Болашақта Майқайың кенті жаңа кейіпке енбек. Олай дейтініміз, жақында аталмыш кентті қалпына келтіру туралы меморандумға қол қойылды. Соның нәтижесінде елді мекендегі апатты үйлердің тұрғындарын көшіру, қазандықты жаңғырту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қызу қолға алынбақ.
Бұған дейін жазғанымыздай, былтыр «Майқайың Алтын» кенішінде ірі техногендік апат орын алып, салдарынан төрт азамат ажал құшқан болатын. Бұл қайғылы жағдайдан соң аталмыш кенттегі жұртшылық тұрғын үйлердің құлау қаупі бар-жоғын тексеріп беруді сұраған еді. Осыдан кейін мамандар әзірге алаңдауға еш негіз жоқ деген болжам жасаған. Бірақ апат айтып келмейтіні анық. Аймақ басшысы жергілікті билікке тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор екенін ескертіп, инвестормен бірлесіп Майқайыңдағы жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, жоспар жасауды тапсырған. Осы бағыттағы іс-шаралардың нәтижесінде облыс әкімі Асайын Байханов пен «Алтыналмас» АҚ-ның басқарма мүшесі, қаржы жөніндегі бас атқарушы директор Рүстем Қаракесов жалпы сомасы 4,6 млрд теңгені құрайтын әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойды.
— Бұл — жай ғана заңды құжат емес, апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу және кентті жылумен жабдықтау жүйесін жаңартудан бастап, жаңа әлеуметтік нысандар салуға, жолдарды жөндеуге дейінгі кенттегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған билік пен бизнестің күш-жігерін біріктіретін нақты іс-қимыл жоспары, — деп атап өтті Асайын Байханов.
Аймақ басшысы кентте бірқатар мәселе барын алға тартты. Оның айтуынша, бүгінде «Шанхай» шағын ауданында 76 ескі үй бар. Оларды көшіру қажет. Сондай-ақ, жекеменшік сектордың көп бөлігі орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Соның салдарынан көптеген тұрғын басқа жаққа қоныс аударуда. Ал жылу энергиясының қуатын арттыру үшін жұмыс істеп тұрған қазандықты қайта жаңғырту және жаңасын орнату керек. Бұл қымбат жоба болғандықтан, оны облыс бюджеті есебінен жүзеге асыру мүмкін болмады, деді өңір әкімі.
Сонымен, аталған меморандумға сәйкес, көп кешікпей кәсіпорын шахталарына жақын орналасқан Шанхай шағын ауданындағы апатты тұрғын үйлер көшірілмек. Инвестор ағымдағы жылдың соңына дейін 1,2 миллиард теңгеге мұндағы ескі үйлерді сатып алып, сүріп тастайтын болады. Бірақ болашақта мұнда құрылыс жүргізілмейді. Мамандар бұл аумақ санитарлық аймақтың бір бөлігіне айналатынын алға тартуда.
– Үйлердің шаршы метрі үшін сатып алу құны орта есеппен 89 мың теңге көлемінде белгіленді. Тұрғындар ақшалай өтемақы алады немесе жаңа үйдің салынуын күтеді. Жаңа баспаналы болғысы келетіндер үшін әкімдік жер телімдерін ұсынады, – деді Асайын Байханов.
Келесі жылы қазандықты қайта жаңғырту, жаңа қазан орнату және автономды түрде жылытылып отырған үйлерді орталық жүйеге қосуға бағытталған жұмыстар басталады деп жоспарлануда. Жоғарыда аталған жұмыстар 2027 жылдың күзіне қарай аяқталған соң шамамен мыңға жуық абонент орталық жылу жүйесіне қосылмақ. Бұл іс-шаралар облыс әкімінің тапсырмасы бойынша орындалған кенттің жылумен жабдықтау желілеріне жүргізілген технологиялық аудиттің қорытындысына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Бұдан бөлек, жолдар салу және күрделі жөндеу, музыка мектебі мен заманауи спорт кешені сынды әлеуметтік нысандар тұрғызу, көше-аулаларды абаттандыру жұмыстары да қолға алынбақ.
Айта кетерлігі, бүгінгі таңда кеніште 850 адам жұмыс істейді. Алдағы екі жылда кен өндіру көлемінің артуына және кадр қажеттілігіне байланысты жұмыс орындарын мың адамға дейін көбейту көзделуде. Сәйкесінше, өндірілген шикізатты өңдеу көлемі де артпақ. Бұл жобаларды сәтті іске асыру арқылы халықтың өзге өңірлерге көшіп кетуін тоқтатып, өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасалмақ.
Облыс әкімі Майқайың кентіне жасаған сапар барысында маңызды инфрақұрылымдық жобалармен және табиғи апаттың салдарын жою жұмыстарымен де танысты.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта кентке қарасты Сұлужон, Шөптікөл, Майкөбе ауылдарының кіреберіс жолдарына асфальт жабыны төселуде. Жобаға 1 миллиард 599 миллион теңге қарастырылған.
— Бұл жолдардың ұзындығы 32 шақырымды құрайды. Соңғы үш жылда 23 көшеге 17 шақырым асфальт төселді. Бүгінде кент жолдарының 90 пайызы қанағаттанарлық жағдайда, – деді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев.
Бұл өңірде кіреберіс, кентішілік жолдарды жөндеумен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар құрылысы да жүргізілуде. Аудан әкімінің айтуынша, 3,3 шақырым жерде тротуар салынуда. Сонымен қатар, Сұлужон, Майкөбе ауылдарында су тарту жұмыстары жүргізіліп, үйлерге кіргізілген. Бұл мақсатқа 394 миллион теңге бағытталған.
Жалпы, соңғы үш жылда Майқайың кенті мен оған іргелес жатқан Сұлужон, Майкөбе, Шөптікөл, Үшқұлын ауылдарын дамытуға облыстық бюджеттен 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қомақты сома кіреберіс жолдар салу, көшелердің асфальт жабынын жөндеу, жылумен жабдықтау, су құбырлары желілерін жаңарту, мектептер мен ауруханаларды күрделі жөндеуден өткізу, мектеп автобусы мен санитарлық көлік сатып алу, медициналық жабдықтарды жаңарту, балалар ойын алаңдарын орнату сынды жұмыстарға жұмсалған.
Сапар барысында аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар нысандарға да бас сұғып, жайдайларымен таныс болды.
Н.АҚЫТЕГІ.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.