Тұрғындар мәселесі – депутат назарында!

Там 28, 2025

Көпшілікті толғандырған мәселелерге көңіл бөліп, оның оң шешімін табуына қолдау көрсету – депутаттық парыздың бірі екені сөзсіз. Ал сайлаушылар алдындағы осынау борышын ойдағыдай орындау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген жандардың бірі — облыстық мәслихат депутаты Айтжанова Динара Нұржанқызы. Халық қалаулысының жұмысы жайлы толығырақ білу үшін аз-кем әңгімеге тартқан едік.

— Динара Нұржанқызы, алдымен ағымдағы жыл басынан бері атқарған жұмыстарыңызға тоқтала кетсеңіз…

— Әрине, депутат болған соң жүктелер жауапкершілік те мол. Менің негізгі жұмысым — сайлаушыларыммен тұрақты байланыста болып, азаматтардың өтініштеріне құлақ түру және депутаттық сауалдар жолдау. Мәселен, биыл жыл басынан бері 4 депутаттық сауал рәсімдедім. Мысал ретінде айтар болсам, маған облыс орталығындағы Катаев көшесі, 83-үй мекенжайында орналасқан «№1 балабақша-мектеп-интернатының арнайы кешені» КММ-нің басшысы жүгініп, аталған білім беру мекемесі аумағындағы жылу трассасын ауыстыру кезінде сапалы асфальт жабыны бұзылғанын, бірақ оның орнына жаңасы салынбағанын айтты. Бұған дейін өтініш беруші бірыңғай байланыс орталығына (109 нөміріне) бірнеше рет хабарласқанымен, еш нәтиже шықпаған екен. Осыдан кейін мен Павлодар қаласының әкімі Х.Хабылбековтің атына депутаттық сауал жолдадым. Асфальт төсемін ауыстыру туралы мәселе бірден оң шешімін тапты. Интернат басшысы хабарласып, ризашылығын білдірді.

Жалпы, биыл 180-нен астам азаматтың өтініштерін қарап, тұрақты қабылдау жүргізілетін болады. Солардың ішінде зағип жандардың, яғни «Қазақ соқырлар қоғамының Павлодар оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС қызметкерлерінің ұжымдық өтініші ерекше алаңдаушылық туғызды. Серіктестік басшылығы қарамағындағы жұмысшыларға жеңіл сүзгілерді тігу бойынша 14 тігіншінің штат саны қысқаратыны жайлы ескертіп, еңбек шарты бұзылатынын хабарлаған. Өтініш білдірушілердің еңбек құқықтарын қорғау үшін оларға білікті заңгердің көмегі ұсынылды. Сондай-ақ, заң бойынша тігіншілерге жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы тағайындалуы үшін тиісті қолдау шаралары көрсетілді.

Тағы бір өзекті мәселе — жұмысшы мамандардың денсаулығын сақтау және кәсіби аурулардың алдын алу. Депутат ретінде осы мәселені көтеріп, облыстық прокуратура, денсаулық сақтау басқармасы, «Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы» КЕАҚ, өңірдегі өзге де бірлестіктер мен мекемелер өкілдерінің қатысуымен диалог алаңдарын ұйымдастырдым. Онда міндетті скрининг жүргізу және кәсіби аурулардың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Штаттан тыс кәсіптік патолог Айгүл Есенованың айтуынша, облысымызда кәсіптік патология институты растаған кәсіптік аурулары бар 10 адам есепке алынған екен. Бұл ретте, жұмыс орындарының шаңдануынан туындаған өкпенің созылмалы обструктивті ауруы көш бастап тұр. Ал мұндай ауруларды анықтау үшін сараптаманың қалай жүргізілетіні көпшілікті толғандыратыны сөзсіз. Осыған орай «Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы» КЕАҚ-ның басшыларымен онлайн форматта сөйлесіп, мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ертай Отаров еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығының атынан статистика мен нақты ұсыныстарға терең талдау жасады. Оның айтуынша, кәсіби аурулар көбінесе Павлодар облысы сияқты өнеркәсіптік кәсіпорындары бар өңірлерде күрделі мәселе болып қала бермек. Бірақ біз қол қусырып қарап отырмай, өз тарапымыздан әрекет етуіміз қажет. Осы тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда кәсіптік патолог-дәрігерлерді тарту және олардың біліктілігін арттыру, зиянды өндірістердің қызметкерлері үшін 100 пайыз кәсіби тексерулерді қамтамасыз ету, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, кәсіптік аурулардың алдын алудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу туралы ой-пікірлер айтылды. Жұмысшылардың денсаулық жағдайын жақсарту, кәсіптік аурулардың алдын алу туралы осынау ұсыныстар жауапты мекемелерге жіберілді.

— Өзіңіз қатысып жүрген тұрақты комиссия отырыстарында қандай мәселелер қаралуда және олардың шешілу барысы қалай?

— Мен облыстық мәслихаттың білім, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырыстарына қатысып отырамын. Биыл да ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, аймақ тұрғындарын жұмыспен қамту және осы бағыттағы межені орындау үшін қабылданып жатқан шаралар, әлеуметтік осал топтарды қолдау, АИТВ инфекцияларының алдын алу бойынша атқарылған іс-шаралар жан-жақты талқылануда.

