметке алдық. Содан көзіміз ашылды. Күнде қирап жататын аппаратуралар сайрап кетті. Бір қызығы, 7-8 ай бойы үзіліссіз FM жиілігі ашылғанша сынбай-қирамай жұмыс істеді. Өз ісін білетін білгір маман Әлімжан Жүсіповтің арқасында техникалық 2 тендерге қатыстық, бүкіл аудан мен 30 елді мекеннің техникалық құжаттарын дайындап шықты. Тендер кезінде техника жағынан бір ескерту болған жоқ. Әрине, жалғыз өзіне қиындау болды. Дегенмен, ол бар қиындықты жеңіп шығып, кейін директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілді.
Әлімжан Жүсіповке серік болған Серік Айтымов та біраз қиындықтарға төтеп берді. Ол өзі үйрене жүріп, басқаларды үйретті. Көп оқып, іздене білді. Радионың қыр-сырына қанық бола отырып, нағыз бесаспап компьютер инженері болып шықты. Кейін Әлімжан Жүсіпов құрметті демалысқа кеткенде ол оның орнына бас инженер болды.
Радионың әуе толқынында тоқтау деген болмайды. Дер кезінде жөндеу, тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Қорыта айтқанда, радионың «жүріп–тұруы» тоқтап қалмауы осы екі адамның мойнында еді. Оларға айтар алғысымыз шексіз.
Радионың тағы бір майталманы — бас менеджеріміз Динара Құсманова.
Ол осы жұмысты қабылдап алған кезімде соңғы жаңалықтар дайындайтын редактор болатын. Мен келгесін ол Павлодар университе-тінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Онымен бірге біздің бұрынғы редакторымыз Альбина Федосеева да оқыды. Кадрларды сақтау үшін оларға журналист мамандығын меңгеруге жағдай жасадым. Жарнама жасап, хабарлар беру арқылы университетпен шартқа тұрып, радионың атынан тегін оқыттым. Сөйтіп, екеуі де өз мамандықтарына қосымша журналист маманы деген диплом алып шықты.
Айтайын дегенім, Динара Құсманованың журналистігіне қосымша, адамдармен тіл табыса білетін, ойындағасын орындата білетін әрі ұйымдастырушылық қабілеті бар екенін аңғардым. Сол кезде тұралап тұрған радионы қаржыландыратын, жарнама, хабарландыру іздеп табатын арнайы менеджер өте қажет болды. Содан Динараға бас менеджерлік сенің ғана қолыңнан келеді деп қолқа салдым. Егер біз дәл қазір радионы аяғынан тік тұрғызып, оны қайтадан құрмасақ, түбінде радио жабылып қалады дедім. Содан кейін Динара Құсманова редакторлықтан менеджерлікке ауысты. Ол оның ұжымына деген құрметінің жоғары болғаны деп түсінемін. Негізі, 2001 жылдан бірге қызметтес болған, облыстық радионың екінші кезеңінің қалыптасуына өзіндік үлес қосқан, менің бар талабым мен алдына қойған жұмысты беске атқарған осы Динара Құсманова болды. Мінезі ашық, ақжарқын, жүзінде күлкі үйіріліп тұрады. Қалжыңы да бар. Ұжымды үйіріп әкетеді. Өз ісіне өте тиянақты. Радиоға қомақты қаржы түсірген менеджер. Кезінде тозып, қаусап тұрған радиостудияға да демеуші тапқан осы біздің Динара болатын. Бүгінгі таңда ол баспа қызметін басқарып отырған «Ертіс Медиа» холдингінде бөлім басшысы, менеджерлікпен айналысады.
Бас есепшіміз Айжан Раисованың қызметтегі іскерлігіне байланысты айтатын болсам, ол алдымен қызметін бірінші орынға қоятын. Содан кейін барып отбасына, үй шаруасына көңіл бөлетін жан.
