Жастарды еліміздің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші деп білеміз. Бүгінде көпшілік арасында кеңінен танылған «Жастар рухы» жастар қанаты жас буынның жан-жақты дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Бұл жайлы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Мерғали Жүсіп айтып берді.
Бүгінде «Жастар рухы» Жастар қанатының негізгі бағыты – жастардың қоғамдық саяси белсен-ділігін арттыру, олардың шығармашылық және рухани қабілеттерін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ азаматтық-құқықтық және адамгершілік мәдениетке тәрбиелеу. Ұйым осы мақсаттарды ауқымды әлеуметтік, экологиялық, патриоттық және мәдени жобалар арқылы жүзеге асырып келеді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын атауын өзгерткен «Жастар рухы» қоғам арасында алдымен «Жас Отан» атауымен танылған. Оның басты айырмашылығы – қазіргі жобалардың ауқымдылығы, жалпы саяси және заң шығару үрдістеріне белсенді араласуы мен жұмыс форматының жаңаруы және модернизациядан өтуінде. Бүгінде ұйым әр салада – спорттық, экологиялық, заңнамалық, мәдени және цифрлық бағыттар болсын, жастарға арналған түрлі жобалар мен науқандарды ұсынып, іске асырып отыр.
Яғни, қазіргі таңда «Жастар рухы» жастар саясатында көш бастап, кең ауқымды ұйым ретінде танылып, жастардың қабілетін ашуға және олардың ел дамуына үлес қосуына нақты мүмкіндік беруде.
– Қазіргі уақытта жобалар көп, «Таза Қазақстан», «Менің елім – менің тілім», «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы, «Вандализмге жол жоқ», «Ардагерлерді ардақтайық», «Есірткіге жол жоқ», т.б бар. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы». Осы орайда орталық аппарат жобаларынан бөлек, аталмыш жылға сай талапкерлерге мамандық таңдауға және оқуға түсуге сауатты дайындалуға көмектесетін «Колледждерге» жобасын іске қостық. Бұл жобада жұмысшы мамандықтарға оқытатын арнайы орта білім беру мекемелеріне видеошолу жасалып, онда түрлі жұмысшы мамандықтардың қыр-сырымен таныстырады. Сондай-ақ, видео-контент апта сайын тұрақты түрде блогерлердің немесе жергілікті пабликтердің қосалқы авторлығымен шығарылып тұрады. Тағы да айта кетерлігі, елімізде бастау алған қызықты жобаларымыздың бірі – «Чемпиондық рух» жобасы. Оның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, спорттың қоғамдағы рөлі мен маңызын түсіндіру, спортпен шұғылданатын жандардың еңбегін елге үлгі ету, сонымен қатар, жастарды спорт секциялары мен клубтарға тарту үшін танымал тұлғаларды шақыру. Мұндай шара өңірімізде тамыз айында Спорт күніне орай қаламыздың басты сахнасы Ертіс Променад сахнасында өтті, – дейді Мерғали Жүсіп.
Осы күнде «Жастар рухының» бөлімшелері 10 аудан, 3 қала, 2 ЖОО мен 5 колледжді қамтиды, яғни 20 ұяшық жұмыс істейді. Рухтастар жобалардың барлығында белсенді атсалысып, сайлау, референдум кезінде, партияның агитациялық жұмыстарын жүргізеді.
Айта кетейік, бүгінде қоғамға еңбегі сіңген облыстық мәсли-хат төрағасы Илья Теренченко, партияның Астанадағы бір филиалын басқарып отырған Санира Жүсіпова сынды белді тұлғалар еңбек жолын «Жас Отаннан» бастаған.
«Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Мерғали Жүсіп жақын арада облыстық мансап орталығымен бірлесіп жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесін өткізу жоспарда бар екенін айтты. Сондай-ақ, «Жұмысшы мамандықтар жылының» қорытындысы ретінде облыс басшылығының қатысуымен «Жұмысшы жастар» форумын өткізбек.
Салтанат ҒАББАС.