Қазақта «өз қолымыз өз аузымызға жетті» деген қанатты сөз бар. Әдетте, бұл нақылды жағдайы түзеліп, өзіне қолғабыс жасай алатын деңгейге жеткенде айтамыз. Яғни, біреудің жәрдемінсіз іс тындыруға жарап қалғанда қолданамыз. Тура екі жылдан кейін өңіріміз де осындай дәрежеге жетпек. Бұрынғыдай республикалық бюджетке ауыз ашпай, өз қажетін облыстық қазына қаражаты есебінен қанағаттандыратын халде болады. Үкімет аймағымыздың әуселесін біраз жылдан бері бағамдап, жыл сайынғы бюджеттің толығуын таразылап, 2028 жылдан бастап, өңірімізді өзін-өзі қамтамасыз ететін аймақ ретінде танымақ.
Аймақтардың мәртебесі ауысады
Сонымен, өзін-өзі қамтамасыз ететін өңір деп қандай аймақтар аталады? Экономикалық тұрғыдан берілген анықтамасына сүйенсек, бұл – өзінің жеке өндірісі мен жиналған салықтары есебінен өзінің әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін қамтуға қауқарлы өңір. Демек, мұндайға шама-шарқы жетпейтін аймақтарға республикалық қазынадан дотация, субсидия және трансферт түрінде қаражат беріледі.
Биыл тамыз айында Үкіметте өткен алқалы жиында Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы» заң жобасын таныстырды. Сонда алдағы екі жылда Қазақстанның жергілікті бюджеттерінің кірістері өсетіні, ал кейбір өңірлердің бюджетаралық қатынас жүйесінде мәртебесі өзгеретіні мәлім болды. Сонымен қатар, үш жылда донорлық өңірлерден республикалық бюджетке алынатын кіріс көлемі де айқындалды. Донорлық өңір деген түсінікке де тоқталып кетейік, бұл – кірістері шығындарынан асатын аймақтар, сондықтан олардың қаражатының бір бөлігі республикалық қазынаға жіберіледі. Міне, осы донорлық аймақтардан республика қазынасына берілетін жалпы көлем 2026 жылы
879,9 млрд теңге болады деп болжанса, 2027 жылы – 1,1 трлн теңге, 2028 жылы 1,4 трлн теңге көлемінде түседі деп көзделуде.
Республикадан реципиенттерге берілетін субвенциялардың да үш жылдық көлемі болжанып отыр. Мұндай демеуді, яғни, субвенция, дотацияларды бюджет кірісінің тапшылығы бар өңірлерге көрсетеді. 2026 жылы 5,1 трлн теңге,
2027 жылы 6,4 трлн теңге, ал 2028 жылы 6,8 трлн теңге дотация алатын облыстарға республикалық қазынадан беру қарастырылған.
Бұл жиында айтылған ең басты өзгеріс кейбір өңірлердің бюджетаралық қатынас жүйесінде мәртебелерінің ауысатыны болды. Үкіметтегілер 2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз ететін аймаққа айналатынын, ал Маңғыстау облысы қайтадан донорлық өңір атанатынын атап өтті. Осылайша, көп жылдан бері дотациялық өңірлер санатында саналған аймағымыз өз шығындарын өзі жабатын облыс болмақ, Маңғыстау бюджет кірісінің өсімінің нәтижесінде қайтадан донор болып, табысының бір бөлігін республикалық қазынаға аудармақ.
