Тазалық – ортақ міндет!

Сәу 17, 2025

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясына шарбақтылықтар да белсенді қатысуда. Екі апта бұрын басталған тазалық науқаны осы айдың соңына дейін жалғасады деп күтілуде.

Аталмыш акцияға ауданға қарасты мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, бюджеттік сала өкілдері мен тұрғындар жаппай қатысып, айналаны абаттандыруға өз үлестерін қосуда. Әрқайсысы қолына күрек, тырма, сыпырғыш, басқа да еңбек құралдарын ұстап, мекемелердің аумағын және көшелерді күл-қоқыстан тазартуда. Сондай-ақ, осы шара аясында республикалық маңызы бар тас жолдың бойында, тұрғын үйлердің маңында және демалыс аймағына 400 терек, 200 шырша ағашы отырғызылды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ұйымдастырылып жатқан экологиялық акцияға өңірдегі мемлекеттік органдардың қызмет-керлері, кәсіпкерлер, депутаттар бір кісідей атсалысуда. Біз бір ай бойы ауданды абаттандыру жұмыстарымен жүйелі түрде айналысатын боламыз. Бұл бағыттағы іс-шаралар мұнымен ғана шектеліп қалмайды, ары қарай да жыл бойы көп жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлығымыз біріксек қана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген сенімдемін. Сондықтан ауданымыздың таза әрі көрікті болуы үшін әр тұрғын өз үлесін қосса екен деймін. Барлық жерлесімді акцияға белсенді қатысуға шақырамын. Ал айтулы шараға аянбай үлес қосып жүргендерге ризашылығымды білдіремін, — деп атап өтті Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде «Таза аула», «Таза ауыл», «Таза көше» байқауларын ұйымдастыру жоспарлануда. Сол арқылы тұрғындарды өз ауласы мен ауылын күтіп ұстауға, тазалықты сақтауға шақыру көзделмек.

Атап өтерлігі, экологиялық акцияға «Ертіс орманы» табиғи резерватының мамандары да жаппай қатысып, 2 мың дана жеміс-жидек бұтасын отырғызуда. Игі шара Белгібай орманшылығынан басталып, Шалдай орман өрт сөндіру станциясында жалғасын тапты. Мұнда қараөрік (черемуха), басқа да ағаш көшеттері егілді. Резерват қызметкерлері бұл — көгалдандыру ғана емес, болашаққа салынған инвестиция екенін айтады. Себебі, жеміс-жидек ағаштары экожүйені қалпына келтіріп, табиғи өніммен қамтамасыз етумен қатар, адам мен табиғатты жақындастыратын көрінеді.

Сонымен қатар, мекеме аумағында ауланы абаттандыру, тазарту және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл іс-шара арқылы табиғатқа деген жауапкершілікті арттырып, таза әрі жайлы орта қалыптастыруды мақсат еттік, дейді мамандар.

Н.ШОДЫР, Шарбақты ауданы.