12 сәуір күні қазақтың біртуар тұлғасы, алғашқы академик, геолог Қаныш Сәтбаев дүниеге келген. Бұл күні зиялы қауым өкілдері облыс орталығындағы ғалым ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті.
Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы, көрнекті ғалым және қоғам қайраткері, жерлесіміз Қаныш Сәтбаевты еске алуға арналған шараға облыс әкімі Асайын Байханов, жергілікті ғалымдар, мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы Асайын Байханов ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінде ғылымның дамуына орасан зор үлес қосқан ұлы ғалым-геологтың бірегейлігін атап өтті.
— Қаныш Сәтбаев — қазақ даласының ұлы перзенті. Қазақстан ғылымы мен өнеркәсібіндегі теңдессіз жетістіктер оның есімімен тікелей байланысты. Туған халқын өзінен биік санаған тау тұлғаның есімі мен абыройы, жасаған еңбегі жылдар өтсе де маңызын жоғалтпайды, — деді А.Байханов.
Айта кетейік, Қаныш Имантайұлы — Баянауыл ауданының тумасы. Ғалым дүниеге келген 12 сәуір елімізде ғылым қызметкерлері күні болып бекітілді. Геолог ғалым баға жетпес ғылыми жаңалықтар ашты. Тікелей басшылығымен ірі мыс, темір және марганец кен орындары ашылып, зерттелді. Сонымен қатар, Қазақстандағы металлогения мектебінің негізін қалады. Бір өзі мыңға жуық ғылыми еңбек жазды. Қаныш Сәтбаев — қазақ тіліндегі алгебра оқулығының алғашқы құрастырушысы. Оның «Ертіс-Қарағанды» су арнасын салудағы табандылығы еліміздің құрғақ өңірлерінің экономикасын көтеруге мүмкіндік берді. Бұл ретте Қаныш Имантайұлы Баянауылда дүниеге келген 28 академиктің алғашқысы екенін де атап өткен
жөн.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.