Ағымдағы айда әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен тақырып — әзіл әлемінің жұлдызы Тұрсынбек Қабатовтың отбасылық мәселесі. You Тube платформасынан актердің бұрынғы жары Мөлдір Мұқанованың сұхбатын тамашалаған әйел жоқ шығар. Қазір өнер жұлдызы ажырасыпты, пәленшенің тоқалы, түгеншенің көңілдесі бар деген өсек-аяң бір күнде миллиондаған қаралым жинайтыны ақиқат.
Қалың оқырман үшін танымал актриса Дариға Бадықова, өнер жұлдызы Олжас Абайдың да отбасындағы жағдай қызық. Осыдан-ақ, қоғамдағы рухани деңгей мен ақпараттық талғамды аңғару қиын емес. Өкініштісі, ұлттық құндылық пен мүддені талқылайтын салмақты әңгімеге жұрттың ынтасы соқпайды. Жоғарыдағы өсек-аяңға сұраныс жоғары.
Қазір ойлы қаламгердің шығармасын, еңбегін асыға күтіп оқитын оқырман аз. Жұртшылыққа кімнің қайда саяхаттағаны, қандай тамақ ішіп, киім кигені жаңалық. Бұл көрініс — қоғамда ғана емес, әлемдік деңгейдегі ақпараттық дағдарыс. Адамның ойы көріп отырған видео мен оқып отырған әңгімеге қарай қалыптасады. Талғамы төмендейді. Елдік сана мен мәдени деңгей әлсірей түссе, ұлтты біріктіретін құндылық не болмақ? Қалың көпшілік назарын кімге бұрса, соны өсіреді. Ұлттың іргесін өсек емес, өрелі ой ұстайтынын естен шығарғандаймыз.
Қазір әлеуметтік желіні пайдаланатындар жеңіл әрі мәнсіз контентті қарайды. Бұл ойлау қабілетінің таяздануына әкеледі. Мұның салдары ұрпаққа тиеді. Өйткені мәселеге немқұрайлы, сын көзбен қарай алмайтын әрі талқылау деңгейі қалыптаспайтын жастар көбейеді. Ойлау қабілеті төмендейді.
Ақпараттық талғам — ой-өрістің айнасы. Газет оқымайтын, радио тыңдамайтын халық әлеуметтік желіден «Сабағымды сатып алсаң, тез байисың», «Ақша берсең, миллион табысың болады» деген мотивациялық сабақтарға ақша шашуға құмар. Жалған уәдеге сеніп, уақыты мен қаржысын далаға шашып жүргендер көп. Шындығына келгенде, еңбек, табандылық, білім ғана тұрақты табысқа жеткізеді.
Балаларымыздың кітап оқымауы, телефонға телміруі де жеңіл ақпараттың дәуренін қыздырып тұр. Кітаптың орнын гаджет басқандықтан жастардың ойлау қабілеті тарылған. Ақпаратты терең талдай алмайтындары да сондықтан. Оқудан гөрі қолындағы құрылғыдан дайын дүниені тұтынуға бейімделген ұрпақ рухани дағдарысқа бет алып бара жатыр. Бұл мәселе — ұлттың трагедиясы. Біз қоғамдағы шындықты әлеуметтік желінің жылтырымен шатастырғанбыз. Бұдан қалай арыламыз?
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
