Қала көшелерінің бойымен келе жатқанда немесе Орталық жағалауда серуендегенде электросамокатты тізгіндеген адамдарды байқайтын боларсыз. Өкінішке қарай, шаһарда соңғы уақытта осы екі дөңгелекті көлікпен орын алған оқыс оқиғалар саны жиілеп кетті. Сондықтан тәртіп сақшылары электросамокаттарға шектеу енгізуді ұсынып отыр. Әзірге бұл талаптар қаланың жағалау бөлігінің орта және жоғарғы бөліктеріне қатысты.
Естеріңізде болса, Павлодар қаласының Мәшһүр Жүсіп көшесінде ересек әйел электросамокатпен бес жасар қызды қағып кеткен болатын. Оқиғадан бала жарақат алып, тәртіп бұзушыға 10 айлық есептік көрсеткіштегі немесе 39 320 теңге айыппұл салынды. Алайда бұл Павлодар қаласындағы электросамокатпен орын алған алғашқы оқиға емес. Облыстық полиция департаментінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, өткен жылы электросамокаттардың қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы орын алған. Барлық оқиғада зардап шеккендер дене жарақатын алған.
Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаев электросамокаттарды шектеу туралы заңның әлі қабылданбағанын, тек Үкіметке ұсыныс ретінде жолданғанын алға тартты. Бірақ осындай тәртіпбұзушылықтардың саны артатын болса, Орталық жағалау екі аяқты көлікке оқшауланған аймақ болары анық.
— Қазіргі уақытта Орталық жағалау – адам көп шоғырланатын жер. Онда ата-аналар балаларымен серуендейді. Егер бала кенеттен ата-анасынан ажырап, жол жиегіне түсіп кетсе, электросамокатпен келе жатқан адамға соқтығысуы мүмкін. Мұның соңы тіпті өлімге дейін жетуі мүмкін. Ал жағалаудан тыс жерлердегі жағдайды бақылау оңай емес. Патрульдер жұмыс істейді, тәртіп бұзушыларды ескертеді, камераларды тіркейді. Бірақ бұл жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан бұл мәселенің шешімін тауып алдын алу үшін Орталық жағалауда электр самокаттар үшін қызыл аймақты белгілеуді ұсынып отырмыз. Бұл мәселені жуырда ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары көтерді. Қазіргі уақытта заңнаманы өзгерту қаралуда. Біз бұл мәселеге қатысты өз бетімізше шешім қабылдай алмаймыз. Тек аталмыш заң өз күшіне енгізілгенде әрекет ететін боламыз, — деп атап өтті А.Күркебаев.
Бүгінде Павлодар қаласының көшелерінде жол қауіпсіздігін бақылайтын 17 камера орнатылған. Олар электр-скутерлермен жолаушылар тасымалын, каскасыз, және басқа да құқықбұзушылықтарды тіркеуге көмектеседі.
— Кей жүргізушілер электросамокат, скутер, мопед секілді көліктерді каскасыз жүргізеді. Соның себебінен тәртіп сақшалары тәулігіне 300-ден астам жол ережесін бұзушылықты анықтайды, — деп толықтырды ол.
Осы жылдың 5 айдағы статистикасына сүйенсек, облыста жол-көлік оқиғасы 14,6 пайызға өскен. Оның ішінде қаза тапқандар 25 пайызға, жарақат алған адамдардың саны 11,6 пайызға, ал кәмелетке толмағандар қатысқан жол апаттары 3,9 пайызға артқан.
— Павлодар-Семей және Қалқаман-Керней бағыттарында көлік қозғалысы артқандықтан, қосымша полиция нарядтары мен үш аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды. Қазіргі таңда көлікті себепсіз тоқтатуға болмайды. Сондықтан жол ережесін бұзуды автоматты түрде анықтайтын жүйелер қолданылуда. Жиі кездесетін заңбұзушылықтар қатарына қарсы бағытқа шығу, ұйқылы күйде рөлге отыру, оң рульді көліктермен жолаушы тасымалдау жатады. Атап айтқанда, Павлодар – Қызылорда жолында, Шідерті ауылы маңында жүргізушілердің ұйқылы күйде апатқа түспеуі үшін жолды тарылту тәжірибелік жобасы іске қосылған. Бұл тәсіл елімізде алғаш рет қолданылып отыр.
Айдана БОРАНБАЕВА.