Отан мерейі — отбасы құндылығы

Там 28, 2025

Аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері бірқатар әлеуметтік мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Сондай-ақ, олар ана мен бала денсаулығы, жасөспірімдер мәселесі, отбасы құндылықтары тақырыптары төңірегінде ой қозғап, түрлі сала мамандарымен кездесулер ұйымдастырды.

Орталық жұмысымен танысты

Мемлекет басшысының Жарлы-ғымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасы аясында ағымдағы жылы еліміздің бірқатар өңірінде отбасын қолдау орталықтары құрылған еді. Мұндай мекеме биыл қаңтар айында Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан да ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Облысымызға келген ұлттық комиссия мүшелері Жұлдыз Дәулетбаева мен Эльмира Кәрімова алдымен аталмыш орталыққа бас сұғып, мұндағы жұмыс барысымен таныс болды.

Павлодар қаласындағы отбасын қолдау орталығының директоры Гүлнәр Нұржанованың айтуынша, бүгінде бұл мекеме бірқатар нақты шараларды жүзеге асыруда.

— Біздің жұмысымыз отбасын нығайтуға, отбасылық жанжалдардың алдын алуға және оларды шешуге, сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған шаңырақтарды қолдауға бағытталған. Атқарылатын іс-шараларға тоқталар болсақ, тұрғындарға психологиялық көмек көрсету, құқықтық кеңес беру, ақпараттық қолдау, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және басқа да қызмет түрлерін ұсынамыз. Орталық мамандары көмекке жүгінген жандарға отбасылық қарым-қатынасты нығайту, ата-ана мен бала арасындағы байланысты жақсарту, жанжалдарды шешу жолдары, құқықтық және өзге де отбасылық мәселелер бойынша кеңес берумен айналысады, — дейді орталық директоры. Оның айтуынша, павлодарлықтарды толғандыратын басты мәселе – баспанамен қамту. Алайда орталық мамандары баспанасыз жандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, кезекке қою сынды күрделі мәселелерді шеше алмайтынын жеткізді. Бірақ азаматтарды жұмысқа орналастыру, тиісті жәрдемақыларын алуы үшін құжаттарын рәсімдеу, психологиялық көмек көрсету сынды мәселелердің барлығының шешімін осы жерден табуға болады, дейді мамандар.

Мекеме басшысы биыл жыл басынан бері мұнда 200-ге жуық адам келіп, көмек сұрағанын айтады. Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында Павлодар қаласы әкімінің өкімімен мобильдік топтар құрылып, қызмет көрсетуде екен.

— Бүгінгі күні Павлодар қаласы бойынша осындай 15 мобильдік топ жасақталған. Оның жұмысына мемлекеттік құрылымдардың өкілдері тартылған. Атап айтқанда, олардың қатарында полиция органдары, білім беру, денсаулық сақтау саласының өкілдері, ауылдық округтер мен кенттердің әкімдері бар. Біз бірлесіп жұмыс істейміз. Мамандар келіп түскен сигналдар бойынша қиындыққа тап болған адамдарға тиісті жәрдем көрсетеді, — деп атап өтті Гүлнәр Нұржанова.

Отбасын қолдау орталығының жұмысымен таныс болған ұлттық комиссияның мүшесі Эльмира Кәрімова мұндағы жағдайға оң баға берді.

— Павлодар облысына келудегі басты мақсатымыз – осындағы орталықтардың немен айналысып жатқанын көзімізбен көріп, жұмысымен танысу. Қуантарлығы, мұнда көп іс-шара атқарылуда екен. Әсіресе, психолог, басқа да сала мамандары көмекке мұқтаж жандарға кеңес беріп, жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын атап өткім келеді. Әрине, еліміз үшін әр отбасының тыныштығы, амандығы маңызды. Сондықтан мұндай орталықтар мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да қолдау табады деген сенімдеміз, – деді ол.

Бұдан кейін ұлттық комиссия мүшелері Павлодар аудандық отбасын қолдау орталығына да барды. Ондағы мамандармен сөйлесіп, жұмыстарымен танысты.

Өкінішке қарай, Павлодар қалалық және Павлодар аудандық отбасын қолдау орталықтарында шешімін таппаған мәселелер де баршылық. Аталған мекеме басшыларының айтуынша, мұндағы мамандардың жалақысы мардымсыз болғандықтан, білікті кадр жетіспеушілігі қиындық туғызуда. Мәселен, Павлодар ауданындағы отбасын қолдау орталығының психолог маманы бір айда қолына 130-135 мың теңге еңбекақы алатыны айтылды. Мұндағы заңгер де жалақының аздығынан жұмыстан кетуге өтініш берген көрінеді. Орталықтағы осы және өзге мәселелерге құлақ түрген ұлттық комиссия мүшелері орын алған олқылықтарды назарға алатынын жеткізді.

Айта кетерлігі, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандар отбасын қолдау орталықтарының көмегіне жүгінуі үшін 111 телефоны нөмірі арқылы хабарласуға немесе Павлодар қаласы Генерал Дүйсенов көшесі, 80 үй (2-қабат) мекенжайында орналасқан мекемеге келулеріне болады.

Ерте жүктілік — ешқандай жетістік емес

Аймағымызда ерте жүктілік мәселесі әлі де өзекті. Жыл басынан бері 18 жасқа толмаған 43 қыз ана атанған. Күн тәртібіндегі мәселе «Достық үйінде» өткен ауқымды жиында талқыланды.

Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау мәселесі сөз болған шараға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері – Жұлдыз Дәулетбаева, Эльмира Кәрімова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, басқарма басшылары, аудан әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Айгүл Қайыртасқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұрпақ денсаулығына, отбасы институтын нығайтуға және әлеуметтік-медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған бастамаларын сөз етті. Жастарға қамқорлық, жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау – тек медицина саласының ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағытта білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, ата-аналар қауымдастығы және жастардың өздері бірлесе әрекет етуі тиіс екенін айтты.

Ұлттық комиссия мүшесі Жұлдыз Дәулетбаева ерте жүктіліктің алдын алуда жүйелі шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

– 2020 жылдан бері кәмелетке толмағандар мен жастар медициналық ұйымдардың жолдамасынсыз репродуктивті және психикалық денсаулықты қорғау қызметтерін ала алады. 18 жасқа дейін жасанды түсік ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен ғана жасалады. Елімізде 15–17 жас аралығындағы қыздар арасындағы жүктілік фактілері азайғанымен, Павлодар облысы әлі де «қызыл аймақта» қалып отыр, — деді Ж.Дәулетбаева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметековтің мәліметінше, биыл сегіз айдың ішінде ерте жүктіліктің 43 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 фактіге аз. Жасанды түсік тастау жағдайлары да кеміген. Аймағымызда үш жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. Онда 31 мыңнан астам адам көмекке жүгінген, олардың жартысы – 15–18 жастағы жасөспірімдер. Басым көпшілігіне психолог, гинеколог және урологтың кеңесі қажет болған.

Жастарды тәрбиелеуде білім саласының да үлесі зор. Облыстық білім басқармасының басшысы Айгерім Әбенованың айтуынша, аймақта қыз балаларға арналған 256 «Аққу» клубы жұмыс істейді. Үйірмеге 4 мыңнан астам оқушы қатысады. Бұдан бөлек, 231 мектепте әкелер клубы, 125 мектепте ата-әжелер клубы ашылған.

Ұлттық комиссия мүшелері жасөспірімдерді тәрбиелеуде барлық мемлекеттік құрылымдарды, ата-аналар мен жастарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. «Павлодар облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Марина Поух мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жастарға ақпарат таратуда дәстүрлі қағаз тасымалдаушылардан гөрі әлеуметтік желілер мен интернетті белсенді пайдалануды ұсынды.

Жастардың денсаулығы — назарда

Павлодар қаласындағы №3 емханада пилоттық жоба негізінде іске асқан тың бастамалардың бірі – Жастар денсаулығы орталығы. Бұл орталық 10-17 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 18-35 жас арасындағы жастарға арналған. Мұнда дәрігер қабылдауына жазылып, кезек күтпей-ақ, терапевт, педиатр, гинеколог, уролог, дерматовенеролог пен психологтың көмегіне жүгінуге болады.

Аталған орталықтың жұмысымен таяуда Павлодар облысына сапармен келген ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері танысты. Олар жастардың денсаулығын қорғауға бағытталған бастаманың маңыздылығын жоғары бағалады.

№3 емхананың басшысы Алмас Қажиновтың айтуынша, жастарға арналған мұндай орталық қалада тек екі жерде ашылған. Оның бірі – «Almaz Medical Group» ЖШС.

– Жастар денсаулығы орталығының ашылуы учаскелік дәрігерлердің жұмысын 30 пайызға жеңілдетті. Себебі 10 мен 35 жас аралығындағы тұрғындар үшін жеке мамандар қызмет көрсетеді. Мұнда екі терапевт, педиатр, гинеколог, уролог, дерматовенеролог және үш психолог жұмыс істейді. Орталық құрылғалы бері 7 мыңнан астам қызмет көрсетті. Келушілер арасында басқа аудандардан келгендер де бар. Мәселен, Железин ауданында тіркеуде тұрған, бірақ Павлодарда еңбек етіп жүрген адам біздің орталыққа еркін келе алады. Бұл – тұрғындарға жасалып отырған зор қолдау, – дейді А.Қажинов.

Орталықтың аға медбикесі Айсұлу Жаналинова бұл бастаманың басты мақсаты – жастарға қолдау көрсету екенін тілге тиек етті.

– Жастар тек дәрігерге емес, психологтарға да көмекке жүгініп жатады. Қиындыққа тап болған кез келген жас мұнда ойын ашық айта алады. Мектеп оқушылары болашақ мамандық таңдауға кеңес сұрайды. Сонымен қатар, заңгерлік, медициналық құжаттар бойынша да қолдау көрсетеміз. Әсіресе, оқуға құжат тапсыратын кезде жастардың жүгінетіндері көп. Кей жасөспірімдер ата-анасымен қарым-қатынас мәселесін де көтереді. Бір күнде әр маман кемінде 5-6 адамды қабылдайды, – дейді ол.

Жастар денсаулық орталығы тек қала ішінде емес, аудандарға да шығады. Онда мамандар жасөспірімдермен және жастармен кездесіп, түрлі сауалға жауап береді. Тренингтер мен ойындар ұйымдастырады. Негізгі тақырыптардың қатарында ерте жүктіліктің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және зиянды әдеттерден арылу бар.

Ұлттық комиссия мүшелері кездесу барысында орталық қызметкерлерімен пікір алмасып, жастарға көрсетілетін көмек сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарды талқылады.

Кейін сапар Екібастұз қаласындағы №3 емханада жалғасты. Онда комиссия мүшелері орталықтағы жастарды профилактикалық қызметпен қамту аясындағы жұмыстармен танысты.

Нұржайна ШОДЫР,
Айдана ҚУАНЫШЕВА,
Айдана БОРАНБАЕВА.