Биыл сәуір айында Павлодар қаласындағы әуежай жөндеуге жабылып, әуе қатынасы тоқтатылды. Әу баста, бұл жұмыстар жеті айға жоспарланды. Яғни, алдағы қарашаның басында жолаушылар бас қалаға қатынауға мүмкіндік алуы тиіс еді.
Алайда, жуырда жөндеу жұмыстарының тағы бір жыл созылатыны айқындалды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омардың мәлімдеуінше, оған республикалық қазынадан қажетті қаржының бөлінбеуі себеп болған.
— Павлодар қаласындағы әуе-жайдың ұшу-қону жолағын қайта құру бойынша 2024 жылы «Kyrylys Group RK» ЖШС мердігер ұйымымен 16,4 млрд теңгеге келісімшарт жасалды. Осы жобаны іске асыру үшін Ұлттық қордан былтыр
4,8 млрд теңге бөлінді. Биыл жобаны жалғастыруға бөлінген қаржы көлемі 2,2 млрд теңгені құрады. Соның ішінде 1,6 млрд теңге облыстық бюджеттен, қалған 600 млн теңгесі республикадан бөлінді. Негізі, жоба құнының он пайызын жергілікті бюджеттен бөлу талап етіледі. Сәйкесінше, бұл сома облыс қазынасынан бөлінді. Бүгінде биылғы қарастырылған қаражаттың 1,7 млрд теңгесі игерілді. Яғни, 76,5 пайызды құрайды, — дейді Нариман Ерғанатұлы.
Құзырлы орғанның мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда әуежай аумағында асфальт бетон жабындысын фрезерлеу жұмыстары жүргізілген. Жолақтың кеңейтілетін тұстарында асфальт негізі төселетін бөліктерінде жер жұмыстары да атқарылыпты. Мұнда дренаждық жүйе орнатылған. Сонымен қатар, бейнебақылау жүйелерін монтаждаумен және асфальтбетонның деформациялық жіктерін ретке келтіру жұмыстары қолға алыныпты.
Сондай-ақ, шамамен 5 млрд теңгенің материалы мен жабдығы сатып алынған. Қазіргі таңда жоба бойынша жоспарланған жұмыстардың тек 44 пайызы атқарылған. Қалғанын толық көлемде түйіндеуге 9,3 млрд теңге қажет. Бұл қаражат республикалық қазынадан бөлінуі тиіс еді. Алайда, аймақтан өтінім құзырлы министрлікке жолданғанымен қолдау таппапты. Демек, биыл қарашада әуе арқылы қатынау бұйырмайтын болды. Әлі бір жыл күтуге тура келеді. Оның өзінде келесі жылы республикалық бюджет қаржы бөлуі керек.
— Республикадан қаржы бөлінсе, құрылыс-монтаждау жұмыстарын қолайлы ауа райы туған сәттен, шамамен 2026 жылдың сәуір айынан бастау жоспарлануда. 4,5 айы ішінде қалған жұмыстарды аяқтау көзделген. Яғни, жарық дабыл беру жабдықтары орнатылып, асфальт бетон жабындысы төселеді. Жабдықтар Еуропадан тапсырыспен жеткізіледі. Осылайша, жобаны 2026 жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланып отыр, — дейді басқарма өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар әуежайында ұшу-қону жолағын талапқа сай кеңейту жүргізілуде. Яғни, бұрын жолақтың ені 45 метр болса, енді 60 метр болмақ. Жалпы, жолақтың ұзындығы 2,5 мың метрді құрайды. Асфальтбетон төселетін аумақ осыдан бөлек перрон мен ұшу-қону жолағын байланыстыратын, ұшақтар тұрағын қамтиды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.