Ал ағымдағы жылы менің төрағалық етуіммен екі комиссия отырысы өтті. Аталған жиында аймақ бойынша еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы кәсіптері мен мамандықтарына мониторинг жүргізу, жұмыс берушілердің өтінімдеріне сәйкес қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды жүзеге асыру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатыстыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, мобильді орталықтардың жұмысын жандандыру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша ірі бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыру, өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру, жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу сынды мәселелер назарға алынды. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру, оларды қосымша әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету және ауылдық жерлерде тұратын жарымжан жандар үшін инва такси қызметін ұйымдастыру ісі қарастырылды.

— Депутат ретінде әйелдер және балалар құқығын қорғау ісімен де айналысатыныңызды білеміз. Бұл ретте, қандай жұмыстар қолға алынуда? Қиындықтар бар ма?

— Иә, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы ретінде отбасылық құндылықтарды сақтау және әйелдердің еңбек жағдайларын жақсарту мәселесіне ерекше мән беремін. Осы мақсатта үнемі түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Биыл кәсіподақтар арбалар байқауын, отбасылық спорттық марафон және 1-сынып оқушыларына арналған «Мектепке жол» фотосессиясын өткізуге қолдау көрсетті.

Шыны керек, бүгінде елдегі жұмыс істейтін азаматтардың басым бөлігін әйелдер құрайды. Олар қоғамда ерлерден қалыспай еңбек еткенімен, отбасындағы өз міндеттері бар. Сондықтан гендерлік теңдікке қол жеткізудің маңызы зор. Осы орайда Қазақстан бірқатар халықаралық шарттарды ратификациялады және гендерлік саясат саласында берік институционалдық жүйені қалыптастырды. «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заң қабылданып, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді.

Global Gender Gap Report 2020 баяндамасына сәйкес, Қазақстан 153 елдің ішінде 72-ші орында, ал әйелдердің экономикадағы рөлі мен мансаптық мүмкіндіктері бойынша 37-ші орында екен. Сонымен қатар, әйелдер жұмыспен қамтылған халықтың 48,2 пайызын құрайды әрі жұмыссыздық деңгейі ерлерге қарағанда жоғары көрінеді. Соған қарамастан, нәзік жандылар кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысуда. Ал кәсіподақтар ұжымдық шарттар арқылы теңдіктің практикалық кепілдіктеріне қол жеткізеді, гендерлік саясат мәселелері бойынша форумдар, кәсіби шеберлік конкурстары мен конференциялар өткізеді. Мұндағы басты мақсат — мемлекет пен қоғамның назарын жұмысшы әйелдер мәселесіне аудару, олардың еңбек жағдайларын жақсарту және жалақы төлеу мен еңбекті қорғаудағы кемсітушілікті жою бойынша шаралар әзірлеу.

Қазіргі таңда облысымызда 135 мыңнан астам адамды бірік-тіретін 15 салалық кәсіподақ және 1236 бастауыш ұйым бар. Оның 52 пайызын әйелдер құрайды. Сондай-ақ, өңірдегі 10 мыңнан астам әйел зиянды жұмыс істеуде.

Міне, әр салада еңбек етіп жүрген осындай әйелдердің жағдайын жақсарту үшін кәсіподақтар тарапынан бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Атап айтқанда, гендерлік аспектіні ескере отырып, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, нормативтік базаны жетілдіру, қауіпсіз және жайлы жағдай жасауды бақылау, көп балалы және жалғызбасты аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерге қосымша жеңілдіктер енгізу мәселеріне мән берілуде.

— Биыл қандай ауыл-аймақты араладыңыз және ондағы халықты қандай мәселелер толғандыруда?

— Осы жылы Ертіс, Успен, Ақтоғай, Железин, Май, Павлодар, Шарбақты, Тереңкөл және Аққулы аудандарына бардым. Ондағы ел-жұртпен, қоғамдық кеңес мүшелерімен кездестім. Бір байқағаным, ауылдағы ағайынның көбі жайлы өмір сүруі үшін қаладағы сияқты жағдай жасалса деген тілектерін жеткізді. Яғни, инфрақұрылымды жетілдіру мәселесін көтерді. Сондықтан тұрғын үй жағдайларын жақсарту және жайлы орта құру жөнінде шаралар әзірлеу қажет деп ойлаймын. Сол арқылы ауыл халқының көшіп кетуін тоқтатуға, керісінше, қалалықтардың елді мекендерге қоныстануына мол мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде білікті медицина, басқа да сала мамандарының тапшылығы жиі айтылады. Кадр мәселесін шешу үшін әкімдік жыл сайын медицина мамандықтарына гранттар бөлуде. Өзім де депутат ретінде жас дәрігерлерге грант бөлу жөніндегі комиссия жұмысына қатысамын.

— Біздің газетімізде Павлодар қаласындағы №24 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігі жайлы мәселе көтерілген болатын. Сол кезде сіз де осы білім ордасына барып, жағдайды назарға алған едіңіз. Қазір бұл мектептегі жағдай қалай болып жатыр? Бақылауыңызда ма?

— Иә, бұл мәселе осыдан екі жыл бұрын, яғни 2023 жылы көтерілді. Біз қалалық білім беру бөлімінің өкілдерімен бірге мектепке барып, жағдайымен таныстық. Сол жылы білім ордасының аумағында жаңа футбол алаңы ашылып, спорт алаңдары ретке келтірілді. Биыл №24 мектеп толық күрделі жөндеуден өтуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауда. Бірінші қыркүйек күні мектеп балаларды қабылдауға толық дайын болады деген үміттемін.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.