«Қасиетіңнен айналдым, Мерғалым!»

Там 21, 2025

Өткен сенбіде Аққулы ауданы Мерғалым ауылында сынықшы, емші, бойына қасиет дарыған Мерғалым Мұхтариханұлының туғанына 90 жыл толу мерейтойына арналған «Қасиетіңнен айналдым, Мерғалым!» тақырыбында дүбірлі іс-шаралар  ұйымдастырылды. Мерейтой барысында ұлттық салт-дәстүр ұлықталып, жиналғандар мәдениет-спорт шараларының куәсі болды.

Мерғалым Қабдуллин 51 жыл өмір сүрген. Аз ғана ғұмырының 40 жылын сынық салуға арнады. Оның сынықшылық қасиетке болуы да бір ерекше әңгіме. Бала күнінде бір қария түсіне еніп, аян берген. Сол кезден бастап жас Мерғалым қол-аяғын мертіктіріп алған, көмекке мұқтаж жандарға риясыз көмек көрсете бастайды. Тіпті, сүйегі әбден ұсақ бөлікке бөлініп, жамбасы сынған адамды аяққа тұрғызатындай қасиетке ие болған. Мерғалым Мұхтариханұлының сынықшылық қасиеті елімізге ғана емес, шетелге де танылды.

Осындай тұлғаны еске алуға арналған мерейтойлық шараға Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов, Мерғалым атаның ұрпақтары, ауыл ақсақалдары, көрші ауылдардың тұрғындары және жергілікті жұртшылық қатысты.

Ауқымды шара Мерғалым атаның бейіті басында құран бағыштаудан басталып, көпшілік іс-шараға ұласты. Мерғалым әулетіне облыс әкімі Асайын Байхановтың атынан құттықтау хат табысталды. Сонымен қатар, аудан басшысы мерейтойды ұйымдастыруға атсалысқан ауыл тұрғындарына Алғыс хат табыс етілді.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Жиналғандар садақ ату, көкпар ұлттық ойындарын тамашалап, аламан бәйгенің куәсі болды. Палуандар қазақ күресі мен қой көтеруден күш сынасты.

Қасиет қонған киелі жанның құрметіне айтыс та өткізілді. Жыр додасында Мерғалым Мұхтариханұлының өмір жолы, халыққа көрсеткен көмегі, шипалы алақаны арқылы ем-делген адамдардың тағдыры баяндалды.

Ұлттық спорт жеңімпаздары мен аламан айтыстың жүлде-герлері ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сабыржан  РАХИМОВ, аудан тұрғыны:

— Мерғалым атаның тойына ұлым екеуіміз Қазы ауылынан арнайы келіп қатыстық. Ұйымдастырушыларға ризамыз. Өйткені, той жоғары деңгейде өтті. Мен Мерғалым атаның көзін көріп, қасиетіне тәнті болған адаммын. Жас кезімде астымдағы атым мұзға сүрініп, мен жерге құлап, тобығымды шығарып алған едім. Мерғалым атаға барып, тобығымды салдырттым. Сынықшы сынған орынды өзінің шүберегімен орап, 20 немесе 40 күн ішінде шешілетінін айтатын. Әр адамға жарақатына байланысты әртүрлі уақыт белгілейтін. Дәл сол кісі айтқан уақытта әлгі шүберек өзі шешіліп қалатын. Аяққа тез тұрғызатын қасиетті жан еді. Мерғалым атаның көмегін алған Ресей Федерациясынан келген қонақтардың әңгімесін естіп, қайран болдым! Атамыздың ұрпақтары аман болсын! Той баршамызға құтты болсын!

А.АСҚАРҚЫЗЫ.