Металлургтерге қарап өстім…

Шіл 17, 2025

Биыл Жұмысшы мамандықтар жылында өндіріс орнында қызмет етіп жатқан түрлі сала мамандарына баса мән берілуде. Оған қоса, жыл сайын шілде айында өңіріміздің мақтанышы, өндіріс жұмысшыларының төл мерекесі – металлургтер күні аталып өтеді. Осыған орай, Қазақстан электролиз зауыты АҚ-ның анод өндірісі бойынша талдаушы маманы Қуаныш Алдабергеновпен әңгімелестік.

Жас маман өндірісте 2019 жылдан бері қызмет етіп келеді. Павлодар мемлекеттік университетінде металлургия мамандағы бойынша магистр дәрежесін алып, бірден Қазақстан электролиз зауытына орналасады. Кәсібіне аса қызығушылық танытқанның арқасында бүгінде мансап жолында айтарлықтай жетістікке жете білген.

Ақсу қаласында туып-өскен Қуанышбек Алдабергенов металлургтерге қарап бой түзеді. Өміріндегі маңызды қадам – болашақ мамандығын таңдауға да сол әсер етіпті. Экономиканың негізін қалайтын өндірістік қаладағы зауыт қызметкерлерінің еңбегіне таңдана қарап, алдағы уақытта өз өмірін әлеуеті зор кәсіпорында кәсіби маман ретінде өсуді көздеген.

– Бастапқыда зауытқа электрод-тарды өндіру бойынша цехтың күйдіру учаскесінде 4-ші разрядты оператор ретінде орналастым. Жарты жыл ішінде біліктілігімді 5-ші разрядқа дейін көтеріп, кейін тағы бір жыл өткен соң 6-шы разрядқа жеттім. Осы кезең аралығында кәсіби шеберлігімді арттырдым. Уақыт өте келе, бригадир лауазымына тағайындалып, ұжыммен жұмыс істеу және өндірістік процестерді ұйымдастыру бойынша тәжірибе жинадым. Соңғы үш жылда инженерден бастап учаске басшысына дейінгі қызметті атқардым. Мұнда басқару дағдыларын дамытып, өндірістің әртүрлі деңгейін тереңірек түсіне бастадым. Қазіргі таңда анод өндірісі бойынша талдаушы қызметін атқарудамын. Яғни өндірістің тиімділігін арттыру және процестерді жетілдіру бағытында жұмыс істеймін, – дейді ол.

Білікті маманның айтуынша, алты жылдық еңбек жолындағы  ауқымды жобалардың бірі — анодтарды күйдіру пешінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Бұл жоба «Riedhammer» халық-аралық компаниясымен бірлесіп жүргізілген. Жоба аясында жұмыстарды үйлестіру, мерзімдерді қадағалау, сапаны бақылау және жауапкершілікті талап ететін бағыттарда жұмыс істеген. Осы ретте мансап жолында алғаш рет  шетелдік мамандармен және ірі мердігерлермен етене қызмет етіп, кәсіби беделін арттырды.

Сондай-ақ, жас металлург өндірістің қоғамдық және спорттық өміріне белсенді араласады. Өткен жылы Астана қаласында ERG ұйымдастырған «ERG Batyry» жарысында бақ сынаған. Одан бөлек, 2022 жылы Ақтөбе қаласында өткен Еуразиялық ойындарға қазақ күресінен қатысып, зауыт намысын қорғады. Сондай-ақ, зауыт қызметкерлері арасында қазақ күресі бойынша чемпион атағына ие болған.

– Металлург – технология, тәртіп және сапаны біріктіріп, үнемі өзін-өзі дамытуға мән беруі тиіс мамандық иесі. Осы салада кез келген шешім нақты есеп пен тәжірибеге негізделеді. Сондықтан болар, өз мамандығым мінезім мен  қызығушылығыма сай келеді, — дейді Қуанышбек Алдабергенов.

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның анод өндірісі бойынша талдаушы, аяулы жарының адал серігі, үш қыздың асқар тауы болашақта өз ісінің шебері атанып, жауапкершілігі жоғары қызметке дейін өсуді мақсат етуде.

Салтанат ҒАББАС.