Кең ауқымды сенбілік өтті

Шіл 17, 2025

Маусым айындағы қатты дауылдың негізгі ошағы Ақсу қаласында болды. Желдің салдарынан шағын шаһарда электр энергиясы мен байланыс желілері үзіліп, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің шатырлары ұшып, қабырғалары құлады. Мұнда төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Таяуда ғана кең ауқымды сенбілік те өтті.

Қатты жел 18 әлеуметтік нысанға зиянын тигізген еді. Бүгінде оның жетеуінде қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Атап айтқанда, №10 және №16 балабақшалары, №7 және №8 орта мектептері, әлеуметтік қорғау бөлімінің әкімшілік ғимараты, мұражай және хоккей корты қайта қалпына келтірілді. Қалған 11 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов бұл жұмыстарды күнделікті бақылауда ұстап отыр.

Дүлей дауыл тұрғын үйлердің де шатырларын ұшырып әкетті. Таяуда шаһар басшысы Ы. Алтынсарин көшесі, 4 және 4/1 үйлерінің тұрғындарымен тағы бір мәрте кездесті. Бұған дейінгі жүздесу барысында техникалық аудит өкілдері қатысып, зақымдану сипаты мен сараптама жүргізу мерзімдері талқыланған еді. Кеңестен кейін Болатбек Кәрімов бастаған жергілікті билік өкілдері Ы. Алтынсарин көшесіндегі тұрғын үйге де барып, тұрғындармен, құрылтайшылармен, мердігерлермен және техникалық мамандармен бірге ғимараттарды қарап шықты. Техникалық аудитордың ұсынысы бойынша жұмыстарды бастауға шешім қабылданды.

Ал бұл жолғы кездесу барысында тұрғындар екінші қабатты толық бұзып, жаңа жабын плиталарын орнатуды көздейтін нұсқаны қолдайтындарын білдірді.

— Құрылыс компаниясының құрылтайшысы бір апта ішінде алдағы жұмыстардың егжей-тегжейлі жоспар-кестесін әзірлеп, тұрғындарға ұсынатын болады. Құжатта құрылыс сараптамасын дайындау мен қалпына келтіру жұмыстарының мерзімдері мен кезеңдері көрсетіледі. Тұрғындар тарапынан қайта құру жұмыстарына келісім беретін ресми өтініш-хат та жолданады, — деді қала әкімі.

Жалпы, қатты желден Ақсу қаласындағы бірнеше көпқабатты үйдің шатыры зақымданды. Оларды қалпына келтіру үшін бес мердігер ұйым –
«Майданқұрылыс», «100 МАШИН», «Кен Асар», «ДЖАБАР Құрылыс» және «BUILDVIZION» компаниялары тартылды. Осы уақытқа дейін 20-дан көпқабатты баспанада жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Тағы 30-ға жуық тұрғын үйде тиісті жұмыстар жалғасуда.

Атап өтерлігі, дауылдан соң көшелерді тазалау, аулалардан қоқыстарды шығару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Айталық, Ақсу шағын ауданында ағаштарды санитарлық кесу және аумақты тазалау жұмыстары жүргізілуде. Оның барысын қала әкімі Болатбек Шәріпов бақылап қайтты. Ал бұл жұмыстарға 40-қа жуық адам және 10 арнайы техника тартылды.

Дауылдың салдарынан зардап шеккен Астана көшесі, 1/1 мекен-жайындағы қалпына келтіру жұмыс-тарының барысы да тексерілді. Жұмысты «100 Машин» ЖШС мердігер ұйымы жүргізуде. Нысанда 6 адамнан құралған бригада жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар, облыс әкімі Асайын Байхановтың тікелей тапсырмасымен Ақсу қаласында дауылдың салдарын жоюға бағытталған ауқымды сенбілік өтті. Басты мақсат — қаланы толық тазалап, көшелерді ретке келтіру. Жұмысқа 500-ден астам адам мен 100-ден аса техника жұмылдырылды. Қаладағы ірі кәсіпорындар – «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ, Ақсу ферроқорытпа зауыты, «ДАНиЕР» ЖШС белсенді түрде қолдау көрсетті. Тазалау жұмыстары Черемушки, Беловка және Ақсу шағын аудандарын қоса алғанда бүкіл қаланы қамтыды. Бір күн ішінде 5000 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 320 ағаш кесілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Ақсу қаласы.