Баянауыл – аты таныс, табиғаты тамаша мекен. Бір кездері тек жазғы шомылуға арналған тыныш көлдер мен таулы алқаптар қазіргі уақытта жүздеген туристі қабылдайтын, маусымдық экономика қалыптасқан белсенді аймаққа айналып келеді. Соңғы жылдары мұнда туризм инфрақұрылымы айтарлықтай өзгерді. Демалушыларға арнап жайлы қонақ үйлер, жағажайлық демалыс аймақтары, жазғы асханалар мен дәмханалар қызмет көрсетеді.
Мәселен, «Сабындыкөл Plaza» демалыс орнында осы аталғанның барлығы бар. Оған қоса, балалар алаңдары, эко-соқпақтар мен арнайы серуен бағыттары да жасақталған. Бірақ бағасы да соған сай. Атап айтқанда,
4 адамға арналған жалдамалы үй 60 мың теңге, ал 6 адамға арналған үйдің бағасы 90 мың теңгені құрайды. Егер киіз үйді бір күнге жалдаймын десеңіз 5 орынды 35 мың теңге, 6 орын 40 мың теңгеге шақталған.
— Біздің демалыс орнында бір уақытта 150-ден аса адам орналаса алады. Бізге тек Қазақстаннан емес, сондай-ақ Ресей, Германия секілді елдерден де туристер келеді. Жалпы, демалыс орнында 15 жалдамалы үй мен 11 бөлме және 9 киіз үй бар. Балаларға арналған ойын-сауық алаңдары да жұмыс істейді. Жағажайда келушілер катамарандарды жалға ала алады. Бүгінде қосымша бөлмелер мен бассейнді орнату бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ашылуын келесі жылға жоспарлап отырмыз, — дейді демалыс орнының әкімшілігі.
Шынымен, бүгінде жергілікті әкімдік пен экотуризммен айналысатын кәсіпкерлер көл маңындағы экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып, туризмді дамыту бағытында бірқатар жұмысты атқаруда.
— Қазіргі таңда Баянауыл ауданының Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр демалыс орындарында 54 демалыс аймағы жұмыс істейді. Жеке инвестиция тарапынан бірқатар демалыс үйлерінің құрылысы жыл бойы жүргізілуде. Өткен жылы туристер саны 161 мың адамды құраса, осы жылы 200 мың адамға дейін жетеді деп жоспарлап отырмыз. Бүгінде 80 мыңнан аса турист келді, — дейді Баянауыл аудандық дене тәрбиесі және спорт-туризм бөлімінің бас маманы Қанат Сабық.
Баянауылға демалуға келе-тіндердің кейбірі инфрақұрылымның жақсарғанын мойындағанымен, қызмет құнының жоғары екеніне жиі шағымданады. Әсіресе, туристік маусымның қызған шілде-тамыз айларында тұрғын үй, тамақ және су көлігі бағасы күрт өсіп кетеді.
— Жасыбай жағасындағы коттеджде бір түнге 80 мың сұрады. Қарапайым отбасы үшін бұл баға қымбат. Оған қоса, сапасы да көңіл көншітпеді. Төсек-орны ескі, қызмет көрсету деңгейі төмен болды, — дейді Шымкент қаласынан келген қонақ Гүлмира Сансызбайқызы.
Мұндай пікірлер жиі естілсе де, көптеген демалушы жақсы тынығу үшін артық төлеуге де дайын екендіктерін айтады. Себебі, Баянауыл – табиғаты ерекше әрі алыстан баруға оңтайлы аймақ. Қаладан көп уақыт алмайды, балалы отбасылар үшін қолжетімді маршрут. Сонымен қатар, таза ауа, көл, орман — бәрі бір жерде шоғырланған.
Әрине, шешімін күтпеген мәселелер бар, бірақ қазіргі серпін – болашаққа сеніммен қарауға негіз. Табиғи байлықты сақтап және заманауи демалыс мәдениетін үйлестіре алған жағдайда, Баянауыл ішкі туризмнің үлгісіне айналуы әбден мүмкін.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Баянауыл ауданы.