Жалақы көлемі өсті

Шіл 24, 2025

Осы жылдың алғашқы үш айында облыс тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа жалақысы 243 893 теңгеге бағаланды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ал төменгі күнкөріс деңгейі 51 776 теңгені құрады.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика Агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанар Мағзамованың сөзінше, осы жылдың бірінші жартыжылдығында  тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу қызметкерлерінің еңбекақысы өзге салалардың жалақысынан жоғары болған. Олардың жалақысы 697 833 теңгені құрады. Төменгі жалақы өнер, ойын-сауық қызметкерлеріне төленеді. Олардың орташа жалақысы — 201 968 теңге.

— Қаңтар–маусым аралығында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1845,3 млрд теңгені құрады. Ауыл, орман және балық шаруашылығы салалары 91,6 млрд теңге көлемінде өнім берді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 440,2 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,6 пайызды құрады. Құрылыс саласында өсім байқалып отыр. Орындалған жұмыстар көлемі 137 млрд теңгеге дейін жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға артты. Жұмыстардың басым бөлігін жекеменшік құрылыс ұйымдары орындады. 311 жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды. Оның 253-і — тұрғын үй. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 164 288 шаршы метрді құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар, биыл кәсіпкерлердің саны бір пайызға, яғни 56 мыңнан астам адамға өсті, — деді Ж.Мағзамова.

Сондай-ақ, тасымал көлемі азайған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жүк тасымалы 20,5 пайызға төмендеген. Ал сауда саласы оң серпін көрсетіп отыр, Мәселен, бөлшек сауда айналымы 4,4 пайызға өсіп, 314,6 млрд теңгені құраса, көтерме сауда көлемі 466 млрд теңгеге жетіп, 38,3 пайызға артқан.

— Тұтыну бағаларының индексі 107,1 пайызды құрады. Оның ішінде ақылы қызметтер 8,7 пайызға, азық-түлік тауарлары 8,3 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 4,2 пайызға қымбаттаған. Өңірдегі төменгі күнкөріс мөлшері 51 776 теңгені құрады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен сәл төмен, — деп қосты ол.

Айта кетейік, 2025 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша облыс тұрғындарының саны 748 748 адамды құрады. Оның 71,3 пайызы – қала, 28,7 пайызы – ауыл тұрғындары.

Айдана БОРАНБАЕВА.