Ақауларды жоюға асығу қажет

Там 28, 2025

Өңіріміздің тұрғындарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін орталықтар, желілерге жауапты кәсіпорындар жылыту маусымына дайындықты 5 қыркүйекке дейін толық түйіндеуі тиіс. Облыс әкімі Асайын Байханов аппараттық жиында осындай тапсырма берді.

Аймақ басшысы ауа райына қарай жылыту маусымының басталуы айқындалатынын атап өтті. Дегенмен, алдағы айдың басында бәрі дайын болуы тиіс деді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың мәлімдеуінше, биыл жылыту маусымына дайындық кезінде жылумен қамту жүйесіне барлығы 35,7 млрд теңге инвестиция құйылған. Нәтижесінде 46 жабдықты жөндеуге, 31,1 шақырым жылу желісін қайта жаңғыртуға мүмкіндік берген. Одан бөлек, ERG құрылтайшысы жөндеу жұмыстары көлемін ұлғайтуға қосымша 5,3 млрд теңге бөлген.

Бүгінде облыстағы 566 білім беру нысанының 563-і дайындық құжаттарын қолына алған. 305 денсаулық сақтау мекемесінің 286-сы алдағы маусымға әзір, автономды қазандықпен жылытылатын 394 нысанның 389-ы барлық жұмысын реттеп алыпты. Әлеуметтік нысандар тамыз айының аяғына дейін құжаттарын алады деп межеленген. Ал көпқабатты үйлерге келсек, облыста 2477 тұрғын үй дайын. Бұл — барлық көпқабатты үйлердің 99,1 пайызы. Гидравликалық сынаудан кейін үш қалада жылу желілерінде 295 зақымдану анықталған. Бүгінде 269-ы реттелген. 2 қыркүйекке дейін ақаулар жойылады деп жоспарланған. Облыс  әкімі А.Байханов жылыту маусымына дайындық — үздіксіз жүретін жұмыс екенін, оны уақытылы атқарып отыру керектігін атап өтті.

Аймақ басшысы ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Павлодар қаласының басшысы Хасар Хабылбеков тек көпқабатты 30 үйде ыстық судың жоқтығын атап өтті. Бүгін барлығына ыстық су жетеді деп уәде етті. Екібастұз қаласындағы ыстық сусыз отырған көпқабатты 15 үй осы аптаның соңына дейін қамтылмақ. Ақсуда 24 үй қалған, мұнда да ай соңына дейін ыстық су берілетіні белгілі болды. Ақсу қаласында жаңа нысандарды орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу мәселесі жиі көтерілетіні айтылды. Алайда, жылу қуатының жетіспеушілігіне байланысты бүгінде жаңадан нысандар қосуға мораторий жарияланған.

— Мораторий үш қалада да бар. Бізге жылумен қамтуды тұрақтандыру керек. Екібастұз қаласында қосымша қуат қосуға қазандықтардың мүмкіндігі бар. Ал Ақсуда тапшылық сезіледі. Иә, өтініштер түсіп жатыр. Бұл мәселені жаңа қазандық реттеліп, іске қосылған соң шешеміз. Бірақ біз үшін қазіргі мақсат — ағымдағы абоненттерді жылумен сапалы қамту, — деді Асайын Қуандықұлы.

Г.МАҒЖАН.