Бірнеше жыл бұрын елімізде кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация тапсыру науқаны басталды. Енді жыл сайынғы үрдіске айналды. Мүлкі мен кірістері, активтері мен міндеттемелері туралы есеп-қисапты алдағы қыркүйек айының 15-іне дейін тапсырып үлгеруі тиіс. Яғни, заң негізінде аяқталуы тиіс мерзім – осы. Бұл ретте, кімдер декларация тапсыруға міндеттелген? Облыстағы жағдай қалай? Уақытылы есеп бермегендерді қандай шара күтіп тұр? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жеке тұлғаларды әкімшілендіру және жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Расул Ахметуәлиевтен білген едік.
— Расул Русланұлы, алдымен биыл облысымызда қанша адам декларация тапсыруға міндетті екенін атап өтсеңіз. Олар кімдер? Қанша азамат қазіргі уақытта есеп беріп үлгерді?
— Павлодар облысында 2025 жылы өңірдің 27 мыңға жуық тұрғыны кіріс туралы декларация тапсырады. Олар — мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары, банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушылары, жарғылық капиталдағы үлесінің (акционерлік қоғамдардың акцияларының) 10 пайызынан астамын иеленетін заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), сондай-ақ олардың резидент-жұбайлары. Сонымен қатар, жеке практикамен айналысатын тұлғалар, кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістерді қоспағанда есепті салық кезеңінде жеке тұлғаның дербес салық салуға жататын кірісін алған тұлғалар да кіреді. Есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдайы бойынша ҚР аумағынан тысқары жерлердегі шетелдік банктердегі шоттарда жиынтығында АЕК 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомада ақшасы бар тұлғалар, есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша құқықтары және (немесе) мәмілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлкі бар тұлғалар, есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша меншігінде цифрлық активтері бар тұлғалар да декларация тапсырады. Есепті салықтық кезең ішінде құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлікті сатып алған тұлғалар және Салық кодексінің 630 және 633-баптарымен регламенттелген азаматтардың басқа да санаттары міндеттелген. Қазіргі уақытта аймағымызда декларацияны 24 мыңнан астам павлодарлық тапсырды.
— Ал декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсырмағандарға қандай шара қолданылады?
ҚР ӘҚҚ туралы Кодексінің 272-бабы 1-бөлігіне сәйкес мемлекеттік кіріс органына салық есептілігін заңнамалық актілерде белгіленген мерзімде ұсынбау – бірінші рет ескерту жасауға әкеледі. Бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда аталған кодекстің 272-бабының екінші бөлігіне сәйкес 58 980 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. Ал есеп-қисапта толық емес, анық емес мәліметтер ұсынылса, бірінші рет ескерту жасалады, қайталап жасалған бұзушылық үшін 11 796 теңге (3 АЕК) айыппұл салынады. Сонымен қатар, салық салынуы тиіс нысанды жасыру үшін де жаза бар. Яғни, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 275-бабы 1-бөліміне сәйкес төленбеген салық сомасынан 200 пайыз мөлшерінде айыппұл белгіленеді. Заңбұзушылық қайталанса, оның көлемі төленбеген салықтың 300 пайызы көлеміне ұлғаяды.
— Өткен жылы халықтың бірқатар санаты декларация тапсырудан босатылғаны айтылған еді. Сол санаттарға тоқталып өтсеңіз…
— 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияның бұған дейінгі кезеңдерімен қамтылмаған халық санаттары есеп тапсыру міндетінен босатылды. Олар — зейнеткерлер, жеке құрылымдардың қызметкерлері, студенттер, үй шаруасындағы әйелдер және т.б. міндетті декларациялаудан босатылды. Бірақ, олардың ішінде шетелде жылжымайтын мүлкі, көлігі, жер телімі, шетелдік компанияларға қатысу үлесі, шетелдік банктердің шоттарында жалпы жиыны 1000 АЕК көлемінен асатын ақшасы бар азаматтарда декларация ұсыну міндеттемесі сақталады. Шетелде атында инвестициялық алтыны, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі, құнды қағаздары, туынды қаржы құралдары бар тұлғалар да есеп тапсырудан босатылмайды. Құны 1000 АЕК асатын өзге мүлкі барлар да есеп беруге міндеттеледі.
Сонымен қатар, халықтың есеп беруден босатылған санаттарына жатса да, мүлікті жалға беруден, шетелдік банктік шоттар бойынша сыйақы алған, цифрлық активтермен операциялардан кірісі бар, салық ұсталмаған өзге де кірістері бар азаматтар да декларация тапсыруға міндеттеледі. Бұл жерде айтылып отырған жеке кәсіпкерліктен түсетін кірістер емес екенін ескеру керек. Жиынтық құны АЕК 20 000 еселік мөлшерінен асатын мүлік сатып алғандар, соның ішінде шетелден алғандар да, меншігінде ицфрлық активтері бар азаматтарда есеп беруге міндетті.
Айта кетейік, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ тұлғалар да елімізде декларация тапсырудан босатылған.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.