Ұлттық экономика министрлігінің ел дамуына қатысты оптимистік болжамына қарағанда үш жылда өңірлердің табысы айтарлықтай артады. Қазіргі таңда Қазақстанда тек үш өңір ғана шығынынан көп табады. Олар – Атырау облысы, Алматы және Астана қалалары. Үш жылдық бюджетті саралаған мамандар донорлық үш өңірге тағы бір аймақ қосылып, өзін-өзі қамтитын аймақ қатарына бір өңір қосылатынын болжап отыр. Біртіндеп, республикалық бюджетке тәуелділікті төмендету көзделген. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин алдағы үш жылда республикалық бюджет өз кірісімен қамтамасыз етуді арттыра алатынына сендіріп отыр. Айтуынша, бұл көрсеткіш 2025 жылы
63,7 пайыз болса, 2028 жылға қарай 83,5 пайызға жетеді. Осылайша, Үкімет алдағы үш жылда мақсатты трансферттер шеңберінде Ұлттық қорды қозғамайтындарын мәлім етті. Тек 2,8 трлн теңге көлемінде кепілді трансферт қана қалады деп болжануда. Өңірлердің қазынасына түсетін кіріс көлемі артып, кейбір аймақтардың бюджетаралық мәртебесі өзгерген соң жергілікті бюджеттің республикалыққа тәуелділігі шамамен 50,7 пайыздан 33 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Өзгерістен өңір не ұтады?
Міне, тамыздан бері Үкіметтің экономикалық тақырыптарға арналған жиындарында Павлодар облысы 2028 жылға қарай өзін-өзі қамтамасыз ететін өңірге айналатыны жиі айтылуда. Жалпы, биыл Үкімет тарапынан бюджет процесі үшін ерекше маңызға ие қадамдар жасалды. Жаңа бюджет және салық кодекстері, заңға тәуелді актілер қабылданды. Қазір 2026-2028 жылдарға арналған бюджет параметрлері қалыптастырылуда.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мәліметінше, өңірдің кірістер болжамын жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесіне сәйкес ҚР Ұлттық экономика министрлігі айқындауда. Құзырлы басқарманың мәліметіне сүйенсек, жергілікті қазына қандай кіріс түрлерінен құралатынына тоқталсақ, негізгі кіріс көздері — корпоративтік табыс салығы (үлесі 10,7 пайыз), жеке табыс салығы (үлесі 22,7 пайыз), әлеуметтік салық (үлесі 15,2 пайыз), мұнай өнімдеріне акциз (үлесі 30,9 пайыз). Сонымен қатар, мекеме өз алдағы жылға болжамын жасауда. Яғни, 2026 жылы дербес табыстың өсуі 143 пайыз деңгейінде немесе 173,6 млрд теңгеге артады деп болжанады. Оның ұлғаюына мұнай өнімдеріне акциздің мөлшерлемесін арттыру және қосымша кіріс көздерін республикалық деңгейден жергілікті деңгейге беру факторлары оң әсер етпек. Осындай оң болжам ескеріле отырып, республикалық қазынадан қарастырылатын субвенция алдағы үш жылда бірдіндеп қысқарады. Мәселен, 2026 жылы аймағы-мызға бөлінетін субвенция көлемі 5,8 млрд теңгені құраса, 2027 жылы 4,4 млрд теңге болады. 2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қаржы-ландыруға толығымен көшеді.
Мәртебенің ауысуымен өңіріміз не ұтады? Аймағымызға қандай өзгеріс әкеледі? Облысымыздың бас экономисі Ирина Назарчуктің пайымдауынша, жаңа мәртебеге көшу өңір дамуына оң әсер етеді.
– Павлодар облысының өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуі — өңірдің дамуындағы маңызды және оң кезең. Бұл облыс республикалық бюджеттен берілетін субсидияларға тәуелді болмайтынын және өз шығындарын өз кірістері есебінен дербес қамтамасыз ете алатынын білдіреді. Өзін-өзі қамтамасыз етуге көшу өңірдің салық әлеуетінің өсуіне түрткі болатынына сенімдіміз. Павлодар облысы — елдің өнеркәсіптік орталығы, мұнда жаңа өндірістер белсенді дамып, жұмыс орындары құрылуда, демек, жергілікті бюджетке түсетін түсімдер ұлғаюда, – дейді Ирина Петровна.
