Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қадағалау, қажет кезінде тұрақтандыру мақсатында арнайы қор барын көпшілік біледі. Енді осы тұрақтандыру қорларының жұмысына бақылау күшейтіліп, цифрландыру арқылы қоймалардағы ахуал алақандағыдай көрініп тұратындай ету ұсынылып отыр.
Бұл туралы Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру тақырыбына арналған әр апта сайын өтетін жиында мәлім болды. Қазіргі таңда барлық өңірлер күзгі-қысқы кезеңде қолжетімді бағаны қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорларына күзгі көкөніс бойынша келісімшартқа отыру науқанын түйіндеген. Осы ретте, Премьер-Министр орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне тұрақтандыру қорларында азық-түліктің бар-жоғын және сапасын тұрақты түрде мониторингілеу үшін тұрақтандыру қорларын тексерудің алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Министрліктегілер азық-түлік сақталатын қоймаларды бейнемониторинг жүйелерімен және өнімнің түскен және босатылған көлемін түсіретін, сканерлеп отыратын құрылғылармен жабдықтауды ұсынып отыр. Осылайша, онлайн режимде азық-түліктер қозғалысының ашықтығын және бақылауды күшейтеді деп күтілуде. Премьер-Министр орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин аталмыш ұсынысты қолдап, өңірлерге оны енгізу тетіктерін қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, тұрақтандыру қорларын толықтыру үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен биылғы өнімге келісімшарт жасасу барысы да талқыланды. Елімізде соңғы аптада күріш, орамжапырақ, сәбіз, картоп бағасы төмендегені тіркелген.
Жиында сиыр еті нарығындағы ахуал да айтылды. Соңғы аптадағы сиыр етінің бағасы 0,8 пайызға өскенімен, жыл басынан бері өсім 20 пайыздан асып кеткен. Десе де, бұл өсім жалпыәлемдік баға өсу қарқынынан және көрші елдердегіден төмен көрінеді. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, қазақстандық сиыр еті әлі де бәсекеге қабілетті қалпында. Қазақстандағы сиыр етінің орташа бағасы келісіне 3105 теңгені құрайды, Еуразиялық экономи-калық одақ елдері мен Өзбекстандағы бағадан төмен. Сәйкесінше, көрші елдер нарығы тарапынан қазақстандық сиыр етіне деген сұраныс тұрақты түрде жоғары болып отыр.
Министрліктегілер картоп бағасының келесі маусымда күрт өсуін болдырмау үшін Сауда және интеграция министрлігі ауыл шаруашылығы министрлігімен, әкімдіктермен және Картоп өсірушілер одағымен бірлесіп, тұрақты жеткізу және баға туралы меморандум әзірлеуде.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.