«Дәнекердің» дәмді картобы

Қаз 16, 2025

Аудандағы «Дәнекер» шаруа қожалығы келесі жылы суармалы алқап көлемін едәуір ұлғайтпақ. Картоп өндіру ісімен танымал кәсіпорын болашақта агрокешенге айналуды көздейді.

2010 жылы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және өңдеу мақсатында құрылған кәсіпорын алғашқы кезде ет бағытындағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысты. Павлодар ауданының Заря ауылынан бастау алған шаруашылық ірі қара санын көбейтіп, 2014 жылы жайылымдық жердің жетіспеушілігі мен қолайсыз ветеринарлық жағдайға тап болды. Қожалық иесі табанды шешім қабылдап, Аққулы ауданы Бесқарағай ауылына қоныс аударды. Нәтижесінде қызмет бағытын түбегейлі өзгертті. Бұл шешім жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

«Дәнекер» қожалығы егіншілікке басымдық беріп, бұл салада көшбасшылар қатарынан көрінді. Бүгінде қожалықтың иелігінде жалпы аумағы 655 гектар суармалы жер бар. Шаруалар озық технологиялармен жұмыс істейді.  Бұл ретте  алқапта Valley маркалы суару жүйесі іске қосылған. Сыйымдылығы 14 мың тоннаны құрайтын көкөніс қоймасы, техникаға арналған гараж және сервистік орталық салынған.

Биыл шаруашылық ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Қазір 215 гектар алқапта «Гала» сұрыпты картоп өсірілуде, 100 гектар аумақта әлемге әйгілі PepsiCo компаниясына арналған чипстік картоп егілген.

Соңғы төрт жылда  кәсіпорын 4,5 млрд теңгеден астам инвестиция құйды. Бұл – қарқынды өсімнің, сенімді болашаққа ұмтылыстың айқын дәлелі. Алға қойылған жоспар да ауқымды.  2026 жылы суармалы алқапты ұлғайту  көзделуде. Бұл ретте көктемде  575 гектар жерді қалпына келтіру жұмыстары бастау алады. Ал екінші кезеңде аталмыш алқапты 2300 гектарға дейін ұлғайтып, қосымша сыйымдылығы 20 мың тонна болатын қойма салып, заманауи техника сатып алу көзделуде.

«Дәнекердің» басты мақсаты – картоп өнімдерін өндіруді біріктіретін агрокешен құру. Бұл — еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына қомақты үлес қосуды көздейтін қадам. Шаруашылық мұндай жетістікке кәсіпорын директоры Қайрат Әбішевтің арқасында қол жеткізіп отыр. Қайрат Сансызбайұлының кәсібилігі, ойлау қабілеті мен уақытылы шешім қабылдай білуі шаруашылықты талай мәрте қиын кезеңнен алып шығып, жаңа белеске көтере білді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Аққулы ауданы.