Автобустардың жүру бағыттары өзгерді

Там 21, 2025

Жолаушының жағдайы не болады?

Кешеден бастап Павлодар қаласының тұрғындары қоғамдық көлікпен қатынауда қиындыққа тап болуда. Өйткені бірнеше автобустың бағыты өзгертілді. Кейбір автобустардың маршруты біріктірілсе, енді бірі жолға мүлдем шықпайтын болды. Қала сыртындағы ауылдардан қатынайтын жұртшылық  облыс орталығына жеткен бойда басқа қоғамдық көлікке мінуге міндетті. Мұндай жаңашылдықты енгізуге не түрткі болды? Бұдан кім ұтады? Кім ұтылады?

Айдана ҚУАНЫШЕВА

20 тамыздан бастап Павлодар қаласы бойынша жұмыс істейтін 30 автобус бағытының екеуі қысқартылып, 11 бағыт оңтайлан-дырылды. Сәйкесінше, кейбір автобустардың жүру бағыты өзгертіліп, екі автобус біріктірілді. Жауапты мамандар мұндай өзгерту оңтайландыру нәтижесінде қолға алынғанын, жаңа жүйе сынақ режимінде жұмыс істейтінін айтады.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың айтуынша, мұндай өзгеріс маршруттық желілерге жүргізілген талдау нәтижесінде қолға алынған. Онда қозғалыс сызбалары, бағыттардың жалпы қашықтығы, жолаушылар ағыны сынды деректер зерттелген. Нәтижесінде бірқатар бағыттың тиімсіз екені, кейбірі бір-бірін қайталайтыны анықталған. Маршруттық желіні оңтайландырудың мақсаты – бюджеттен бөлінетін субсидия көлемін азайту және бағытты нақты жолаушылар ағынына сәйкестендіру.

— №5 және №6 автобустар енді жолаушыны тасымалдамайды. Өйткені аталмыш бағыттар тиімсіздігін көрсетті. №6 бағытта бір жылда шамамен 39 мың транзакция тіркеледі. Билет сатудан түскен жылдық кіріс 4,2 млн теңгені құрайды. Алайда, бағытты күтіп-ұстау шығындары 53,8 млн теңгеге жетеді, бұл жылына 49 млн теңгеден астам залалға алып келеді. Ал №5 бағыт жылына шамамен 316 мың жолаушы транзакциясын қамтамасыз етіп, 34,2 млн теңге кіріс әкеледі. Дегенмен, оны күтіп-ұстауға жұмсалатын қаражат 234 млн теңгені құрайды. Бұл жылына шамамен 200 млн теңге көлеміндегі шығынға әкеледі. Сондықтан шығындардың кірістен айтарлықтай артуы №5 және №6 бағыттарды тасымалдаушы үшін де, бюджет үшін де экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді. Сондықтан №5 және №6 бағыттарды қысқарту туралы шешім қабылданды, — дейді Ә.Аманов.

Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арслан Мақсұтов №1, №1Э, №17, №21, №24, №31, №38, №40, №41, №44 және №66 автобус бағыттары оңтайландырылғанын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, қала маңындағы ауылдарға қатынайтын №24, 38, 40, 41, 44 және 66 қоғамдық көліктері тұрғындарды бекітілген аялдамадан түсіріп, қала ішіндегі бұрынғы бағытын жалғастырмай, ауылға кері қайтады. Мәселен, №38 автобус Айнакөл ауылы мен Атамекен кентіндегі жолаушыларды облыс орталығындағы Прибрежный шағын ауданынан түсіріп кетеді. Тұрғындар сол аялдамадан өзге автобусқа отыруы тиіс. Теміржол кентінен №40 автобуспен шыққан жолаушылар АЦТО аялдамасынан түсіп қалуы керек. №41 автобус Жетекші ауылынан отырған жолаушыларды теміржол вокзалынан түсіреді. Павлодар ауылына қатынайтын №44 автобус жолаушыларды Прибрежный шағын ауданының аялдамасына дейін ғана жеткізеді. Мойылды ауылына қатынайтын №66 автобус та жолаушыларын теміржол вокзалынан түсіреді. Долгое ауылынан шыққан №24 автобус Байдала және Кенжекөл ауылдарындағы жолаушыларды салып алып, облыс орталығындағы Ладожская көшесінен түсіріп кетеді.

«Смарт Автобус ПВ» ЖШС-ның директоры Талғат Тоқтағанов ауылдан автобусқа мінген жолаушылар екінші автобусқа отырған сәтте екінші мәрте жолақысын төлемейтінін айтады. Бірақ оның да өз ережесі бар.