Өз ісін жетік білетін, керек адамдармен тіл табыса алатын, қызметіне өте ұқыпты қарайды. Менімен бірге 8 жылдай қызмет атқарды. Сонда аңғарғаным, сол жылдар ішінде бір жылда еңбек демалысына шықпапты. Сегіз жыл бойы демалыссыз қызмет атқарды. ҒМ радиосының жаңа құрылып жатқан кезі ғой, жұмыс көп, тендерлер мен жыл сайынғы конкурстарға құжаттар дайындау керек. Ал ол — оңай жұмыс емес. Радионың қай жұмысы да алдымен бухгалтерия арқылы басталады емес пе, соңғы нүкте де бас бухгалтер арқылы қойылатын. Қазір ойлап отырсам, Айжан Раисова конвейер іспеттес жұмыспен айналысыпты.
Ол — экономист ретінде де, бухгалтер ретінде де таптырмайтын кадр. Осы жерде айта кету керек үш жыл бойы ҒМ толқынын жеңіп алардағы барлық тендерлер мен конкурстарға бар бухалтерлік есепті дайындаған да — осы біздің Айжан Раисова. Жұмысында бір қате болмайтын, өте сауатты есепші болды. Мен оның ісіне еш алаңдаған емеспін.
Бүгінде ол — зейнетте жүрсе де медиа холдингте экономист. Павлодар облыстық радиосы да бұрынғыдай жеке мекеме емес, осы «Ертіс Медиа» холдингісіне қарайды.
Алтын Омарованың да жұмысын ерекше атап өтер едім. Өте білімді, білгір әрі хабардың тақырыбына сай музыкамен көркемдеуде де шебер режиссер. Алтынның да радиода алатын орны ерекше дер едім. Бүгінде ол — осы радиода белді қызмет жасап жатқан мамандардың бірі және бірегейі.
Хабардың көркем, құлаққа жағымды, әуезді болып шығуы ол редактормен қоса режиссер мен дыбыс режиссеріне байланысты ғой. Музыкамен хабарды көркемдеу, әрлеу, дыбысын қадағалау, артық дыбыстар мен сөздерді, сөйлемдерді алып тастап, белгілі тақырыбына байланысты ән салып, музыкамен әрлеу — осы режиссердің жұмысы. Алтын Омарова кезінде осындай шығармашылық топты басқарған бас режиссерлік қызметін абыроймен атқара білді.
Алтынның адами қасиеті де ерекше. Қартайған ата-аналарын бағып-қағып, балаларын да өздеріндей өсірді. Оның жолдасы Нұрлан Шоқпаров та біздің радиода автокөлік жүргізушісі болып, жақсы жұмыс атқарды. Таң елеңнен жұмысқа кететін жолдасының жоғын білдіртпей, Алтын Омарова үй шаруасын да, балаларының жайын да қалдырмай, қызметін де адал қарады. Тіпті, кішкентай қызы Дәмеліні балалар хабарына баулып, тамаша хабарлар дайындады. Кішкентай Дәмелінің «Балдай тәтті балдырған», «Ақбота» атты хабарлары тыңдарманның асыға күтетін хабарлары болды.
Радиодағы белсенділердің арасына дыбыс режиссерлері Әлия Нұрмағанбетова мен Вера Сидьконы да қосуға болады. Олар да эфирге хабар дайындады. Екеуі де — осы радиода 30 жылдан астам тапжылмай еңбек етіп келе жатқан кәсіби мамандар. Вера Сидько қазір құрметті демалыста.
