Жыл өткен сайын қазақ киносының қоржыны сапалы, танымдық фильмдермен толығуда. Мұндай үрдіс елімізде киноиндустрияны дамытуға, отандық имиджге ерекше серпін тигізетіні анық. Олардың қатарында қазақтың сал-серілік дәстүрін жаңғыртып, ұлт руханиятына жаңа леп әкелген, «Qazaqstan» корпорациясы түсірген екі бөлімді «Естай мен Қорлан» телехикаясы көрерменге жол тартты.
Фильм қазақтың танымал ақыны, сазгер Естай Беркімбайұлы мен оның сүйіктісі Қорланның шынайы махаб-батына арналған. Туындының сценарий авторы — Сержан Зәкерұлы, ал қоюшы режис-сері — Нұркелді Садығұлов. Естай Беркімбайұлы – Павлодар өңірінен шыққан әйгілі сазгер, ақын, әнші. Ол — қазақ музыкасының алтын қорына енген «Құсни-Қорлан», «Наз қоңыр», «Жай қоңыр» сынды көптеген әннің авторы. Аңыз бойынша, Естай мен Қорлан алғаш рет Баянауылдағы үлкен тойда кездесіп, бір-біріне ғашық болады. Бірақ олардың тағдырына бірге болу жазбай, Естай жүрек күйігін «Құсни-Қорлан» әнімен білдіреді. Кейін бұл шығарма бүкіл қазақ даласын шарлап, мәңгілік махаббаттың символына айналады.
Осы аңыз арқау болған түсірілім жұмыстары Баянауыл, Екібастұз өңірі және Шарбақты ауданындағы әйгілі Маралды көлі маңында өткен. Актерлердің костюмдері мен қажетті реквизиттер дәуір шындығына сай арнайы дайындалған. Телехикаяның басты рөлдерін Нұржас Садырбай мен Диана Нағметоллаева сомдаған.
Актерлер құрамында облы-сымыздағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма теартының әртістері де бар. Олар өз шеберліктерін камера алдында паш етті. Қорланның жеңгесінің рөлін сомдаған Еркежан Төлеубек түсірілімге күтпеген жерден шақырту алған.
— Маған жағымсыз, шәйпау жеңге рөлі берілді. Өнер сала-сында жүргеніме біраз уақыт болғандықтан, кейіпкерді алып шығу қиындық тудырған жоқ. Алайда киноның әлемі бөлек екен. Елімізге танымал әртістермен бірге көлемді жобаға қатысу өзгеше әсер қалдырды. «Сахнаның құдіреті — сөз, киноның құдіреті — көз» демекші, сыртқы келбет, мимика, іс-қимылға көбірек көңіл бөлінеді.
«Естай мен Қорлан» фильмі актер ретінде кино әлемінде де бағымды сынап көруге қызығу-шылығымды оятты. Алдағы уақытта ұсыныстар келіп қалса, жаңашылдықтан қашпаймын, — деді театр әртісі.
Мұндай тарихи фильм арқылы көрермен ұлттың нәзік сезімін, саз бен сөз өнерінің тереңдігін қайта сезінеді. Бұл туынды Естай мен Қорланның ғана емес, қазақ махаббатының мәңгілік үнін жаңғыртады.
Сара АВДОЛ.
