Достық үйінде облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында Ассамблеяның өңірлік құрамы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасарларының кандидатуралары бекітілді.
«Буковина» румын-молдова мәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аурика Дяк Рамиль Смаиловтың аймақтық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары ретіндегі өкілеттігін ұзартуды ұсынды. Екінші қоғамдық орынбасары лауазымына «Мерказ» еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Татьяна Сливинская сайланды.
Асайын Байханов Павлодар Ассамблеясы әрқашан жаңа жобалар мен бастамаларды қалыптастыратын алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі екенін атап өтті. Аймақта сәтті жүзеге асып жатқан ҚХА бастамалары мен жобаларының арқасында мәдени әртүрлілік, өзара құрмет пен патриотизм құндылықтары қалыптасып жатқанына да назар аударды.
— Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы — бірлік пен келісім саясатының маңызды межесі. Бүгінде бұл маңызды қоғамдық институт — ұлт бірлігі мен волонтер идеяларының жолсерігі, әлеуметтік және азаматтық бастамалардың қайнар көзі, — деді аймақ басшысы.
Шара соңында облыс әкімі еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтуға, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлестері үшін өңірдің 26 этномәдени бірлестігінің басшыларына «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» медалін табыс етті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сурет газет мұрағатынан алынды.