Ерліктері ұмытылмайды!

Мау 26, 2025

Жыл сайын полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде салтанатты шара, концерттер ұйымдастырылып, түрлі марапат ұсы-нылып жатады. Алайда бұл күн жүректі де сыздатады. Себебі, жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша ардагерлер мен полиция қызметкерлері қаза тапқан әріптестерінің ерлігі мен батырлығына тағзым етіп, еске алады.

Биылғы шара бір минут үнсіздікпен басталып, мемориалға гүл шоқтарын қоюмен жалғасты. Салтанатты рәсімге облыс әкімінің бірінші орынбасары
Серік Батырғожинов, департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері және қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары қатысты.

Олардың қатарында Қанат Сармантаевтың әкесі де болды. Ол бүгінде ұлының отбасы ұмыт қалмай, әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті. Сол үшін де департамент басшылығына алғысын білдірді.

— Қайғылы оқиға осыдан 29 жыл бұрын, қылмыскерлерді ұстау кезінде болды. 1996 жылғы 3 маусым күні ұлым Қанат пен аға жедел уәкіл Мейрам Дәулетов қызметтік тапсырманы орындау үшін автокөлікпен шыққан болатын. Дзержинский мен Максим Горький көшелерінің қиылысында, «Кристалл» дүкенінің жанында олар іздеуде жүрген қылмыскерге ұқсас адамды байқап, оны ұстауға әрекеттенді. Алайда әлгі адам кенет тапаншасын шығарып, ұлым мен оның әріптесіне тура оқ атты. Алған жарақаттардан Мейрам Дәулетов пен Қанат оқиға орнында қаза тапты, – деп еске алады марқұмның әкесі.

Жиналғандар қаза тапқан әріптестерін үнсіздікпен еске алды. Құрмет қарауылы дүркін залп орындады. Жеке құрам салтанатты саппен жүріп өтті.

— Біздің әріптестеріміз өз өмірлерін бейбіт тұрғындардың тыныштығы үшін құрбан етіп, қызметтік борышын атқару барысында қаза тапты. Олар — Ахметқали Тезекбаев, Мейрам Дәулетов, Қанат Сармантаев, Асылбек Бижанов, Ерлан Нұржанов, Ербол Сембаев, Фарид Қақабаев және Арли Харки. Біз олардың ерлігімен, батырлығымен мақтанамыз. Олар артқа шегінбей, қылмыскерлерге қарсы қасқая тұра білді. Біз күн сайын қызметке шыққанда оларды есте сақтап, бұл қаралы тізімнің толығуына жол бермеуіміз керек. Сол үшін қызмет етуге тиіспіз, — деп атап өтті облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев.

Иә, қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан полиция өкілдері соңғы демге дейін Антқа адал болып, Отан мен халыққа шын ниетпен қызмет етті. Олардың есімдері мен ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Өз тілшіміз.

Суреттер полиция департаментінен алынды.