Аудиожазбалар – қоғамдық көлікте

Там 14, 2025

Бүгінде Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтары қоғамдық көліктермен қатынаған уақытта автобус, трамвай ішінде арнайы аудиожазбаларды тыңдай алады. Сол жазбалар арқылы қазақ тарихы, әдебиеті, мәдени мұрасына қатысты мол мағлұматқа қанық болады.

Павлодар облысы әкімдігінің бастамасымен, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен және Павлодар қаласы әкімдігінің қолдауымен облыс орталығының қоғамдық көліктерінде көшелерге есімі берілген, қазақ тарихы мен әдебиетінде өшпес із қалдырған және мемлекет дамуына үлес қосқан ұлы тұлғалар туралы аудио форматтағы ақпараттық жоба іске қосылды.

Бүгінде кей тұрғындар мұндай бастамаға оң бағасын беріп үлгерді.

— Осыдан біраз уақыт бұрын аялдамаларда ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері туралы ақпараттар пайда болғанда бір марқайып қалып едім. Сондағы мәліметті автобусты күтіп тұрған кез келген адам оқып, білім көкжиегін кеңейте алатыны үшін қуандым. Жақында №22 автобуста отырғанымда Сәтбаев туралы екі тілдегі аудиожазбаны құлағым шалып қалды. Жол бойы бірнеше мәрте қайталады. Мұндай бастамалар қоғам үшін керек деп ойлаймын. Себебі қазіргі уақытта біртуар тұлғалар туралы ақпаратты іздеп оқитын адам некен-саяқ. Ал қоғамдық көліктердегі аудиожазбалар арқылы көп дүниені біліп қалады, — дейді облыс орталығының тұрғыны Қайыр Смағұлов.

Аталмыш жоба ұлы ойшыл, ағартушы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай әзірленіп, танымал тұлғаларды қала тұрғындарына насихаттау және олардың өмірбаяндары мен шығармашылығын таныстыру мақсатында іске асуда. Тұрғындар автобус, трамвайда келе жатқан уақытта Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәкәрім тәрізді тұлғалармен қатар, есімдері көшелерге берілген 50-ге жуық ақын-жазушы, өнер адамдары, қоғам қайраткерлері мен батырлар туралы ақпараттан құлағдар болады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.