Облыстағы 500-ден астам көпқабатты тұрғын үй лифтімен жабдықталған. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында 2000-ға жуық лифт бар. Бүгінде олардың 885-нің нормативтік қызмет ету мерзімі аяқталған. Мұндай жеделсатылар қаншалықты қауіпсіз? Лифт ауыстыру үшін тұрғындар қандай құжаттар тапсыруы тиіс? Осы және өзге де сұрақтарға Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бақытгүл Базылова жауап берді.
— Талапқа сәйкес, жеделсатыларды пайдалану мерзімі 25 жылға есептелген. Дегенмен, қаладағы лифтілердің арасында 30-40 жыл бойы жұмыс ітеп тұрғандары бар. Мұндай жеделсатылар жоспарлы тексерістен өте ме?
— Көпқабатты үйлерде лифтілердің сапалы қызмет көрсетуі маңызды. Ал жеделсатылардың жұмысында кілтипан пайда болса, апатты жағдайда тоқтап қалып, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайды болдырмас үшін алдымен ПИК-тер жеделсаты жұмысын қадағалап отыруы тиіс. Сондай-ақ, тұрғындар арнайы қызмет көрсететін мекемемен келісімшартқа отырғаны дұрыс. Көпқабатты үй тұрғындары техникалық қызмет көрсетін мекемемен келісе жұмыс жасағанда жеделсаты кабинасының іші-сыртына міндетті түрде құрылғыны пайдалану ережесі, маманның және апатты қызметтің телефоны жазылады.
— Биыл қандай мекенжайдағы тұрғын үйлердің жеделсатылары ауыстырылады?
— Бүгінгі күні «Горкомхоз Тұрғын үй құрылысын жаңғырту» кәсіпорны 2026 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында бірқатар шараны жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта Н.Назарбаев даңғылы, 52, Ак.Шөкин көшесі, 100, Торайғыров көшесі, 28, 3б, Малайсары батыр көшесі, 21/3, Малайсары батыр көшесі, 39/3, Н.Назарбаев даңғылы, 42, Н.Назарбаев даңғылы, 93/1, 93/3, 93/4 мекенжайларында, Ак.Шөкин көшесі, 87/3, Қамзин көшесі, 80/4, Естай көшесі, 89/2, Набережная көшесі, 9/2, 9/3 мекенжайлары бойынша бір-екі жеделсатыны ауыстыру жоспарланған.
— Тұрғындар бұл бағдарламаға қалай қатыса алады?
— Құжаттарды Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөліміне жолдау қажет. Бұдан кейін келісім жасалып, мердігер таңдалады. Үрдіс толығымен тұрғындардың бақылауында жүзеге асады. Бағдарламаға қатысу үшін ұсынылған құжаттардың негізінде тұрғын үйлердің ортақ мүлкіне техникалық тексеру жүргізуге, одан кейін кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге, ЖСҚ әзірлеуге бағытталған шаралар мемлекеттік сатып алулар арқылы жүзеге асырылады. Жобалық-сметалық құжаттаманы алғаннан кейін серіктестік көппәтерлі тұрғын үйлердің үй-жайларының меншік иелерімен күрделі жөндеуге арналған сметалық құжаттаманы бекітуді ұйымдастырады.
Жұмыс жобалардың авторларымен тығыз байланыста жүргізіледі. Нәтижесінде қазіргі уақытта Естай көшесі, 89/2, Н.Назарбаев даңғылы, 93/1, 93/3, 93/4 және Н.Назарбаев даңғылы, 89/2 мекенжайлары бойынша қабылданған құжаттар анықталған ескертулерді түзетуге жіберілді.
— Жаңа жеделсаты үшін төлем көлемі қалай бекітіледі?
— Мысалы, қаржы 15 жылға алынса, орташа есеппен әр пәтер (ауданына байланысты) 1-2 мың теңгеден төлейді. Күрделі жөндеуге жұмсалатын шығындар көлемін келісуден кейін жобалау ұйым-дары ведомстводан тыс сараптаманың жобалық-сметалық құжаттамасының өтуін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Н.Назарбаев даңғылы, 52 және Ак.Шөкин көшесі, 100 мекенжайларындағы тұрғын үйлерге ЖСҚ сараптамасы жүргізілуде. Мәселен, Н.Назарбаев даңғылы, 52 мекенжайындағы тұрғын үйдің 1 лифтісін ауыстырудың алдын ала сомасы 44,8 млн теңгені құрайды. Ал Ак.Шөкин көшесі, 100 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің 1 лифтісін айырбас-тау шамамен 44,1 млн теңге болады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта 9 нысан бойынша ЖСҚ әзірлеу жұмыстары басталды.
— Ақпаратыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан — Алтынбек МҰҚЫШЕВ.