Ет неге қымбаттады?

Нау 13, 2025

Қазіргі таңда облыстағы сауда орындары мен базарлардан басқа түгілі ірі қараның етін алу қиындап кетті. Осыдан бір-бір жарым ай бұрын бағасы шарықтап шыға келген өнімге қатысты жағдай әзірше тұрақтала қойған жоқ. Сиыр етін «майшаммен» іздеп, әрең табасыз. Тапқан күннің өзінде бір келісі үш мың теңгеден кем емес. Сонда тұтынушыларға қайтпек керек?

 

Қаңтар айынан бастап өңірдегі, жалпы тұтас елдегі ет нарығындағы жағдай құбыла бастады. Бұрындары кей тұрғындар үшін қымбат жылқы етін алу арман болса, енді сиыр етін сатып алудың өзі мұңға айналды. Қазір ірі қара жылқыдан артық «бағалы». Бұған дейін бір келі сиыр еті шамамен 2300-2500 теңге, жылқы еті 2700-3500 теңге аралығында болған еді. Ал қазір 2500 теңгеге сиыр етін таппайсыз. «Жайлау» әлеуметтік базарында бұған дейін 2300 теңге көлеміндегі әлеуметтік бағамен сатылған өнім қазір аз. Ал «Квазар» сауда үйінде сиыр етінің келісі 3 мың теңгеден басталады. Тұтынушылар жиі баратын «Best et» дүкенінде бұл өнімнің келесі 2900 теңгеден басталып, 3400 теңгеге дейін жетеді. Салыстырмалы түрде қарасақ, жылқы етінің келісі 2450-3300 теңгеден сатылуда. Нарықтағы мұндай өзгеріс тұрғындардың қалтасына әсер еткені анық.

— Біз бірнеше жылдан бері соғым сатып алуды қойдық. Керек кезде дүкен, базарларға барып, қалтамызға қарай алатын болдық. Бұл әлдеқайда тиімді сияқты. Себебі, кесек етті, қазы-шұжықты таңдап алуға мүмкіндік бар. Жылқы еті қымбаттау болғандықтан, көбіне сиыр етін алатын едік. Енді қарасақ, керісінше, ірі қара етінің бағасы көтеріліп кетіпті. «Жайлау» базарынан бірнеше рет 2300-2500 теңгеге алсақ, таяуда ет дүкендерінің бірінен 3300 теңгеге сатып алдық. Бұл — бір барғанда кемінде 10-15 мың теңгеге ет аламыз деген сөз. Ол ары кетсе жарты айға ғана жетеді. Сондықтан сиыр етін алған тиімсіз болып қалды, —
дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ботагөз Сәрсембаева.

Бұл ретте ауылдағы ағайын ет бағасының өсуіне шаруашылықтардың қатысы жоқ екенін алға тартады. Нарықтағы жағдай оларға да оңай соғып отырған жоқ. Себебі, қорадағы азын-аулақ малын сата алмай әлек.

— Бүгінгі таңда ауылда мал ұстау, оны күтіп-баптау қиын. Табынға қосқан үшін төлейтін ақысы, жем-шөбі бар дегендей. Қысқасы, төрт түлікті ұстаудың шығыны шаш-етектен. Сондықтан үш-төрт сиырды сатайын деген едім, бірақ мүлде өтпей тұр. Осыдан біраз уақыт бұрын Шымкенттен келген делдалдар бір ірі қараға ары кетсе 150-200 мың теңге беретінін айтты. Қыс бойы қара тер шығарып, күтіп-баптаған түлікті бұлай арзанға бере алмаймын. Қаладағы ағайын базарда ет қымбаттап кеткенін айтып, «Ауылдағылар бағаны көтеріп жіберген шығар» деп бізге қырын қарайтынын аңғардым. Бірақ олай емес. Біз керісінше етті өткізе алмай отырмыз, — дейді Ақтоғай ауданының тұрғыны Бауыржан Хасенов.