2000 жылдары радиоға басшы болып келгенімде мен алдымен осы Әлия Нұрмағанбетованы іздедім. Онымен Кеңес үкіметі кезінде радиода ертеректе де бірге жұмыс жасағанбыз. Әлия Нұрмағанбетова да — өз ісінің шебері. Жұмыста да өте жауапты қызметкер. Ол қызметте бір күн жоқ болса, орны ойсырап тұратын. Онсыз радионың жұмысы да жүрмейтін, хабарлар да монтаждалмайтын. Оның үстіне мен радиоға таңертеңгілік эфирді ашып, арнайы хабар тарататын оператор алғанша осы біздің Әлия Нұрмағанбетова таңғы сағат 6.00-ден тұрып дикторлармен бірге эфирді ашатын. Операторлық қызметті ол ұзақ жыл дыбыс режиссерлігімен қоса атқарған еді.
Әлия Нұрмағанбетованың қызы Аида «Қайырлы таң», «Қазақ тілін үйренейік!», басқа да балалар хабарын дайындап жүрді. Ол аз уақыттың ішінде жас тыңдармандардың сүйіктісіне айналды.
Бүгінгі радионың басшысы Раушан Сыбанжанова біздің радиоға мұражай қызметкері ретінде хабарға қатысуға келгенде бас режиссеріміз Алтын Омарова оның ерекше әуезді дауысын ұнатып, жұмысқа деген тиянақтылығын көріп, бір күні оны маған ертіп келді.
Адамды бір қарағанда аңғаратын сезіміме сеніп мен оны бірден қызметке алдым. Ойымыз алдамады. Бүгінде Раушан Сыбанжановадан ұқыптылығымен қатар алмас қамалды алатындай жігері, зор талабы бар дайын журналист қалыптасты.
Оның ізденімпаздығы мен журналистік шеберлігі жайында басқаларға Раушанды үнемі үлгі етіп отырамын. Бір жылға жетпеген уақытта ол алтын қорымызға 30-ға жуық мазмұнды хабарды дайындап үлгерді. «Жат қылықтан сақтанайық!», «Салауатты өмір салты», «Тіл тұғыры биік», «Павлодар облысына — 70 жыл», «Ұмытылмас әуендер», «Мәдениет, білім және спорт» бағдарламалары — тыңдарманның алғысын алған хабарлар.
Раушан Сыбанжанованың әдемі қоңыр дауысы бар. Хабарды өте жақсы оқиды. Оның жан сұлулығына қоса адами қасиеті де ерекше. Мінезі биязы, кез келген адаммен тіл табыса алады. Ұжымда да оны бәрі сыйлайды, көрсеткен еңбегіне қарай беделі де бар. Менің басшылығымды көрген ол радиоға өз отбасындай қарайды. Жаны ашиды, қазақтың рухын көтеретін хабарларды дайындап, басшы болса да тікелей эфирге де өзі шығады. Басқалар үлгі алатын жақсы қасиеттер Раушан Сыбанжанованың бойында жетерлік.
* * *
Құрметті оқырман! Бүгінгі мақаламда негізінен менің қасымда етене араласқан, радионы ҒМ толқынына шығарарда менімен бірге радиоға өзіндік үлес қосқан әріптестерім, радионың майталмандары жайлы айтуға тырыстым.
Ал шығармашылық топ – журналистер жайлы кейінгі мақаламда сөз қозғасам деймін. Журналистер радионың негізгі өзегі, әрине оны ұмытуға болмайды.
Радионың бір ерекшелігі, облыс көлемінде демалыссыз, күн сайын сағат таңғы 7.00-ден 00.00-ге дейін үзіліссіз сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істейді. Облыстағы барлық жаңалық пен түрлі тарихи, мәдени шаралар оқиға өтісімен сол сағатта радиодан беріледі.
Радио – ақиқат үні. Ол — бүгінгі күннің тынысы, жарқын болашақтың айнасы.
Міне, осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан Павлодар облыстық «Halyq radiosy» тыңдармандары-мызға азық болатын, рухымызды көтеретін трибуна болып отыр.
Тыңдарманның және өзімнің атымнан радионы 85 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын!
Ғалия БАЛТАБАЙ, Павлодар облыстық радиосының бұрынғы директоры, «Құрмет» орденді журналист.