Мыңкөлдегі мұң

Там 14, 2025

Медициналық пункт қашан салынады?

 Железин ауылы Мыңкөл ауылындағы медициналық пункттің құрылысы әлі күнге дейін тоқтап тұр. Елді мекендегі 400-ге жуық тұрғынның тілегі былтырдан бері орындалмай келеді. Нысанның құрылысын қолға алған мердігер — «Қайрат ЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысты бастамай жатып тастап кетті.

Мыңкөл ауылындағы құрылыс өткен жылы күзде басталған болатын. Жауапты мердігер «Қайрат ЭК» ЖШС келісімшарт талаптарын бұзып, жұмысты мерзімге сай жүргізе алмаған. Салдарынан сот процесі басталған. Биыл көктем айында құрылыс қайта жанданған болатын. Медициналық пункт 1 шілдеде тапсырылуы тиіс еді. Алайда, бұл жұмыс орындалмады.

Жергілікті тұрғындар мен депутаттар құрылысқа жергілікті компанияларды тарту керек еді деп есептейді. Осы жағдай ескерілсе, мұндай қиындықтар болмас еді. Жұртшылық медициналық пунктке мүлдем қол жеткізе алмай қалудан қорқады.

Бұл мәселе бойынша Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимовке хабарласқан болатынбыз. Аудан басшысы қазіргі уақытта бұрынғы мердігер «Қайрат ЭК» ЖШС-мен келісімшарт бұзылғанын айтады. Облыстық құрылыс басқармасы медициналық пункттің құрылысын жүргізуге тағы да конкурс жариялайды. Оның нәтижесінде мердігер ұйым анықталады. Қазіргі уақытта медициналық нысанның қабырғалары мен төбесі орнатылған. Сонымен қатар, ғимарат іші бөлінген. Ғимаратта одан басқа жұмыс жүргізілмеген.

Облыстық құрылыс басқар-масының басшысы Асқар Ажмұрат Мыңкөл ауылындағы медициналық пункттің құрылысын жергілікті мердігер — «Жәрдем» ЖШС жалғас-тыратынын айтады. Бір апта ішінде келісімшартқа қол қойылып, қағаз жұмыстар аяқталуы тиіс. Бұл іс біткен кезде мердігер жедел түрде құрылыс алаңына шығады.

— Мыңкөл ауылындағы медициналық пункттің құрылысы былтыр сәуір-мамыр айында басталуы керек еді. Мердігер «Қайрат ЭК» ЖШС жұмысты қыркүйек айында қолға алды. Бірақ құрылыс басталысымен тоқтады. Енді тұралап қалған құрылысты «Жәрдем» ЖШС жалғастырады. Алда күз мезгілі жақындап қалғандықтан жұмысты тез бастауға тура келеді. Уақытты созбауымыз керек. Мердігер тамыз-қыркүйек айы аралығында медициналық нысанды салып шығуы қажет. Ауа райы кедергі келтірмесе, жұмыс қазан айына дейін созылмайды деген үміттеміз, — дейді Асқар Қадырұлы.

Аймағымызда жемқорлардан тәркіленген миллиондар шалғай ауылдарда медициналық пункттер салуға бағытталған болатын. Облыс әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы Павлодар өңірінің ауылдарында жаңа медициналық нысандар-дың құрылысы басталғанымен, бірнеше жоба аяқталмаған. Биыл сол жұмыстарды аяқтау үшін 220 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.

Қайтарылған қаражат есебінен 5 нысанның құрылысы жүргізілуде. Мәселен, Екібастұз қаласына қарасты Бәйет ауылында, Ертіс ауданындағы Ленин ауылында, Ақсу қаласына қарасты Құркөл ауылында, Тереңкөл ауданының Ивановка ауылдарында меди-циналық пункттер, дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынуы тиіс. Бұл тізімге Железин ауданындағы Мыңкөл ауылы да енеді.

Аталған ауылдың тұрғындары дәрігерге қаралу үшін 20, тіпті 100 шақырым жол жүруге мәжбүр еді. Мәселен, 800-ге жуық тұрғыны бар Бәйет ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Ол шамамен
40 жыл бұрын салынған, жөндеуге келмейтін ескі ғимараттың орнына пайдалануға берілді. Ивановка ауылында медпункт ауыл әкімдігімен қатар орналасқан жаңа, заманауи бөлек ғимаратқа көшті. Құрылысқа 125 миллион теңге жұмсалды. Құркөлдегі медициналық нысан да іске қосылады деп күтілуде. Ал Ертіс ауданында кең ауқымды дәрігерлік амбулатория салынып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет Ивановка, Мыңкөл және Құркөл ауылдарын жаңа денсаулық сақтау нысандарын қажет ететін басым елді мекендер тізіміне енгізген болатын. Себебі, аудан орталығындағы емхана бұл ауылдардан 18 -115 шақырым аралығында орналасқан.

Айта кетейік, бұған дейін Май ауданының Ақжар ауылында заманауи медпункт ашылды. Ол «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Кейін дәл осындай медпункт Ақтоғай ауданының шалғай ауылында да пайдалануға берілді.

Железин ауданындағы Мыңкөл ауылының тұрғындары да жаңа медициналық пунктке қол жеткізеді деген ойдамыз. Құрылыс барысы газет назарында болады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.