Павлодар-Кенжекөл бағыты: №21 автобустың бұрынғы жүру кестесі

 

 

Ұсынылған жаңа №21 автобустың жүру кестесі        

 

— Мәселен, Атамекен кентінен автобусқа отырған жолаушы жолақысын төлеп, Прибрежный шағын ауданының аялдамасынан түседі делік. Сол жерден басқа, яғни қалаішілік екінші қоғамдық көлікке отырған сәтте автобус картасын жол ақысын алатын электронды құрылғыға жақындатқанда ақша алынбайды. Бірақ бір автобустан екінші автобусқа отыру уақыты 60 минуттан аспауы керек. Бір сағаттан бір минут асып кеткен жағдайда екінші рет жолақысын төлеуі керек болады. Сонымен қатар, жолақысын «Avtobys» қосымшасы арқылы төлеуге болады. Ал банк қосымшаларындағы QR және қолма-қол ақша арқылы төлейтіндер мұндай мүмкіндікті пайдалана алмайды. Олар 60 минут өтпесе де, екінші автобусқа отырса тағы жол ақысын төлеуі керек, — дейді Т.Тоқтағанов.

Бұдан былай №1 және №1Э автобустары біріктірілді. Бұл шешім екі бағыт қозғалыс сызбаларының едәуір қайталануына байланысты қабылданған. Біріктіру нәтижесінде қозғалыс аралығы 13 минуттан 8 минутқа дейін қысқартылады, дейді мамандар. Сонымен қатар, №22 және №21 автобустардың бағыты бір-бірін қайталағандықтан, №21 автобустың бағыты өзгертілген. Бұдан бөлек, №17 және №31 автобустар да бұрынғы бағытпен жүрмейді.

Жауапты мамандар сынақ режимінің қорытындысы бойынша жиналған деректерге талдау жүргізілетінін айтады. Нәтижесінде автобус кестесіне өзгерістер енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданады.

Автобус бағыты бойынша сұрағы бар тұрғындар үшін жедел желі іске қосылған. Бұл ретте жұртшылық WhatsApp желісі арқылы +7 775 157 8959 нөміріне жаза алады. Оңтайландырылатын бағыттардың кестесі автобустарда және «Avtobys» қосымшасында орналастырылған. Сонымен қатар, қоғамдық көліктердің жаңа бағыты Павлодар қаласы әкімдігінің Инстаграм парақшасына салынған. Сонда пікір қалдырған тұрғындардың басым көпшілігі қарсылық танытуда.

Павлодар қаласының тұрғыны Мансұр Атшыбай №1 және №1Э автобустарын біріктіру қисынсыз екенін айтады. Өйткені жаңа бағыт бойынша қоғамдық көлік Құдайбердиев көшесіне қатынамайды.

— Бұған дейін қамтылатын «Қазақ соқырлар қоғамы» мен «Рембыттехника» аялдамалары да жоқ. Сонда бұл орындарға қалай жетуіміз керек? Құдайбердиев көшесінен қала орталығындағы Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне баратын студенттер бар. «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі аумағында жаңа мектеп салынуда. Оқушылардың жағдайы не болмақ? Бұған дейін жұмыс істеп тұрған жүйе неге тиімсіз болып қалды? — деп ашынды қала тұрғыны.

Қала шетінде тұратын тұрғын-дардың басым көпшілігі жұмысқа, оқуға қатынау үшін бір автобустан екінші автобусқа отырады. Павлодар қаласының тұрғыны Бауыржан Исламбек әйелінің қоғамдық көлікпен жұмысқа қатынауы қиындағанын жасырмады.

— Әйелім — екінші топтағы мүгедек. Ол Лесозавод шағын ауданынан №44 немесе №153 қоғамдық көлігіне отырып, Олжабай батыр аялдамасынан түседі. Сол жерден №21 автобусқа отырып, жұмыс орны жақын Чехов аялдамасына дейін барады. Енді №21 автобусына отырып, әлгі Чехов аялдамасына жетуі үшін бүкіл қаланы аралауға мәжбүр. Себебі, жаңа бағыт бойынша автобус Олжабай Батыр көшесінен Торайғыров-Назарбаев даңғылы-Естай көшелері арқылы өтеді. Бұрынғыдай Ак.Сәтбаев көшесіне тура бұрылмайды. Жұмысқа жетуі үшін қаланы толық айналуға мәжбүр. Одан бөлек, немерелерімзді балабақшадан алады. Жаңа бағыт тиімсіз, — дейді қала тұрғыны.

Бұрынғы жүйеге үйренген әрбір қала тұрғыны оңтайландырудан кейін осындай жағымсыз пікір қалдыратыны сөзсіз. Ондай шағым жетіп артылады. Жауапты мамандар сынақ режимінің қорытындысынан кейін талдау жүргізілетінін айтып отыр. Жолаушылардың талап-тілегі ескеріліп, автобус бағыты жетілдіріледі деген ойдамыз. Жаңа өзгеріс басылым назарында болады.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.