Келесі кездескенше, көрермен!

Шіл 3, 2025

Өнерсүйер қауым үшін тағы бір театр маусымы өз мәресіне жетті. Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры сахнасында бір маусым бойы түрлі жанрдағы қойылымдар көрермен назарына ұсынылып, актерлердің шеберлігі мен режиссерлік тың ізденістер зор бағасын алды.

Шынымен, 36-ншы маусымын жарқын жетістіктермен түйіндеген өнер ұжымының мақтануға тұрарлық жаңалығы жетерлік. Атап айтсақ, аймақта алғаш рет ұйымдастырылған «Ертіс-Баян» фестивалі, театр әртістерінің марапаттары, фестивальдағы үздік аталымдар һәм табысты премьералар – мұның барлығы өнер ордасының шығармашылық қары-мының көрсеткіші. Әсіресе, театр репертуарын көркемдік тұрғыдан ғана емес, мазмұндық жағынан да байытқан 36-ншы маусымның табысты қойылымдары – «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакль-шоуы, «Бір досың керек екен» комедиясы, «Пері қатын» драмалық абсурды талғамы биік көрермен үшін өнердің үлкен жаңалығына айналды.

Мерейтойлық даталар да театр назарынан тыс қалмады. Атап айтсақ, театрдың құрылған уақытынан бері өнер ордасында көп жылдан бері табанды еңбек етіп келе жатқан танымал театр әртісі Рауза Тәжібаеваның мерейлі 70 жасы аталып өтілді. Атаулы мерейтойға орай «Ана-Жер-Ана» атты Ш.Айтматовтың трагедиясы сахналанды. Сондай-ақ, кішкентай көрермен үшін де жыл бойы ертегілер ұсынылды.

Қазақ театрының басшысы Арман Темірбек те бұл маусымның мазмұнды әрі табысты болғанын атап өтті.

— Бұл маусым біз үшін жемісті болды. Жаңа премьералар, гастрольдік сапарлар, фестивальдер мен көрерменнің қошеметі біздің ұжымға зор шабыт сыйлады. Алдағы маусымда да тың дүниелермен қуантамыз деген ойдамыз. Біздің басты миссиямыз – Павлодар өңірін мәдениет орталығына айналдыру, – дейді ол.

Биылғы маусымда театр ұжымы Астана, Қарағанды, Теміртау қалаларына гастрольдік сапармен шығып, көрерменге «Ұждан», «Маугли» және «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакльдерін ұсынды. Бұл қойылымдардың ішіндегі «Джудит жасаған қиын таңдау» екі тілде сахналанып, қазақ және орыс тілді көрермендерді тәнті етті.

Театрдың кезекті маусымы өткен айда премьерасы болған Г.Хугаевтың «Бір досың керек екен» спектаклімен түйінделді. Қоюшы режиссері – Жангелді Садықов. Шығарманы аударған – Мұқанғали Томанов, суретші – Айсұлу Шарипова.

«Джудит жасаған қиын таңдау» — бұл отбасының барлық мүшесіне ерекше көңіл-күй сыйлайтын, көрер-мендерді ұмытылмастай әсерге бөлейтін, ғажайыптар мен ертегі әлеміне апаратын спектакль-шоу. Мұндай жанрдағы ересектер мен кішкентай бүлдіршіндерге арналған қойылымның сахналанғаны – Жүсіпбек Аймауытов театры үшін  алғашқы тәжірибе. Спектакльдің динамикалық  құрылымы арқылы қойылым авторлары көрерменге әке мен баланың арасындағы мәселелерді қозғайды. Бала мен ата-ана арасындағы байланыс көпірінің құлдырауы сияқты  өмірдегі маңыздылығы жоғары және мәні терең құбылыстар жайлы сыр шертеді.

Спектакльде театрдың 7 әртісі өнер көрсетті. Мысалы, Андроны – Дәурен Әділ, оның әйелі Маргоны –
Бахаргүл Құрбанова, Сандроны Руслан Нығман, Бибоны  Жасұлан Әмірхан, Эльманы  Райхан Жұмақанова, Дударды Темірлан Мұқатай, ал Кошерды  Баян Исабекова сомдады.

Талай жылдан бері сахнада бірқатар рөлді сомдап жүрген театр актері Руслан Нығман үшін әр қойылым жаңалыққа толы, әр рөл-тәжірибе. Ол осы маусымда «Джудит жасаған қиын таңдауда» Джудиттің әкесі, «Пері қатын» қойылымында Пері қатынның ұлы Алтын Кекілді, ал «Бір досың керек екен» комедиясында Сандроның рөлін сомдайды.

— Бұл спектакль белгілі театр режиссері, драматург, сценарист Георгий Хугаевтің «Бір досым керек екен» пьесасы желісі бойынша дайындалды. Қойылымда жек көрсе де жауға бермес, өкпелесе де өлімге қимас, жақтырмаса да жарға итермес екі дос әрі көршілер Андро мен Сандро туралы баяндалады. Неге бұл тақырып таңдалды? Себебі, достық тақырыбы қай уақытта болмасын өзектілігін жойған емес. Осы туынды арқылы көрермен достықтың қадірін одан әрі түсінді деген ойдамыз.

Қойылымдағы екі достың тағдырлары ұқсас болғанмен мінездері әртүрлі. Мәселен, шығармада Сандро баяу, момын мінезді болса, спектакльде темпераментті Сандроны сомдадым. Сондықтан осы жағынан аздап қиындықтар болды. Дегенмен бұл біз үшін – мол тәжірибе, — дейді театр әртісі.

Айта кетейік, театр ұжымы келесі маусымның қыркүйек пен қазан айларында бірнеше республикалық және халықаралық фестивальге қатысуды жоспарлап отыр.

Айдана БОРАНБАЕВА.