Бағдарлама жемісін беруде

Там 21, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Ауыл-аймақты дамытуды мақсат еткен «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасының шарапатын павлодарлық тұрғындар да көруде. Ағымдағы жылы аталмыш бағдарлама аясында облысқа қарасты елді мекендерде 45 жоба жүзеге асуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Дамир Төлеубаевтың айтуынша, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша аймақтағы отыз мыңға жуық халқы бар 22 ауылда жүзеге асып жатқан 45 жобаның 9-ы толық аяқталған. Ал 35 жоба бойынша елді мекендерде жұмыс жалғасуда. Тағы 1 жоба осы айда басталады деп жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыстарға қазынадан 9 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Осы жылы жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталар болсақ, Ақсу қаласының Үштерек ауылында, Екібастұз қаласына қарасты Бәйет, Қоянды ауылдарында, Баянауыл ауданының Жаңатілек, Тереңкөлдегі Песчан, Май ауданындағы Қаратерек ауылдарында 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. Сондай-ақ, Ертіс және Успен аудандарында 2 бессейн, ал Ақсу қаласының Алғабас, Павлодар қаласына қарасты Мичурин елді мекендерінде мәдениет үйлері салынуда. Бұдан бөлек, бірнеше ауданда жарықтандыру желілері орнатылып, жолдар жөнделуде. Әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары да сәтті жүргізілуде.

Қуантарлығы, биыл мердігерлер тарапынан құрылыс жұмыстарын кешіктіру, соттасу сынды жағдайлар орын алған жоқ, дейді басқарма басшысының орынбасары.

— Ағымдағы жылы іске асырылып жатқан осынау жобалар аясында 163 уақытша жұмыс орны ашылды. Бұл жоспарланған көрсеткіштен асып, 110,8 пайызды құрады. Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан шаралар, мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі деңгейдегі бюджеттерден бөлінген қаржы ауылдық инфрақұрылымды кешенді түрде дамытуға және азаматтар үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған, — деп атап өтті Дамир Төлеубаев. Оның айтуынша, 2019–2024 жылдар аралығында аталған жоба аясында 156 мыңнан астам халқы бар 103 ауыл жаңғыртылған. Олардың қатарында тірек, серіктес және стратегиялық маңызға ие елді мекендер бар. Осы кезеңде 424 инфрақұрылымдық жоба іске асқан. Тек өткен жылы 15 ауыл қамтылып, 58 жоба қанат қаққан.

Ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған бағдарлама 2027 жылға дейін жалғасады деп күтілуде.

Нұржайна ШОДЫР.