Жазғы маусым соңы жақындап келген уақытта кезекті мектепке дайындық кезеңі бастау алады. Жыл сайын мемлекет тарапынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетіледі. Осы орайда биыл 11 тамыздан бастап «AMANAT» партиясының «Баланы мектепке дайындайық» акциясы іске қосылмақ.
Өңірімізде биылғы жылдың 11–30 тамыз аралығында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Баланы мектепке дайындайық» атты республикалық қайырымдылық акциясы өтеді. Игі шара жаңа оқу жылы алдында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған.
Аталмыш акцияға «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық және қалалық филиалдарының қызметкерлері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, кәсіпкерлер мен еріктілер қатысады.
«Баланы мектепке дайындайық» шарасы кезінде оқушыларға арналған мектеп сөмкелері, кеңсе тауарлары, мектеп формасы және өзге де қажетті оқу құралдары табысталады. Бастаманың басты мақсаты – балаларды жаңа оқу жылына дайындаумен қатар қоғам арасында мейірімділік пен аса жауапкершілік сезімін нығайту.
Қайырымдылық акциясына кез келген адам қатыса алады. Ол үшін партияның өңірлік филиалдарына жүгінуге немесе @amanat_pavlodar Instagram парақшасына хабарласуға болады.
Келіңіздер, балаларға жаңа оқу жылын сенімді бастауға бірге көмектесейік!
Өз тілшіміз.