С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Конституцияның 30 жылдығына арналған «Ата Заң – Тәуелсіз ел тұғыры!» атты көрме ашылды. Көрме тәуелсіз Қазақстанның саяси-құқықтық қалыптасу жолын айшықтайды.
Айдана ҚУАНЫШЕВА
Экспозицияда Ата заңның тамыры саналатын Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы», тәуел-сіздік туралы Конституциялық заңнан бастап, бүгінгі қазақстандық мемлекеттіліктің берік іргетасына айналған 1995 жылғы Конституцияға дейінгі тарихи кезеңдер қамтылған. Сондай-ақ, құқық пен мемлекетті басқаруға арналған құнды кітаптар ұсынылған.
Көрме үш бөлімнен тұрады. Әр бөлім өз дәуірінің тарихынан сыр шертіп, құқықтық ойдың қалыптасу жолын айқындайды. «Ата Заң – асыл мұраттар бастауы» атты бөлімде дала демократиясының алғашқы құқықтық заңдары туралы еңбектер орналастырылған. Оның ішінде «Жеті жарғы» (1993), «Мәдени мұра», «Қазақтың ата заңдары» (2004), «Дәстүрлі құқықтағы билер соты» (2008) және әр жылдары жарық көрген Конституция жинақтары қойылған. «Ата Заң — тәуелсіздік тірегі» атты екінші бөлімде қазақ және орыс тілдеріндегі конституциялық заң кітаптары орын тепкен. Бұл ретте «Тәуелсіздік тартулары» (2001), «Тәуелсіздік Қазақстан – егеменді мемлекет», академик Салық Зимановтың жетекшілігімен шыққан 10 томдық құжаттар жинағы (2009) ұсынылған. Үшінші бөлімге «Конституция – әр күннің негізі» атауы берілген. Мұнда Конституцияға енгізілген өзгертулер туралы мәліметтер қойылған.
Кітапханадағы негізгі кітап сақтау бөлімінің басшысы Бақытжан Мұқашева қорда заң, құқық тақырыбындағы кітап көп екенін айтады. Көрмеге Конституцияның қалыптасу тарихы мен мазмұнын айқындайтын 100-ге жуық кітап қойылған.
— Конституция – еліміздің асқақ абыройы. Көз алдымызда мемлекетіміздің жаңа тарихы қалыптасуда. Ата Заңымыздың қабылдануы, Мемлекеттік рәміздеріміз — Елтаңба, Ту, Әнұранның бекітілуі, ұлттық валюта – теңгенің енгізілуі Қазақстанның қалыптасуының аса маңызды кезеңдері. Тұрғындар тарихты білуі тиіс. Ұсынылып отырған көрменің мақсаты да – осы, -дейді Б.Мұқашева.
Кітапхана қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақ-тарын мемлекетіміздің қалыптасу тарихымен танысуға шақырады.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.