Ал облыс орталығындағы сатушылар етті сатып алу бағасы соңғы бір-екі ай дересінде 1 мың теңгеге өскенін алға тартады. Сондықтан кей дүкен сатушылары оның келісін 4 мың теңгеге дейін көтеруге мәжбүр көрінеді.

— Бірнеше жылдан бері ірі қараның еті тұрақты болып келеді. Бұлай бірден қымбаттап кеткенін байқамаппын. Қаңтардың соңы – ақпанның басында мүлде ет таппай қалған кездеріміз болды. Қазір келісім жасалған шаруашылықтардан өнім түсіп жатыр. Бірақ олар босату бағасын 1 мың теңгеге қосты. Бүгінде шаруалар сиыр етінің келісін 2800-3000 теңгеден босатады. Сауда орнын жалдау, коммуналдық шығындар, жұмысшылардың ақысы бар екенін ескерсек, 3 мың теңгеден алған етті 3500-4000 теңгеге дейін саудалауға тура келеді. Басқа амал жоқ. Ал бағаның бұлай аспандап кетуі экспортқа байланысты сияқты. Себебі, шаруаларға малды сойып, қасапхана ақысын төлеп, етті қалаға жеткізгеннен гөрі бірден шаруашылықтан Өзбекстанға тиеп жіберген тиімді, — дейді Нұргүл есімді сатушы.

Таяуда бұл мәселе Мәжіліс қабырғасында да көтерілді. Депутат Гүлдара Нұрымова Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында ет тапшылығынан өнімнің құны қолдан көтеріліп жатқанына назар аударды.

— Депутаттық сауалға азаматтардың өтініштері себеп болды. Қазіргі таңда Қазақстаннан мал басын шетелге, әсіресе көрші Өзбекстан мен Қырғызстанға заңсыз шығарылып жатыр. Өйткені, ол жақта ет бағасы жоғары. Сонымен қатар, бүгінде елімізде де ет бағасының өскені байқалуда. Заңда белгіленген шектеулерге қарамастан, тірі малдың заңсыз шығарылу фактілері аз емес. Мысалы, Қырғызстан шекарасында Қордай ауданынан 308 бас ірі қара малды заңсыз шығарған азамат ұсталған.
Осындай оқиғалар басқа жерлерде де кездеседі, — дейді Гүлдара Нұрымова депутаттық сауалында.

Ал Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, елімізде ет тапшылығы болмайды.

— Қазіргі таңда ешқандай тапшылық жоқ. Бір кездері баға индексі өскенін байқадық. Себебі, көрші елдерден, Өзбекстаннан, Ресейден сиыр етіне сұраныс жоғары болды. Ал қазір мұндай сұраныс жоқ. Оның үстіне бізде экспортқа шығару үшін квота болған. Бұл квота 100 пайыз игерілді. Қазір біз өз нарығымызды қамтамасыз ету үшін Өзбекстанға сиыр етін шығармаймыз, — деп қайырды министр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсаринов етке қатысты жағдай – маусымдық мәселе екенін атап өтті.

— Ірі қара етінің негізгі саудасы қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында болады. Қаңтар–ақпан айларында тапшылық туындайды. Бұл – қалыпты құбылыс. Бағаның өсуі де соған байланысты болар. Болжам бойынша, сәуір айында жағдай тұрақталады, — дейді бөлім басшысы.

Айта кетейік, былтыр облыста барлығы 113 мың тоннаға жуық ет өндірілген еді. Осы жылдың қаңтар айында 6 мың тонна ет сауда желілеріне жеткізілді. Ендігі ретте қарапайым тұтынушылар сиыр еті бағасының арзандауын күтетіні анық. Әйтпегенде, экзотикалық жемістер бағасымен тең келетін өз өңірімізде өндірілетін өнімді алудың өзі қиынға соғатын жайы бар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.