Облыс әкімі Асайын Байханов жуырда Ауыл шаруашылығы министрінің сапары барысында сөз арасында дәл осы өңіріміздің өзін-өзі қаржыландыруға көшуінің оң әсері болатынын айтқан еді. Нақтысы, диқандар қазіргі таңда ауыл шаруашылығына берілетін кейбір субсидиялардың респуб-ликалық бюджеттен кешіктіріліп жатқанын алға тартты. Осы сұраққа жауап беру барысында аймақ басшысы 2028 жылдан бастап мұндай жәрдем жергілікті бюджеттен бөлінетінін, сәйкесінше, айлап күту сияқты мәселелер туындамайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, экономистер мұндай дербестік атқарушы органдар тарапынан үлкен жауапкершілікті талап ететінін алға тартуда. Яғни, шығыстарға толық түгендеу жүргізу, тиімсіз және басым емес бағыттарға жол бермеу қажет етіледі. Аталған жұмыстарды облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы өзге облыстық басқармалармен, қалалар мен аудан әкімдіктерімен бірлесіп тұрақты негізде жүргізбек.
Осы орайда, бюджеттік дербестік берілген соң жергілікті қазына қаржысы барлық қажеттіліктерімізді қанағаттандыруға жете ме деген ой туындайтыны – заңдылық. Кейбірімізде алып өндірістердің бұған дейін республикаға жіберілетін салықтық аударымдары өз қазынамызда қалар деген үміт қылаң беретіні жасырын емес. Алайда, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы салықтарды жоспарлы кезеңде облыстық бюджетке беру көзде-лмегенін айтты. Құзырлы орган берген мәліметте республикалық бюджетке біздің өңірден ірі кәсіпкерлік субъектілерінен корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық түсетіні жазылған. Жыл сайын бұл шамамен 130 млрд теңгені құрайды.
Ендеше, бүгінгі таңда облыс бюджетінің кірістері шығындарды жабуға жете ме?
– Облыс бюджеті кірістер мен шығыстар бойынша теңдестірілген, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес бюджет қаражаты бірінші кезекте өңір үшін экономикалық нәтиже беретін жобаларға бағытталады. Шығыс-тардың негізгі басымдықтары —
инфрақұрылымдық және инвес-тициялық жобаларды іске асыру. Бұл жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру объектілерін, АЭА және индустриялық аймақтар объектілері үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұры-лымды салу және реконструкциялау, автомобиль жолдары мен әлеуметтік объектілерді жөндеу, – дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы.
Ұлттық экономика министрлігі бұл өзгерістер жергілікті бюджеттердің республикалық трансферттерге тәуелділігін азайтып, өңірлердің қаржылық дербестігін күшейтуге мүмкіндік беретініне сенімді. Олар әр өңірдің кірісі мен шығысын ескеріп, үш жылдық бюджеттің көлемін әр өңірге болжамды түрде есептейтін көрінеді. Яғни, жалпы сипаттағы трансферттер көлемін айқындайды. Өңіріміз үшін алдағы үш жылға 156,5 млрд теңге мөлшерінде есептелген.
2026 жылға 44,3 млрд теңге, 2027 жылға 29,8 млрд теңге, 2028 жылы 82,3 млрд теңге болады деп болжануда. Бұл біздің жергілікті бюджеттен құрылыс және қайта қалпына келтіру жобаларына жұмсалатын қаражат мөлшері ретінде минис-трлік тарапынан белгіленіп отыр. Бұл дегеніңіз, аймағымыздың базалық шығындарын үш жылға республика есептеп береді. Соған қарай өңірдің мәртебесін айқындайды. Тағы бір ескеретіні, мәртебесі өзгеріп, өзін-өзі қамтитын аймаққа айналғанның өзінде республика қаржыландыратын екі мақсатты трансферт сақталады. Олар – аса маңызды нысандар мен жалпы мемлекеттік маңыздағыжобалар.
Алда әлі екі жыл республикалық қазынадан қаржы бөлінеді. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай субвенция көлемі азаяды. Осылайша, бюджеттік дербестікке аяқ басады. Ал оны қаншалықты еңсере алатынымызды уақыт еншісіне қалдырайық.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
