«Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» мектеп бітірушілердің он бір жыл бойы оқыған білімдерін қорытындылайтын әрі жоғары оқу орнына түсуге жол ашатын ҰБТ науқаны да өз мәресіне жетті. Түлектер қандай нәтиже көрсетті? Ұстаздар үміті ақталды ма?

Облыстағы орташа балл — 73!

Биыл облыс бойынша 4950 талапкер негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында былтыр мектеп бітірген жастар да бар екенін айта кеткен жөн. Павлодар қаласындағы ҰБТ орталығы филиалының жетекшісі Сәния Ниязованың айтуынша, облыс талапкерлерінің 48,08 пайызы мемлекеттік тілде, 51,82 пайызы орыс тілінде, ал
0,1 пайызы ағылшын тілінде тест тапсырған.

— Тестілеу қорытындысы бойынша 4123 түлек шекті балл жинады. Бұл көрсеткіш қатысушылардың жалпы санының 83 пайызын құрайды. Облыс бойынша ҰБТ-дағы орташа көрсеткіш — 73 балл. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы түлектердің тестілеудегі нәтижесі 3 ұпайға жоғары. Ал ең жоғары балл 134 болды. ҰБТ өткізу кезінде смартфон, шпаргалка, басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болған 4 талапкер тестілеуден шеттетілді. Сонымен қатар, тестілеу ережесін бұзған 19 талапкердің нәтижесі жарамсыз деп танылды. ҰБТ-ға бөгде адамның кіруі туралы дерек анықталған жоқ, — дейді Сәния Ниязова. Айта кетерлігі, осы жылы республика бойынша 162 мың талапкер тестілеуден өтіп, олардың 135 мыңға жуығы, яғни 83 пайызы шекті балл жинаған. Сондай-ақ, биыл апелляцияға 50 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 805-і ғана қанағаттандырылған. Бүгінгі күні мемлекеттік комиссия өз жұмысын аяқтады. Өкінішке қарай, еліміз бойынша арам қулығын асырғысы келген 402 талапкер тыйым салынған заттарды тығып өткізбек болғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ереже бұзған 312 жастың нәтижелері жойылды.

Өтініш қабылдау басталды

Бүгін, яғни 13 шілде күні грант конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау шарасы басталды. Бұл науқан 20 шілде күні аяқталады деп жоспарлануда. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, тестілеуден шектік балл алған талапкерлер өтініштерін EGov арқылы онлайн форматта немесе жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта тапсыра алады. Сондай-ақ, ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиясы да жұмыс істейтін болады. Құжаттарды қабылдау жұмысы кез келген университет пен институт (орналасқан жері бойынша) арқылы жүзеге асырылады.

— Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына 7 388 грант тиесілі. «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. Сонымен қатар, биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін де арнайы гранттар қарастырылды, – деді Қуаныш Ерғалиев. Министрліктің хабарлауынша, отандық жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом), №075/у нысанындағы медициналық анықтама, ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігін тапсыру керек. Сондай-ақ, жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін оны растайтын құжаттары ұсынылуы тиіс. Ал білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады деп жоспарлануда.

Кімдер гранттан қағылады?

ҰБТ нәтижесі жойылған және тестілеуден шеттетілген талапкерлер осы жылдың тамыз айында болатын кешенді тестілеуге қатыса алады. Алайда олар мемлекеттік білім грантынан қағылады. Яғни, тәртіп бұзған түлектерге жоғары оқу орындарында тегін оқу мүмкіндігі мүлдем берілмейді.

— Биылғы өзгеріс бойынша талапкер ҰБТ-ның бірінші мүмкіндігінде ереже бұзса, екінші мүмкіндігін пайдалана алады. Былтыр бұл тұрғыда тәртіп қатаң болатын. Ереже бұзды ма, автоматты түрде екінші мүмкіндіктен айырылған. Ал бір ғана мүмкіндікке тіркеліп, тест нәтижесі жойылған балалар тамыз айындағы ақылы ҰБТ-ға қатыса алады. Бұл оларға шекті балл жинай алған жағдайда жоғары оқу орнында ақылы негізде білім алуға мүмкіндік береді. Негізгі ҰБТ кезінде нәтижесі жойылған талапкерлер қаңтар мен наурыз ҰБТ-сында тест тапсырған болса, сол сертификатты көрсетіп, ақылы негізде оқи алады, — дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев. Демек, ойнап жүріп от басып, қапелімде тестілеуден шығарылған түлектер үміт үзбегені жөн. Себебі, олардың жоғары оқу орындарында ақылы түрде болса да білім алуға мүмкіндігі бар.

Талапкерлерге кеңес!

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, жастар жоғары оқу орнын таңдаған кезде оның жатақханасына орналасуға мүмкіндік бар ма, жоқ па, сол жағына да назар аударғаны жөн. Себебі, жаңа оқу жылы бастала салысымен тұратын жер таппай әуре-сарсаңға түсетін студенттер көп. Осы мәселенің алдын алу үшін ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев биылғы талапкерлерге өңірлік университеттерге түсуге кеңес беруде.

— Жалпы, биылғы өзгерістердің басым бөлігі өңірлік ЖОО-ларды қолдау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Еліміз бойынша студенттердің 1/3 бөлігі Алматыда оқиды, себебі 35 жоғары оқу орны осы қалада. Бұл өз кезегінде жатақхана жетіспеушілігіне алып келуде. Сондықтан біз биылғы талапкерлерге өңірлік университеттерге түсуге кеңес береміз. Сапа жағынан да еш кем түспейді, жатақхана мәселесі де жоқ, — деді ол. Сонымен қатар, вице-министр өңірлерде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатқанын да атап өтті.

— Мәселен, Аризона университетінің филиалы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында,
ал Heriot-Watt университетінің филиалы Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы универ-ситетінің базасында ашылып жатыр, — деді Қуаныш Ерғалиев.

Не өзгеруі мүмкін?

Биылғы талапкерлердің қулығынан сабақ алған тестілеу орталығының өкілдері келесі жылы ҰБТ ережесіне тағы бір өзгеріс енгізілетінін алға тартты. Яғни, 2024 жылдан бастап ҰБТ тапсырушыларға қаламсап аудиторияға кіргеннен кейін ғана берілетін болады.

— ҰБТ-ға қатысушылардың арасында қаламсап арқылы да түрлі қитұрқылықтарға барғандар кездесті. Тіпті, арнайы қаламсаптар да болды. Осыған байланысты біз шешім қабылдамақпыз. Келесі жылы ҰБТ өткізген кезде қаламсапты аудиторияда беретін боламыз. Биыл әр оқушыға өз қаламын әкелуге рұқсат бергенбіз. Бірақ оны шпаргалка жасыруға пайдаланған жайттарды көрдік. Осы фактілерді ескеріп, осындай шара қабылдап отырмыз, — деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

* * *

Сонымен, бір жарым ай бойы талапкерлерді де, ұстаздар мен ата-аналарды да алаңдатқан тестілеу шарасы аяқталды. Ең бастысы, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткішер көш ілгері. Мамандар екі жыл бұрын елді есеңгіреткен пандемия кезінде едәуір төмендеп кеткен отандық білім беру саласы енді қайтадан қалыпқа түсіп келе жатқанын айтуда. Бұл — қуантарлық жағдай.

 

Нұржайна ШОДЫР.