Кез келген кәсіпорында қондырғылардың қалтқысыз жұмыс істеуі аса маңызды. Себебі өндірістің үздіксіз жүруі сол құрал-жабдықтардың «жүрісіне» тікелей байланысты. Бұл ретте арнайы мамандар әр қондырғыны тікелей бақылап, істен шыға қалған жағдайда аз уақыт аралығында қайта қалпына келтіріп жатады. Сондай білікті мамандардың бірі — «Павлодарэнерго» АҚ қарасты жылу-электр орталығындағы химия цехының жөндеуші-слесарі Абай Жапкин.
Абай Жапкин 2021 жылы «Павлодарэнерго» АҚ-на бірнеше жыл өнімді еңбек еткен ағасының кеңесімен келіп, химия цехының жөндеуші-слесарі болып жұмысқа орналасты. Қызметіне бірден бой үйретіп, жоғары жауапкершілік танытты. Басшысы мен әріптестері Абай бір істі соңына дейін тындыратын адал қызметкерлердің бірі екенін алға тартады.
– Абай берілген тапсырманы орындауға бар ынтасы мен білімін салып, мінсіз атқарып шығуға тырысады. Қатарымызға қосылып жатқан жастарға үлгі көрсетерлік қызметкер деп те айтуға болады. Жас ұрпақтың осындай жауапкершілігі мол қызметкерлерге қарап, тәжірибе жинақтағаны дұрыс. Өндірістегі қызметтің қызығы мен шыжығы мол. Әсіресе, қауіпсіздік ережелерін ұстанып, үнемі ізденіс үстінде болып, жаңа жобаларды енгізсе, кәсіпорын дамуына сүбелі үлес қоспақ, – дейді жөндеу жұмыстары цехы басшысының орынбасары Максим Макис.
Жөндеуші-слесарь химия цехындағы құрал-жабдықтарды жөндейді. Яғни сүзгілер, сорғылар мен құбырларға қызмет көрсетумен айналысады. Аталмыш станция өңделген жұмсартылған суды ғана пайдаланады. Бұл үздіксіз өндіріс болғандықтан, әрдайым су қоры қамтамасыз етілуі тиіс. Сол себепті химия цехының станция қызметіндегі маңызы зор.
– Жыл сайын жұмыс жағдайы жақсарып келеді. Қызметім өзіме ұнайды. Күнделікті жұмысым тұрақты. Қызмет барысында станциядағы сорғыларды жөндеу, ақауы бар жабдықтарды жөнге келтірумен айналысамын. Одан бөлек, жылына бір рет кәсіби маман ретінде шыңдалу үшін кәсіпорын түрлі оқытуға жібереді. Болашақта балаларым ізімді жалғап, станцияда еңбек жолын бастауды көздеп отыр, – дейді Абай Жапкин.
Білікті маман – адал жар, бес баланың әкесі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Тереңкөл ауданынан қоныс аударған болатын. Алға жоспары нық, мақсаттары айқын.
Салтанат ҒАББАС.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.