Газеттерді құрдымға тартып барады
Соңғы жылдары облысымызда оқырманға газет-журналдарды жеткізетін бірден-бір ұлттық оператор – «Қазпошта» кәсіпорнының жұмысы тұралап кетті. Әртүрлі экономикалық себеппен соңғы бір жылда 30-ға жуық елді мекенде пошта бөлімшелері жабылып қалды. Бұның салдары облыстағы газеттердің оқырман қолына жетуіне, жаздырып алуына сұмдық кері әсерін тигізуде!
Мұндай «оңтайландыру» деген себеппен жаппай пошта бөлім-шелерінің жабылуы тоқсаныншы жылдары да болған емес. Ауылдық жерлердегі бірден-бір өркениет белгісі – осы пошта еді. Өкінішке қарай, облыстық филиалдың өкімімен былтырдың өзінде 30-ға жақын ауылда бөлімшелер жабылып тынды. Қазір газетке жазылу науқаны басталған сәтте пошталардың болмауы оқырмандар үшін үлкен проблемаға айналып отыр.
— Жыл басынан бері Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылында пошта бөлімшесі жабылып қалды. Бұрын газет-журнал алып отырушы едік. Қазір биылға жазылған газеттердің өзі уақытында келмейді. Айына бір зейнетақы, жәрдемақы таратуға пошта қызметкерлері ауданнан келіп кетеді. Мен «Saryarqa samaly» газетін өмір бойы жаздырып алып келемін. Әкем де ол газетті сүйіп оқитын. Енді, міне, поштаның кесірінен өзіміздің басылымнан көз жазып қалдық, — дейді Қазақстанның Құрметті кітапханашысы, еңбек ардагері Дана Жармакина.
Бір «ғажап» жері, бұл шағымға пошта басшыларының беретін өз жауабы бар. Олар поштасы жоқ ауылдарға аптасына бірнеше рет курьер барып, газет жеткізіп тұратынын алға тартады. Тұрғындарды тыңдасақ, ондай қызмет жоқ. Пошта басшылары газетті ауылдық жерге жеткізіп тарату мақсатында жергілікті әкімдікпен меморандум жасалғанын айтады. Бірақ газет редакциясы поштамен келісімшарт жасағанда, пошта мекемесі өзі басылымды оқырманға тікелей үйіне жеткізіп беретін болып келісілген. Яғни, пошта өз міндетін атқармайды. Жауапкершілікті үшінші тұлғаға – ауыл әкімдігіне итереді. Әрине, ауыл әкімдігінің қызметкерлері пошташы болып, есікті қағып, таратпайды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде поштаның ауылдарда, әсіресе шалғай ауылдарды дамытуға, ондағы тұрғындарға әртүрлі мемлекеттік қызмет көрсетуде бірден-бір маңызды мекеме екенін айтып отырады. Өкінішке қарай, іс жүзінде «Қазпоштаның» түк қауқары жоқ.
Облыстағы газет редакциялары өкілдері әр жыл сайын күзде облыстық «Қазпошта» филиалының басшылығымен кездесіп, мәселелерді талқылаймыз. Оқырмандардан түсіп жатқан шағымдарды айтып, шара қолдануды, жұмысты жетілдіруді сұраймыз. Өкінішке қарай, баяғы жартас – бір жартас. Ешкім де бір мәселені шеше алған жоқ. жапа шегушілер – газет шығарушылар, оқырмандар. Ортада пайда табушы – пошта ғана. Себебі ол уақытында апармаса да, белгілі мөлшерде табыс пайызын бірден қалтасына басады. Әрі ауылдық жерге газет таратуға берілген субсидияны да иемденеді.
Тағы бір мәселе, «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалында директор тұрақтамай-ақ қойды. Соңғы жылдары 3-4 рет ауысты. Күні кеше орналасқанына екі жыл тола қоймаған басшысы тағы да қызметінен кетті. Орнында қалған міндетін атқарушы орынбасар адам аудандарда газет тарату, жазылу, жеткізу бойынша тіпті қарапайым нәрсені білмейтінін танытып отыр. Не сұрасақ та, барлығының түбі орталық, яғни Астанадағы «Қазпошта» аппараты шешім қабылдайды деп соған аударады.
Былтыр «неге бөлімшелер шетінен жабылып жатыр, тіпті бюджеттен инвестиция құйылып, инфрақұрылымдары тартылып жатқан дамушы — тірек ауылдарда (мәселен, Аққулы ауданы Жамбыл ауылы) бөлімшені тиімсіз деп жапқандарыңыз қалай?» деген сауалға «Астана біледі» деген желкеқасымақ, иық қиқаң еткен жауап алдық. Яғни, жергілікті пошта басшылары орталық аппаратқа ешбір ұсыныс бере алмай, сөзін өткізе алмай, біліксіз, бейшара кейіпте отыр.
Енді аудандық, облыстық газет басшылары «биыл поштасыз қалған ауылдарда газетке жазылуды қалай, кім қабылдайды?» деп шақшадай басы шарадай болып отыр.
«Курьер, немесе зейнетақы жеткізуші тұлға қабылдай ма?» десек, «олардың оған құқығы да жоқ», дейді пошта басындағылар. Сонда бұл мәселе қалай шешіледі.?
Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылдың 3 қаңтарында республикалық «Ана тілі» газетінде үлкен сұхбат берді. Президент сонда газеттерді әрдайым оқитынын, көтерілген мәселелер бойынша тапсырма беріп отыратынын айтқан. Жастар тәрбиесінде газет оқудың пайдасын тілге тиек еткен. Бірақ мұндай идеология мәселесі «Қазпоштаның» басын ауыртпайтын секілді. Тек газет тарату оларға тиімсіз екенін білеміз. Бірақ ауылдық жерге тек газет қана емес, әртүрлі маркетплейстерден, онлайн дүкендерден ауылдарға товар жеткізіп, табыс табуға болады. Бірақ пошта «тиімсіз» деген желеумен газетке жазылуды ұйымдастырмай, облыстық, аудандық газеттерді тасымалдаусыз қалдырып, құрдымға тартып барады.
Осылайша, бүгінде газет редакциялары оқырман сұранысын өтеуге қауқарсыз күйге жетіп отыр. Президенттің өзі газет оқимын деп отырғанда жергілікті басшылардың бұл мәселеге көз жұма қарауын қалай түсінуге болады? Ауылдың бір өркениеті – пошта десек, олардың да жаппай жабылуы ертеңімізді бұлыңғыр етіп отыр. Сондықтан бұл салаға бір серпіліс керек. Ол серпіліс мекеменің модернизациядан өтіп, бастысы, идеологияға қызмет етуге негізделуі қажет деп ойлаймыз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.