Павлодарлықтар қала күнін дүркіретіп атап өтті. Шаһардың әр шағын ауданында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындар қуанышты сәтті сезіне білді. Ertis Promenade сахнасында өткен думанды кешке 30 мыңға жуық адам жиналып, мейрамның шаттығы арта түсті. «Жарқырай бер, туған қалам!», «Жаса, Павлодар» деген ізгі тілектер қуанышты үнмен айтылып жатты.
Оралхан ҚОЖАНОВ
Облыс әкімі Асайын Байханов өзінің «Instagram» парақшасында павлодарлықтарды қала күнімен құттықтады.
– Құрметті павлодарлықтар, сіздерді қала күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биыл Павлодар 162 жылдығын атап өтуде. Тарих үшін уақыттың маңызды кезеңі және айтулы жас. Бүгінгі мереке облыс орталығын одан да жақсы әрі әдемі етуге ұмтылған, сондай-ақ Павлодарға ғашық әрбір қала тұрғыны үшін ерекше. Осы мерейлі күнде сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық және бақыт, Павлодар игілігі үшін еңбекте табыс тілеймін. Ертіс бойындағы қаламыз өсіп, өркендей берсін, – деп аймақ басшысы ізгі тілегін білдірді. Мереке қарсаңында жолаушылар тасымалы паркі су жаңа аспан түстес 10 автобуспен толықты. Қытайлық «Yutong» өндірушісінің үлкен класты автобустары 5 бағыт бойынша қатынайтын болады. Жаңа автобустың ерекшелігі – салонда жүкті әйелдерге, қарттарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындықтардың түсі басқа. Өзге де заманауи қондырғылармен жабдықталған. Облыс әкімі Асайын Байханов «Павлодар автокомбинат» ЖШС басшысына компания 20 жаңа автобус алатыны туралы бұрынғы келісімді еске салды.
– Қоғамдық көлікті дамытпай, ешбір қаланың дамуы мүмкін емес. Ал біздің Павлодар өсіп келеді. Жаңа бизнес пен өндіріс орындары пайда болады. Сондықтан қоғамдық көліктер артта қалмауы үшін мұнда кешенді тәсіл қажет. Барлық азаматтар жаңа автобустарға мінгісі келеді және соған лайық, – деп атап өтті аймақ басшысы. «Павлодар автокомбинат» ЖШС директоры Александр Панченко кәсіпорын қаражат іздеп, келісімшарт жасап жатқанын айтты. Жыл соңына дейін компания тағы он автобус алады деген үміт бар. Павлодар қаласы әкімі Ержан Иманзайыповтың айтуынша, автопарктің толықтырылуымен қоғамдық көлікті күту уақытын 15 минутқа дейін қысқарту, сондай-ақ кешкі бағыттардағы автобустардың санын көбейту жоспарланып отыр. Қала күніне орай саябақтарда мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе, қалалық саябақтағы думан ерекше болды. Мұнда балаларға тегін балмұздақ таратылды. Балалар Поттердің сүйікті кейіпкерлері — Гарри Поттер, Гермиона және Дамблдор кейпіндегі әртістермен ойындар ойнады.
Шаһардың ең кішкентай тұрғындары ата-аналарымен бірге сусындар мен сиқырлы таяқшаларды ойлап тауып, қисық айналар аллеясында көңіл көтерді. Сонымен қатар, балақайлар аниматорлардың ойынын тамашалады. Павлодарлықтар үлкен ақ джипке фломастермен сүйікті қаласына деген тілектерін жазды. Көзді ашып-жұмғанша көлік кемпірқосақтың барлық түстерімен боялып шыға келді. «Мен Павлодарды сүйемін», «Бақыт саған, Павлодар», «Мәңгілік сүйкімді қала» деген әдемі тілек пен махаббатқа толы жазбаға көмкерілді. Бұдан бөлек, павлодарлықтарға өзінің ақ тілегін жеткізудің тағы бір тамаша жолы ұсынылды. Ол жақсылық жаршысы атанған көгершін арқылы тілегін жеткізу. Мұнда жерлестеріміз тордан қауырсынды құсты таңдап алып, тілек айту арқылы көкке ұшыра алды. Сонымен қатар, қалалық саябақтың сахнасында музыкалық ұжымдар өнер көрсетіп, дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұсынылды. Қаланың көптеген шағын ауданында футбол, стритбол, шахмат және тағы басқа спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Әсіресе, ардагерлер шахмат пен дойбыдан жарыс көркін қыздырды. Музейлерде көрмелер жұрт назарына ұсынылып, онда қаланың тарихынан сыр шертетін ескі суреттер қойылды. Бұл күні орталық жағалауда «жасыл елдіктер» акция ұйымдастырды. Онда павлодарлықтар қолданбайтын киім-кешектерін өткізіп, мұқтаж жандарға таратылды. Жағалауда биыл жаңадан ашылған павильондар «бургерді кім тез жеп тауысады?» деген сайыстар өткізді. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Нұрғамысованың айтуынша, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы мерекелік бағдарлама әзірленген. Қала күнін тойлау таңғы сағат 8.00-де «Qala run» жүгіру марафонынан бастау алған. Орталық саябақта отбасылық сайыстар өткізілген. Қаламыздың сегіз шағын ауданында қызықты мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылған. Кешке Ertis Promenade сахнасының айналасы нағыз думанды кешке ұласты. Ең әуелі мерекелік кештің шымылдығын жергілікті өнерпаздар түрді. Кейін кеш хэдлайнерлері, жастардың сүйікті әншісі Lilli мен Ny-Za Band заманауи әндерін шырқады. Ал елімізге танымал «Ринго» тобы мен Луина халықтың құлағында жатталған хит әндерін павлодарлықтармен бірге шырқады. Көңілді кеш павлодарлық әнші Серік Мусалимовтің «В Павлодаре» әнімен аяқталды.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.