Кімге жеңілдік жасалады?

Шіл 3, 2025
Tenge on a white table with a cash register. Cashier's workplace in Kazakhstan. Salaries in Kazakhstan

Қазіргі таңда иелігінде мүлкі бар азаматтарға салық органынан хабарлама және төлейтін сомасы келуде. Бұл сома биыл қазан айына дейін төленуі тиіс.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары жөніндегі басқармасының мәліметінше, «e-salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы «ЖТ және ЖК алдағы төлемдер сервисі» арқылы, сондай-ақ, «Halyk Bank», «Kaspi Bank» банктерінің қосым-шаларынан мүлік салығының мөлшерін біле және бірден төлей алады.

Бұл ретте, құзырлы орган бірқатар азаматтарға заң жүзінде жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті. Салық кодексінің 226-бабының 2-тармағында мүлік салығынан толық немесе ішінара көлемде босатылатын жеңілдікті санаттар тізімі көрсетілген.

Жеңілдік берілетін азаматтар тобына Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғандар, үш дәрежелі Даңқ ордендерімен және «Отан» орденімен марапатталған тұлғаларға салық салынған барлық нысандардың жалпы сомасынан
1000 АЕК шегінде жеңілдік жасалады.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ҰОС ардагерлеріне жеңілдіктер бойынша теңестірілген ардагерлер, өзге мемлекеттер аумағында әскери ұрыстарға қатысқар ардагерлер, КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған және Ұлы Отан соғысы жылдары тылда жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін марапатталған тұлғалар, сондай-ақ, 1941 жылғы 22 маусым 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай еңбек еткен, бірақ марапатталған тұлғалар салық салынатын нысандардың жалпы құнының 1500 АЕК шегінде жеңілдікке ие.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар тұлғаларға да мүлік салығы бойынша жеңілдіктер бар. Оларға салық салынатын барлық объектілердің жалпы құнынан 1500 АЕК шегінде жәрдем
жасалады.

Жетім балалар және ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға 18 жасқа толғанға дейін жеңілдік қарастырылған. Сонымен бірге, мүгедектігі бар бала асырап отырған ата-аналардың біреуіне жер учаскелері, үй, ғимараттар, бақша ғимараттары, гараж, автотұрақ орны және өзге де оның меншік құқығындағы құрылыстар бойынша жеңілдік беріледі.

«Батыр ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналар жер учаскесіне, сонымен қатар, мүлік салығы салынатын барлық мүліктердің жалпы құнынан 1000 АЕК шегінде салық төлеуден босатылады.

Бөлек тұратын зейнеткерлер (зейнеткерлер тіркелген мекенжай бойынша ғана) жер телімі, сондай-ақ, салық салынатын барлық нысандардың (тұрғын үй, бақша ғимараты, гараж, тұрақ орны және меншік құқығындағы өзге де құрылыстардың) жалпы сомасынан 1000 АЕК шегінде салықтық жеңілдік жасалады.

Ал жеке кәсіпкерлерге келетін болсақ, кәсіпкерлік қызметте қолданылатын нысандар бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Алайда, Салық кодексінің 529-бабына сәйкес салықтық базасы айқындалатын тұрғын үйлер мен басқа нысандар оған қосылмайды.

Анықтамалық ақпаратты азаматтар 1414 бірыңғай байланыс орталығының тегін нөмірі бойынша немесе салық салынатын нысанның орналасқан мекенжайына қарай мемлекеттік кірістер басқармасынан біле аласыздар. Естеріңізге сала кетейік, салық төлеу әрбір азаматтың конституциялық міндеті саналады. Сондықтан, құзырлы орган салықты уақытылы төлеуге шақырып отыр.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.