Жұмысшы мамандықтар жылы аясында астаналық «Астана Опера» опера труппасының солистері, оркестр және миманс әртістері Павлодар қаласына гастрольдік сапармен барып, өнер көрсетті. Естай атындағы мәдениет сарайының сахнасында өнер ұжымы Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» опера спектаклін ұсынды. Аталмыш опера павлодарлық көрермен үшін жаңалық болғанын атап өткен жөн. Себебі, бұл туынды бүгінге дейін Қазақстан бойынша тек елордада көрсетілген.
Елордалық труппа үшін бұл павлодарлық сахнадағы алғашқы өнер көрсету емес. Үш жыл бұрын олар ERG құрамына кіретін павлодарлық кәсіпорындардың қызметкерлері мен олардың отбасылары және қаланың басқа да тұрғындары алдында өз өнерлерін паш еткен болатын. Бұдан бөлек, өзінің сұлу табиғатымен, бай тарихымен және мәдениетімен танымал осынау маңызды өнеркәсіптік орталық жарқын әрі сан алуан бағдарламамен келген театр әртістерін бір емес, бірнеше мәрте жылы қарсы алды.
Бұл жолы астаналық опера театры павлодарлық өнерсүйер қауымның назарына көрнекті композитор Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» операсын ұсынды. Қойылымның премьерасы «Piccolo театры» әйгілі жобасының аясында ашылған болатын. Қазақстанда тек «Астана Опера» сахнасында өтетін бірегей спектакль сүйкімді Анжеликаға деген жауапсыз сезімінің салдарынан есінен адасатын ержүрек рыцарь Орландоның қайғылы махаббаты жайлы баяндалады. Айбынды жауынгер зұлым сиқыршы Альчинаның тұтқынына түседі. Өз қалауын орындау үшін сиқыршы әйел адамдардың өмірімен ойнайды.
Жергілікті көрерменнің алдында театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев бастаған жарқын солистер өнер көрсетті. Спектакль кейіпкерлерінің бейнелерін Сұлтан Бақытжан (Орландо), Салтанат Ахметова (Брадаманте), Салтанат Мұратбекова (Альчина), Әсем Сембина (Анжелика), Артур Ғабдиев (Медоро), Нарұл Тойкенов (Руджеро) және Алтынбек Әбілда (Астольфо) сомдады. «Астана Опера» камералық оркестрін Қазақстанның Халық әртісі Абзал Мұхитдин тізгіндеді.
«Астана Опера» театрының директоры Талғат Мұсабаев әртүрлі деңгейдегі өнер ордалары, барлығы тәжірибе алмасу мақсатында гастрольдік сапарларға жиі шығып тұру керектігін, өйткені ол әртістерді де, көрерменді де рухани тұрғыдан кемелдендіре түсетінін атап өтті.
– Қазіргі таңда ұжымның барлығын гастрольдік сапарға шығару қиын. Ол қымбатқа шығады. Бірақ демеушілеріміздің арқасында еліміздің әр қаласындағы және шетелдік көрерменнің алдында да өнер көрсетеміз. Павлодарлықтар классикалық музыканы жақсы көретінін, түсініп бағалайтынын білеміз. Сондықтан осындай сыйлық жасауды жөн көрдік, —
дейді ол.
ERG PR-серіктесі Гүлбаршын Тұра-баеваның айтуынша, компания театр құрылысына қаржылай көмек көрсетіп қана қоймай, труппаның компания орналасқан қалаларға гастрольдік сапарға шығуына көмек көрсеткен. Бұған дейін өнер ұжымы Ақтөбе, Хромтау және Рудный қалаларында қойылымдарын ұсынды. Павлодар қаласы гастрольдік сапардың соңғы нүктесі болды.
Естай атындағы мәдениет сарайының фойесінде қойылым алдында келушілер назарына «Қауіпсіздік өнері» атты фотокөрме ұсынылды. Суреттерден «Астана Опера» жұлдыздары жұмыс киімімен қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын көрсетеді. Осылайша көрме тақырыбын аша түсті.
Қойылымға Ақсу, Екібастұз және Павлодар қалаларынан Еуразиялық Топ кәсіпорындарының қызметкерлері, сондай-ақ балалар үйлері мен шығармашылық ұйымдардың тәрбиеленушілері шақырылды.
Жас театрсүйер қауым да назардан тыс қалмады. Өнер ұжымы павлодарлық балалар үшін «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» топтамасынан танымдық концерт әзірледі. «Астана Опера» камералық оркестрінің солистері мен концертмейстерлер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Долорес Үмбетәлиева мен Раушан Бескембированың орындауындағы аспаптық және вокалдық нөмірлер балаларға опера дауыстары мен оркестр аспаптарының әлемін ашты. Әр нөмір музыкатанушы Толғанай Артықбаеваның танымдық әңгімесімен толықтырылып отырды.
Айта кетейік, елордалық шығармашылық ұжымның Қазақстан қалалары бойынша гастролі «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өтуде. Сондықтан негізгі аудиторияны ERG құрамына кіретін (Павлодарда бұл Қазақстан алюминийі, Қазақстан электролиз зауыты, ERG Service, Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы, Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Восточный» көмір кеніші, ТрансКом және тағы басқалары) маңызды өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметкерлері құрады.
Айдана БОРАНБАЕВА.