Қаныш туралы құнды еңбек

Шіл 10, 2025

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қорына қазақ ғылымының атасы, Академик, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаев туралы 20-ға жуық кітап қосылды. Солардың ішіндегі бірегейі – әлемнің жеті тіліне аударылған ғалымның өмірбаяндық очерктері.

Атақты жерлесіміз жайлы құнды кітаптарды облыстық кітапханаға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жерлесіміз Алтынбек Нухұлы тапсырды. Олардың қатарында әлемнің жеті тілінде жарық көрген Қ.Сәтбаевтың қысқаша өмірбаяндық очерктері бар. Бұл басылым қазақ, араб, ағылшын, француз, испан, кытай және орыс тілдерінде ұсынылып отыр. Онда Қ.Сәтбаевтың ғылыми және қоғамдық қызметінің библиографиясы мен биографиясы толық қамтылған.

— Кітапқа Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың зерттеулері мен мақалаларының ішіндегі ең іргелілері таңдалып алынып басылған. Мәселен, ғалымның ғылыми зерттеулермен айналыса бастаған уақытта жазылған 880-нен астам баспа жұмыстары, оның ішінде бірқатар монографиясы, академиялық және мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары жинақталған. Сонымен қатар, кезіндегі республикалық және одақтық деңгейдегі іс-шараларда оқыған баяндамалары да жарияланды, — деді Алтынбек Нухұлы.

Бұл еңбектер жергілікті ғалымдардың атсалысуымен және Торайғыров университетінің қолдауымен басылған. Кітаптың мазмұнына келер болақ, төрт негізгі тақырыпқа бөлінген. Олар «Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш Президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірі мен қызметінің айтулы күндері», «Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми және қоғамдық қызметінің қысқаша очеркі», «Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың монографиялары», «Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың негізгі еңбектері» деп аталады.

Халық қалаулысы кітапхана қорына академик Қаныш Сәтбаев туралы кейінгі кезде жарық көрген 20-ға жуық құнды кітапты тарту етті. Олардың қатарында «Қаныш шығармаларының академиялық толық жинағы», «Қаныштың жастық шағы», балаларға арналған «Қаныш Сәтбаев кім?» деп аталатын құнды кітаптары бар. Бұл кітаптар 2024 жылы академиктің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген.

— Қаныштың 125 жылдық мерейтойына орай менің бастамаммен 25-тен астам кітап шықты. Одан басқа «Қазақмыс» компаниясының қолдауымен, университеттердің ұйымдастыруымен және «Отбасы хрестоматиясының» бастамасымен тағы 10-ға жуық еңбек жарық көрді. Бұрынғы кездері Қаныш туралы кейбір кітаптарды бастыруға шектеу қойғаны баршамызға белгілі. Соның бірі – Төкен Оразовтың 1972 жылы жинақтаған «Қаныштың жастық шағы» деген еңбегі. Сол автордың қолжазбасын тауып алып, кітап қылып шығардық, — деді сенатор.

Кездесу барысында А.Нухұлы Сенат депутаттарының кезекті сессияда атқарған қызметі, қабылданған заңдар, жалпы жасалған жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, осы жылдың 14 мамырында «Кітапхана ісін дамытудың заманауи тенденциялары» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде қаралған мәселелер мен ұсыныстар туралы, жалпы «Кітапхана ісі туралы» заңның қажеттілігіне де тоқталды. Кездесу соңында кітапхана басшысы Шолпан Шахметоваға үш ай бұрын Қаныш Сәтбаев еңбектерінің 10 томдығын дер кезінде қабылдап, оны аз уақытта қорға енгізгені үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, кітапхана басшысының ұсынысы бойынша жарық көрген кітаптардың электронды версиясына рұқсат беру бойынша шарт жасасып, арнайы құжаттарға қол қойылды.

Тілеуберді САХАБА.