павлодарлық оқушылар Елорда төрінде
Жақында павлодарлық 100 оқу озаты мен түрлі жарыстардың жеңімпаздары Астана қаласындағы Назарбаев университетінің жанынан ашылған «Айналайын» балалар лагеріне тегін жолдама алып, демалысқа аттанған болатын. Оларды педагог мамандарымыз бен медицина қызметкерлерінен құралған арнайы топ шығарып салды. Көп кешікпей тағы да павлодарлық 100 оқушы демалуға бармақ. Бұл — білімге құштар жасөспірімдерге деген үлкен қолдау.
Елорда төрінде көңілді де қызықты демалуға мүмкіндік алған балаларға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры демеушілік жасаған. Аталмыш қордың «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында он күндік демалысқа кеткен жасөспірімдер бас қаланың көрікті жерлерін аралап, өнер және мәдениет мекемелеріне саяхат жасайды деп жоспарлануда.
— Астанадағы «Айналайын» лагерінде балаларға барлық жағдай жасалатын болады. Бірінші лекпен барғандардың қатарында Екібастұз қаласы мен Ертіс, Май, Шарбақты, Успен және Аққулы ауданындағы мектептердің 6, 7, 8-сыныпта оқитын оқу үздіктері және байқау жеңімпаздары бар. Бұл балалар 10 шілде күні облысымызға қайтатын болады. Бұдан кейін екінші лекте өңіріміздің өзге аудандары мен қалаларының оқушылары демалысқа аттанады. Жеткіншектердің қауіпсіздігі мен ойдағыдай демалып қайтуын қамтамасыз ету үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, облыстық білім беру басқармасы және «Айналайын» лагері арасында үшжақты келісімшарт жасалып, меморандумға қол қойылды, — дейді облыстық білім беру
басқармасының тәрбие жұмысы мен қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бекбатыр Айтмахан.
Айта кетерлігі, павлодарлық балаларға құшағын айқара ашқан «Айналайын» лагері 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мекеме 800 балаға арналған. Мұнда оқушылардың демалысын қызықты өткізуі үшін жан-жақты жағдай жасалған. Спортқа құмар балалар үшін бассейн, жабық футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар.
Демалыс орны ғимаратының әр қабатында теледидар қойылған, асхана жұмыс істейді. Әр бөлмеде жеке жуынатын орын, дәретхана, тегін Wi-Fi, шахмат үстелі бар. Ал бірінші қабатта медициналық пункт, фитнес залы, үстел теннисі орналасқан. Демалушылар сондай-ақ түрлі іс-шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, денсаулықтарын сауықтырумен қатар, өнер жұлдыздарымен де жүздесуге мүмкіндік алады. Демек, бұл лагерьге барған да, бармаған да арманда…
Елизавета Ерсалинова:
— Мен Астана қаласына демалысқа келгеніме өте қуаныштымын. Бұған дейін көрмеген ғажайып жерлерге бардық. Мәселен, мұндағы шар тәрізді пішінде салынған ЭКСПО ғимаратына жасаған саяхаттан үлкен әсер алдым. Ол биіктігі 100 метр болатын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат екен. Осындағы түрлі орындарды тамашалап, тарихи аңыздарды естіп, білдік. Сонымен қатар, таңқаларлық әрі қорқынышты шыны көпір де маған қатты ұнады. Жалпы, әр күніміз қызыққа толы.
Сәбина Бейсенбекова:
— «Айналайын» лагерінде есте қаларлық ерекше сәттер көп болды. Осы жаққа келіп, жаңа достар таптым. Бұдан былай олармен хабарласып, араласып тұрамын.
Бір қызығы, бұрын телеарнадан ғана көріп армандап жүретін Астанаға келу, оның көрікті жерлерін көзбен көру керемет сезім екен. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бізге осындай қуанышты күндерді сыйлаған азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.
Айтолқын Итаева:
— Астанаға алғаш рет келдім. Көркіне көз тоймайды. Бас қаланың күннен-күнге дамып, өсіп-өркендеп келе жатқанын байқадық. Лагерь де қатты ұнады. Есте қаларлық ерекше сәттер көп. Жақсы демалып, бір жасап қалдық. Оқу озаттары мен байқау жеңімпаздарының еңбегін бағалап, қолдау көрсеткен жандарға ризашылығымды білдіремін.
Еркеназ Еркебұланқызы:
— Мен мұнда Павлодар ауданынан келдім. Лагерьде барлық жағдай жасалғаны қуантты. Демалуға келген бала да көп екен. Соған қарамастан тәрбиеші апайлар әрқайсымыздың көңілімізді таба білді. Ең бастысы, өз отбасымнан жырақта жүрсем де осы жақтан мейірімділікті, сүйіспеншілікті сезіндім. Сондай-ақ, бас қаланың көптеген керемет жерлерін көріп, көркіне таң қалдым. Лагерь өте қатты ұнады.
Сәбина Нұрболатқызы:
— Мектепте оқып жүрген уақытта осы лагерь туралы көп естіп, қатты қызыққан едім. Армандардың орындалатынына көзім жетті. Бүгінде қиялымдағы «Айналайын» демалыс орнында асыр салып жүрмін. Бәрі тамаша! Көңіліміз көтеріңкі. Күн сайын қызықты саяхаттар, әдемі би кештері болады. Балалар үшін бұдан асқан қызық жоқ деп ойлаймын.