Ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай түрлі салада тағылымды да мазмұнды шаралар ұйымдастырылуда. Осы ауқымды мерекелік датамен Абай облыстық «Semei» және Павлодар облыстық «Ertis» телеарналарының 60 жылдық мерейтойлары да тұспа-тұс келіп отыр. Жақында аталған қос телеарна ұжымы «Жидебайдан — Жасыбайға» телеэкспедициясын бастап, ұлылар жатқан қасиетті орындарда түсірілім жұмыстарын жүргізуде.
Телеэкспедиция Абай туған топырақ – Жидебайдан басталып отыр. Яғни, «Ertis» телеарнасының ұжымы Абай еліне барып, Құнанбайдың қыстағында, ақынның мұражай-үйінде болды. Сонымен қатар, Күшікбай батыр бұлағы, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей үйі сынды басқа да тарихи орындарды, киелі жерлерді таспалап қайтты. Қос арнаның ұжымы Жидебайдан Жасыбайға бара жатқан жолда Павлодарға аялдап, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияда өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Оған филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұханбет Тұрышев, «Мәшһүр Жүсіп» қорының президенті Ертай Жүсіпов, «Semei» және «Ertis» телеарналарының басшылары мен журналистері қатысты.
— Бұл Абай елі мен Мәшһүр елін бір-бірімен байланыстырған өте үлкен рухани жоба екен. Жалпы, біз Ертіс-Баян өңірінде тұрсақ та, «Semei» телеарнасымен байланысымыз жақсы. Мен Семейге Шәкәрім атындағы университетке барғанда осы телеарна да қонаққа шақырып, өз көрермендеріне ұсынып жатады. Бұл жолғы экспедицияның атауы да ерекше екен. Тарихқа үңілер болсақ, Жидебай мен Жасыбай арасында кімдер жүрмеді?! Алаш астанасы атанған Семейде Әбікей Сәтбаевтан бастап, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытовтардың барлығы жүрген. Сіздер осы тарихты қайта жаңғыртып отырсыздар. Қос арна ұжымының қолға алған бастамасына тек сәттілік тілеймін, — деді профессор Айтмұхамбет Қасымбайұлы.
«Semei» телеарнасының редакторы Азамат Қалымбектің сөзінше, аталған жобаның мақсаты – Абай мен Мәшһүр Жүсіптің рухани әлемін бір-бірімен байланыстыра отырып, мағыналы да мазмұнды телеөнім жасау. Бұл ұлы Абай мерейтойына орай қос арнаның көрермендеріне жасаған тартуы дейді.
— Абайды Семей елі ғана емес, барша Алаш баласы ұлықтауы керек. Себебі, ол — қазақтың бас ақыны ғана емес, әлем руханиятына өзінің ізін қалдырған әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға. Сондықтан, ақынның әдеби мұрасын, даналық сөздерін бүгінгі қазақтың, кейінгі ұрпақтың жүрегіне жеткізу мақсатында тартынбай еңбек етіп келеміз. «Semei» телеарнасына қатысты тағы бір жақсы жаңалық бар. Ол – 60 жылдық мерейтойға орай халықаралық деңгейде хабар тарата бастады. Яғни, біздің арнаны басқа елде тұратын қандастарымыз да көре алады. Сонымен қатар, «Ertis» телеарнасының ұжымын да биылғы мерейтойымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілеймін — деді Азамат Қалымбек.
Осы кездесуден кейін «Semei» және «Ertis» телеарналарының экспедициялық тобы Баянауыл ауданына аттанды. «Ertis» телеарнасының басшысы Жұмабек Смановтың айтуынша, экспедиция мүшелері түсірілімді Ескелді шатқалынан бастаған. Киелі орындағы Мәшһүр Жүсіп кесенесінің басына аялдап, одан ары Жасыбаймен аяқталады.
Тілеуберді САХАБА,
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.