Елімізге белгілі айтыскер, облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі, әнші Асығат Тұрғанбектің жаңа бейнебаяны жарыққа шықты. Ол көпшілік назарына Жаяу Мұсаның «Баянауыл» әнін ұсынып отыр.
Асығат Тұрғанбектің сөзінше, осыдан тура жиырма жыл бұрын Жаяу Мұса Байжанұлының 170 жылдық мерейтойына орай Баянауылда ауқымды айтыс ұйымдастырылған. Жыр додасында айтыскер ақынның бағы жанып, бас жүлдеге ие болады. Сол кезде оның ойына Жаяу Мұса Байжанұлының бір әнін шырқап, сол туындыны жұртшылыққа ұсынсам деген идея келеді.
— «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының жанынан «Желдірме» ақындар мектебі ашылып, кейінгі жас буынға айтыс өнерін үйретуге бел шеше кірістім. Әншілік өнер шетте қалып қойғандай еді. Дегенмен дәстүрлі ән айту да үлкен дайындықты талап ететіні сөзсіз. Биыл Жаяу Мұса бабамыздың 190 жылдығына орай көкейде бұрыннан жүрген бір ой қайта жаңғырып, әнді қайта қолға алып, орындауға бел будым.
Әрі өзім де қасиетті Баянауыл топырағының тумасы болғандықтан, осы әнді шырқау – мен үшін зор жауапкершілік әрі жүрек қалауым. Тау мен көлдің баурайында, Баянның тұмса табиғаты аясында ән шырқау да талайдан ойда жүрген мақсат еді. Соның сәті дәл бүгін туғандай. Бұл – менің Жаяу Мұсадай даңқты жерлесімізге деген құрметім, оның мерейтойына орай жүрек төрінен шыққан тартуым деп қабылдаңыздар, — дейді бейнебаян авторы Асығат Тұрғанбек.
Бейнебаянның түсірілім жұмыстары және жарыққа шығуына облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы қолдау көрсетті.
Айдана БОРАНБАЕВА.