Қазіргі уақытта дүкен сөрелерінде Өзбекстан мен Қытайдың көкөніс түрлері самсап тұр. Себебі, жергілікті шаруалар тұтынушыларды көкөніспен, жеміспен толықтай қамтамасыз етуге қауқарсыз. Сондықтан көрші елдерден әкелінген өнімдер ел нарығынан ойып тұрып орын алды. Ал өзіміздің нарықта отандық экологиялық таза өнімді көбейту үшін жылыжай бизнесін дамыту керек-ақ. Жыл сайын Павлодар облысында жаңа жылыжайлар кешені бой көтергенімен, жергілікті өнімнің бағасы «бой бермей келеді». Бұған не себеп?

Жыл бойы өсіреді

Жылыжай кәсібінің маусымаралық кезеңде баға тұрақтылығын бір деңгейде ұстауға, қыс мезгілінде тұрғындарды жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге септігі мол. Ғалымдардың пайымынша, ауа райының өзгеруіне байланысты соңғы онжылдықта жылыжай өндірісі айтарлықтай басымдыққа ие болмақ. Сол себепті, облыста жаңаша бағытпен заманауи технологияны пайдаланып, жылыжай кешендерінің санын көбейту қажет.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Павлодар облысында жалпы ауданы 15,6 гектарды құрайтын 9 жылыжай кешені бар. Оның ішінде 11,6 гектар аумақта 5 өнеркәсіптік жылыжай нысаны және 3,96 гектар жерде жеңілдетілген үлгідегі шаруа қожалықтары орналасқан. Мәселен, облыс орталығындағы жылыжай комбинатының аумағы 3 гектардан астам жерді алады. Бұл — аймақтағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан жоба. Құрылысқа 2 миллиард теңгеден астам қаржы салынды. Мұнда қызанақтар голланд технологиясы бойынша өсіріледі. Химиялық қоспасыз таза өнім алу үшін жылыжай ішінде ерекше табиғи-климаттық жағдай қалыптасқан. Жылыжайдың ішінде ауа ылғалдылығы мен температуралық режим бірқалыпты сақталады. Көптеген радиаторлар және желдеткіштер жылыжайдың ауасын реттейді. Сондай-ақ, тиісті уақытта басқару пульты арқылы көшеттер арнайы дәрумендері бар сумен суарылады. Жоғарыдан бүркілеген су ауаны тазартып қызанақтарға оңтайлы жағдай жасайды. Жылыжайда соңғы технологияларға сәйкес заманауи құрал-жабдықтар қолданылады. Барлық технологиялық процесс автоматтандырылған және әлемдік стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жыл сайын 1600 тонна көкөністі құрайды. Мұнда жыл бойы өнімді өсіру циклы бар.

Ал Ақсу қаласындағы жылыжай кешені қазіргі уақытта көкөніс өсірудің жаңа технологияларын енгізуде. Кәсіпорын басшысы Дәулет Сағандықтың айтуынша, бүгінде жылыжайдың көлемі 1,7 гектарға жеткен. Кешен голландиялық технология бойынша салынған. Бұл ғимараттың ішінде де климатты бақылау жүйесі, жасанды жарықтандыру және тамшылатып суару жүйесі бар.

Естеріңізге сала кетсек, жыл басында «Павлодар» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Тимур Жантеміров Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожиновпен бірлесіп Павлодар жылыжай комбинатының өнімдерін «Jailau» фермерлік нарығына ең төменгі сауда үстемесімен жеткізу туралы келісімге қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен жергілікті басқарушы органдардың өзара ынтымақтастық бағытында бірлесе жұмыс жүргізуі бағаның тұрақтылығына алып келеді деп үміттенеміз.

Кәсібінен нәсібін тапқандар

Жылыжай шаруашылығын дамытуға аймақтағы ауыл тұрғындары да үлестерін қосып келеді. Мысалы, облыс орталығының іргесінде орналасқан Павлодар ауылының тұрғыны Толқын Әшірбекованың жеке жылыжайы бар. Жыл сайын ерте көктем, күз мезгілдерінде өнім жинайтын кәсіпкер жылыжайға да жақсы жай керек екенін алға тартады.

– Қызанақ пен қиярды ауыл шаруа-шылығы саласындағы тың әдістің бірі – тамшылату арқылы суарамыз. Жиым-терім жаман емес. Әсіресе, жаз айындағы өнім мол. Тұтынушыларымыз риза. Піскен қияр, қызанақты кент орталығындағы дүкен мен базарларға әкеп өткіземіз. «Еңбек түбі – береке» деген емес пе? Бір кәсіппен шектелгіміз келмейді. Жылыжайдың негізгі өнімінен бөлек, гүл отырғызу да ойда бар. Тұтынушыға тауардың делдалсыз жеткені кімге болса да тиімді. Алда қаржы көздерін қарастырып, жылыжай клеенкасын поликарбонатқа ауыстырсам ба деймін. Ол кезде қыста да өнім жинауға болады, – деді кәсіпкер.

Жалпы, Павлодар ауылы — өзінің табиғи таза өнімдерімен облысқа танымал бола бастаған елді мекендердің бірі. Бүгінгі таңда мұнда қиярдың 15 түрі өсірілетін жылыжайды да кездестіруге болады. 1700 үйден сәл асатын ауылда 300-ге жуық шағын жеке жылыжайдың бары қуантады.

Жергілікті жылыжайда егілген өнімге бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан сұраныс көп. Сол себепті өңірде өскен өнімдердің бағасы жоғары. Оны қала тұрғыны, еңбек ардагері Жоламан Айтқалы да растап отыр. Ақсақалдың сөзінше, қарапайым жылыжай кешендері әр елді мекенде болуы керек. Олардың көптігі бәсекелестікке жол ашады. Сонда ғана халықтың өздерінде өскен экологиялық таза әрі сапалы өнімді қолжетімді бағамен сатып алуына мүмкіндік туар еді.

– Сырттан әкелінген көкөністің дәрумені жойылып, жол соқты болып келеді. Дәмі де сезілмейді. Қанша дегенмен іргеңде піскен өнімнің жөні бөлек. Қазір өзімізден де аталған кәсіп түріне қызығушылық танытушылар табылуда. Дегенмен, тиісті орындар тарапынан әлі де жұмыс істелуі керек. Саусақпен санарлық жылыжай өнімі тұрғындарды көкөніспен қамтуға аздық етеді. Сол себепті бізде көкөніс өндірудің үлкен әлеуеті бола тұра, импорттық өнімдерге тәуелдіміз. Бұл салада инвестицияның аздығы сезіледі, – деді еңбек ардагері.

Отандық маркетингтік зерттеулер жылыжай өндірісі өзін-өзі ақтау үшін игерілетін алқап көлемі 2 гектардан астам болуы тиіс деген тұжырымға келген. Не десек те, азық-түлік қауіп-сіздігін қамтамасыз етуде жылыжайлардың орны маңызды. Өйткені, шетелдік өнімдер бағаның қымбаттауына әкеліп соқтырса, отандық көкөністер қолжетімді бағада базар сөрелерінен табылар еді.

А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.