Осы аптада Ертіс-Баян жұртын тағы бір үлкен той күтіп тұр. Бұл – қазақ өнерінің хас тұлпары, ақын, әнші әрі композитор Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойы. Ақынның құрметіне арналған дүбірлі тойдың негізгі бөлігі өзінің туған жері – Ертіс ауданында өтетін болады.
Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына арналған іс-шара 25 шілде күні Павлодар қаласында басталады. Осы күні облыс орталығындағы «Достық үйінде» республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Ал айтыссүйер ағайынның, жырсүйер қауымның көптен бері тамсанып айтып жүрген халықаралық ақындар айтысы 26 шілде күні Ертіс ауданының Ертіс ауылында басталады. Ақындар айтысына Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан елдерінен 12 ақын қатысады деп болжануда. Айтыстың жүргізушісі – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев. Қазылар алқасының төрағасы – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ғалым Жайлыбай. Өтетін орны – Ертіс аудандық мәдениет үйі. Иса ақынға арналған бұл жыр аламаны екі күнге жалғасатын болады.
Мерейтойдың бірінші күнінде ұлттық спорттың бірнеше түрі бойынша жарыстар ұйымдас-тырылады. Спорттық шаралардың көбі ұлттық нақышта безендірілген этноауыл аумағында өтеді. Атап айтар болсақ, көкпар, қазақ күресі және басқа да жарыстар бойынша мықтыларды анықтап, шашасына шаң жұқтырмас жүйріктерді бәйгеге қосады. Этноауылда қолөнершілер, суретшілер, киіз үйлер, балаларға арналған ойын алаңы, мерейтойлық инсталляциялар жұмыс істейді.
Мерекенің екінші күнінде халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы анықталып, шын жүйріктердің жүлдесі тапсырылады. Сонымен қатар, облыстық Иса Байзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерті де қонақтар үшін тосынсыйға толы болады деп күтілуде. Одан бөлек, елімізге белгілі өнер жұлдыздарының және қалалар мен аудандардан келетін жергілікті әнші, жыршы, күйшілердің қатысуымен ән кеші өтеді. Оған Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуалиева, Саят Медеу сынды елге танымал өнер иелері қатысады.
Ертіс аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Гүлдана Сәрсембенованың айтуынша, ұлы ақынның құрметіне ұйымдастырылған ұлы тойда болатын жарыстар жеңімпаздарына тігілген жүлделердің барлығы жеке кәсіпкерлер есебінен шығарылып отыр. Мысалы, дүбірлі өнер және спорт додалары үшін жергілікті кәсіпкерлер үш жеңіл автокөлік тіккен. Олар халықаралық ақындар айтысының жеңімпазына, аламан мен тоқ бәйгеден бірінші келген жүйрік иелеріне беріледі. Сонымен қатар, көкпар, қазақ күресі және ат бәйгесіне арналған жүлде қоры 15 млн теңгені құрайды. Бұл қаражатты да жергілікті меценаттар шығарып отыр.
Мерейтойға орай 100-ден астам қазақтың киіз үйі құрылады. Оның ішінде 25 киіз үй Ертіс ауданы әкімдігінің атынан орнатылады.
Тілеуберді САХАБА.