Елімізде 1-31 тамыз аралығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының бірінші кезеңі өтеді. Осы уақыт аралығында барлық қатысушы sanaq.gov.kz сайтында онлайн форматта деректерді енгізуі керек. Онда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен үй шаруашылықтарына арналған екі түрлі сауалнама парағы болады.
Өсімдік шаруашылығымен, мал шаруашы-лығымен немесе балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіп-керлер мен шаруа (фермер) қожалықтары 2-АШК/ШФҚ санақ парағын толтыруы тиіс. Бұл сауалнама тоғыз бөлімнен тұрады және 29 сұрақты қамтиды. Онда жер учаскелерінің көлемі, олардың қалай пайдаланылып жатқаны, суару тәсілдері, жердің меншікке немесе жалға алынғаны туралы мәліметтер көрсетілуі керек.
Сондай-ақ, сауалнамада шаруашылықтағы мал, құс, балық саны, қолданылатын техника, құрал-жабдықтар, қоймалар, сақтау орындары мен басқа да қажетті нысандар туралы ақпарат сұралады. Қатысушылар тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, органикалық өнім өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, сондай-ақ жұмысшылардың саны мен олардың сипаттамасы жөнінде де мәлімет береді. Егер шаруашылық бірнеше өңірде қызметін жүргізсе, әр өңір бойынша жеке санақ парағын толтыруы қажет. Бұл парақта жер учаскелерінің, егістік алқаптарының, мал мен құстың нақты орналасқан жері көрсетілуі тиіс.
Бақша егетін немесе мал мен құс ұстайтын үй шаруашылықтары да санаққа қатысады. Олар үшін 3-ЖҚШ сауалнама парағы қарастырылған. Бұл сауалнамада қандай дақылдар өсірілетіні, қанша мал мен құс ұстайтыны, жайылымдарды қолданатыны, мал ұстауға арналған құрылыстардың бар-жоғы, өнімнің сатылатыны немесе тек тұтынуға пайдаланылатыны туралы мәлімет беріледі. Үй шаруашылықтарына арналған сауалнама 8 бөлімнен және 22 сұрақтан тұрады.
Барлық ұсынылатын ақпараттың құпиялылығы сақталып, деректер «Мемлекеттік статистика туралы» заңымен қорғалады және салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.
Облыстық статистика департаментінің дерегінше, өңірде 8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы ұйымын және 60 мың үй шаруашылығын қамту жоспарлануда.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.