Бірлестік дайындығы мығым

Там 28, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Өңірде жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалды. Шамамен жарты айдан соң алдымен әлеуметтік нысандарға, кейін көпқабатты тұрғын үйлерге де жылу беріле бастайды. Бұл ретте пәтер иелері кооперативтері, мүлік иелері бірлестігінің әзірлікке жоғары жауапкершілікпен қарап, қыстың сақылдаған сары аязына сақадай сай болуы маңызды.

Бұл тұрғыдан алғанда облыс орталығындағы «Бекқожин 2021» мүлік иелері бірлестігінің ісі көпке үлгі боларлық деуге келеді. Осыдан төрт жыл бұрын жаңа реформа аясында құрылған бірлестік жыл сайын жылу жүйесіне қатысты жұмыстарды уақытылы әрі сапалы атқаруға тырысады. Бұл дәстүр бойынша осы жылы да бірқатар істі қолға алды. Бірлестік төрағасы Ербол Жақыповтың айтуынша, жылыту маусымы аяқталған соң жаз уақытында атқарылуы тиіс істердің жоспары түзілді. Соған сай үйлердегі жылу желілері мен үш жылу торабы қысыммен тексерілді. Ал құбырларды жуу, шаю жұмыстары келесі жылға қалдырылды. Себебі, мұндай дайындық түрі әдетте екі жылда бір рет жүргізіледі. Желілердің барлығы былтыр толығымен жуылыпты.

— Біздің бірлестіктің құрамында Бекқожин көшесі, 11/1 және Бекқожин көшесі, 11/2 үйлер кіреді. Үш подъезде барлығы 120 пәтер бар. Бұл баспаналар кірпіштен салынғандықтан, пәтерлер іші жылы. Бұған дейін жылуға қатысты мәселе болған емес. Дей тұрғанмен, жыл сайын апаттық жағдайлардың алдын алып, жылыту маусымының ойдағыдай өтуі үшін тиісті жұмыстарды шама-шарқымызша атқарып жатырмыз. Жертөледегі крандарды да ауыстырдық. Барлық шаруаны тұрғындармен бірлесіп жүргіземіз. Мұндай ауқымды істерде бірлескен жұмыстың маңызы зор, — деді Е.Жақыпов.

Бүгінде жергілікті тұрғындар үйдің жылу желілерін ғана емес, іші-сыртын да күзгі-қысқы кезеңде дайындап жатыр. Көпқабатты баспаналардың қасбетін, есік алдындағы орындықтарды сырлауды бастады.

Бірлестік пен тұрғындар тарапынан айтарлықтай жұмыс атқарылып жатқанымен, кей кездері қолайсыздықтар да туындайды. Айталық, ауладағы ойлы-шұңқырлы жерге жаңбыр мен қар суы жиналып қалады. Мұндайда су сорып алатын арнайы техниканы шақыртуға тура келеді. Сол сияқты кей тұрғындар кәріз жүйесіне тастауға болмайтын заттарды лақтырып, соның салдарынан тұтас жүйе бекітіліп қалады. Сондай жағдайда да «Коммунсервис» кәсіпорнының қызметіне жүгінуге тура келетін көрінеді.

Атап өтерлігі, коммуналдық қызмет төлемдері жыл сайын қымбаттап жатқанымен, аталмыш мүлік иелері бірлестігі бағаны тұрақты түрде ұстауға тырысады. Осыдан төрт жыл бұрын құрылған тұста әр пәтер иесі үйінің бір шаршы метрі үшін 35 теңге төлеген. Былтыр тарифтердің, құрылыс материалдарының қымбаттауы ескеріліп, МИБ қызметі де бес теңгеге өсіпті. Бүгінде пәтер иелері әр шаршы метрі үшін 40 теңге береді.

Жалпы, бүгінде облыс орталығындағы пәтер иелері кооперативтері, мүлік иелерінің бірлестігі жылыту маусымына қызу дайындалып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы жергілікті билік бақылау, қолдауымен жүзеге асуда. Таяуда гидравликалық сынақтар толығымен аяқталып, оның барысында анықталған ақаулардың барлығы дерлік жойылды. Бүгін жөндеу жұмыстарына байланысты ыстық судан уақытша ажыратылған көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су толығымен қайта берілуі тиіс.

Павлодар қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығында көппәтерлі 1308 үй бар. Бүгінгі таңда оның 1120 баспанасы жылыту маусымына толығымен дайын. 1 қыркүйекке дейін тиісті жұмыстарды аяқтап, тұрғын үй қорын алдағы кезеңге 100 пайыз әзірлеу жоспарда бар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.