Өңір әдебиетінің өрісін кеңейтіп, қазақ прозасына өзіндік үн қосқан жазушы, журналист Ахат Жақсыбаевтың есімі жұртшылыққа таныс. Бүгінде қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолын өскелең ұрпаққа таныстыратын маңызды дүниелердің бірі – оның есімімен байланысты музейлердегі заттары. Бұл жәдігерлер жазушының өмір жолынан, шығармашылық болмысынан сыр шертеді.
Мәселен, облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорындағы Ахат Жақсыбаевқа қатысты әр зат жазушының өмірінен сыр шертіп, шығармашылық жолының куәсі іспеттес. Мысалы, музей сөресінде көзімізге бірден түскені – қаламгердің портфелі. Қарапайым, ескілеу қоңыр портфель. Бұл портфель оның талай сапарына, іссапар мен шығармашылық кездесулеріне куә болғаны анық.
Жазушының 1989-1990 жылдар аралығында жазған «Қорған» романының қолжазбасы, қаламы, қызметтік куәліктері мен жеке фотосуреттері де сол сөрелерде тізіліп тұр. Жазушының бір суретінде «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып еңбек етіп жүргендегі жұмыс барысынан, енді бірінде 1971 жылы ақын М.Миршакар мен жазушы С.Мұқановпен бірге түскен суреті бар. Одан бөлек, 1977 жылы ақын Тұманбай Молдағалиевпен және жазушы Ғабиден Мұстафинмен бірге түскен суреті де сақталған. Бұл дүниелер сырт көзге тым қарапайым болып көрінгенімен, әрқайсысы –
тарихи жәдігер.
Музейдің бас қор сақтаушысы Мейрамғали Қайроллаұлының сөзінше, А.Жақсыбаевтың портфелін, папкасын, диктофонын, қолсағатын және пальтосын 2011 жылдың 27 қазанында алматылық ғылыми қызметкерлер арнайы музейге келіп тапсырған. Ал араға он үш жыл салып қаламгердің жары Клара Әубәкірова фарфордан жасалған шай кесені, «Қорған» романының қолжазбасын және үстел шамын музей қорына тапсырады. Қолжазбадан шығарманың 1989-1990 жылдар аралығында жазылғаны көрсетілген.
Музейдегі әрбір жәдігер жас буын үшін тағылым мектебіне айналуы тиіс. Себебі, мұнда әдебиет пен журналистика саласына адалдықпен қызмет еткен жанның қолтаңбасы қалды. Бұл – тек Ахат Жақсыбаевтың емес, тұтас бір дәуірдің, тұтас бір әдебиеттің келбеті.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.