Жуырда облысымыздың барлық қала және аудандарында «Жасыл ел» ұйымының 19-шы маусымы ашылды. Биыл көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына екі мыңнан астам оқушы мен студент қатысады.

 

«Жасыл ел» еңбек жасағы қатысушыларының негізгі бөлігі шілде айының бірінен жұмысқа кірісті. Бұл жоба жастарға қала-мызды көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қатыса отырып, қаражат табуға мүмкіндік береді. «Жасыл ел» облыстық штабының командирі Русана Сәмекова бұл жоба туған жерімізді көгалдандырумен қатар, жұмыссыздық мәсе-лесін шешуге де өз септігін тигізеді дейді.

— Облыс бойынша 10 аудан мен 3 қалада штаб құрылды. Штабтар жыл сайын жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бұл — балалардың еңбекқорлығының нәтижесінде деп санаймын. Біздің негізгі бағытымыз – экология мен абаттандыру жұмыстары және құрылыс жасақтары. Қазіргі уақытта барлығы өз жұмыстарын бастап кетті, — дейді Р.Сәмекова. «Жасыл ел» қатарына 16-35 жас аралығындағы жастар қатысады. Жалақы мөлшері бағытына қарай әртүрлі. Мәселен, экология жасағының сарбаздары 70 мың теңге алатын болса, ал құрылыс бағытында жұмыс істейтін сарбаздардың айлығы 100 мың теңгеден жоғары. «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы Темірлан Мұхтаров бұл жерде жұмыс істей жүріп, қоршаған ортаны тазалықта ұстай аламыз дейді.

— Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқимын. Жазғы демалысымды пайдалы өткізу үшін туған қалама келіп, осы іспен айналысуды жөн санадым. Жұмыс айтарлықтай ауыр емес. Барлығымыз бір үйдің балаларындай берілген тапсырманы бірлесіп орындаймыз. Айлық уақытында төленеді. Әрі зейнетақы жарнасы жүреді. Осындай кішкентай жұмыстар болса да, айналамызға және табиғатымызға үлкен іс, — дейді Темірлан. «Жасыл Ел» бағдарламасын іске асыруға аймақ бойынша 2000-нан астам, 2 негізгі блоктан қатысады. Мәселен, экология және абаттандыру-сарбаздар жасыл желектерді күтуге, көгалдар мен гүлзарлар орнатуға, сондай-ақ облыстың қалалары мен аудандарындағы елді мекендерді абаттандыруға тартылатын болады. Ал екінші құрылыс блогында «Студенттік құрылыс жасақтары» — әртүрлі әлеуметтік нысандарда жұмыс істейді. «Жасыл ел» құрылыс және еңбек жасағының студенттері бүгінде өз жұмыстарын жалғастыруда. Қыздар әктеу, көгалдандыру, аудиториялардың ішін жинаумен айналысса, ұлдарға сыртқы құрылыс жұмыстары жүктелген. «Viamedis Pavlodar» құрылыс жасағы Павлодар қаласының 4 қалалық емханасында өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құрылыс жасағында 18 жасқа толған 6 бозбала мердігерлермен бірігіп, емхананы жаңартып жатыр. Осылайша, «Жасыл ел» бағдар-ламасы жастарды жұмыспен қамтамасыз ете отырып, оларды өз елінің патриоты болуға тәрбиелейді. Жастар бұл жоба арқылы өңірімізді көркейтіп, құнды тәжірибе жинайды.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.