Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологтары ежелгі үңгір суреттері мен тас мүсіндердің үш өлшемді сандық көшірмелерін жасауды қолға алды. Қазіргі таңда археологиялық ескерткіштердің 3D модельдерін сканерлеу мен құру – ашық аспан астындағы жәдігерлердің бастапқы келбетін уақыт пен адам қолынан сақтап қалудың бірегей мүмкіндігі. Жоба жетекшісі, археолог Георгий Пересветов бұл технологиясыз түпнұсқаларды қалпына келтіру немесе болашақ ұрпаққа дәл жеткізу қиынға соғатынын айтады.
Тас дәуірінен бүгінге дейін
Облыста тас, қола және ерте темір дәуірінің кезеңдерін айғақтайтын жартастағы суреттері бар ондаған орын табылған. Мұндай алғашқы олжаны археолог Петр Драверт тапқан. Ол 1926 жылы Баянауылдағы Жасыбай көлінің жанындағы шағын үңгірден охрамен боялған би билейтін адамдарды анықтаған. Ал 70-80 жылдары павлодарлық өлкетанушылар Жасыбай көлінің солтүстік-батыс жағалауынан осындай іспеттес үңгір суреттерін тапқан еді. Алайда бұл археологиялық ескерткіш уақыт өте келе демалушылардың салғырт-тығынан қатты зардап шекті. Кейбір демалушылар ежелгі суреттердің үстіне өшірілмейтін бояумен өз есімдерін жазып, тарихи мұраның бастапқы қалпын бүлдірген. Сол жерден табылған тағы бір олжа – ортағасырлық кезеңге жататын екі шабандоздың жартастағы бейнесі.
– Тек Торайғыр көлінің аумағында үңгір суреттерінің төрт орны табылды. Мәселен, Қызылшілік ауылының маңындағы үңгірде қола дәуіріндегі жылқының бейнесі суреттелген. Ал Торайғыр ауылының шетіндегі үңгірде адамдар көктегі жылқыға дұға еткен суреттер кездеседі. Жалпы, облыс пен Қазақстан аумағындағы жылқылар тақырыбы тас дәуірінен бері келе жатыр, – дейді Г.Пересветов.
Тағы бір археологиялық орын Баянауыл ауданы Мұрынтал ауылының маңында орналасқан. Ондағы жартастарда бұғылардың суреттері біркелкі бейнеленген. Ғалымның айтуынша, қола мен ерте темір дәуірінің басында тайпалар таулы Алтай арқылы Павлодар өңіріне қоныс аударған.
Жартастағы суреттерден басқа, облыс аумағында қола және темір ғасырларының тоғысында өмір сүрген адамдар жасаған тас стеллалар бар. Ғылымда бұл стелалар Қойтас тасы деп аталады. Өйткені, көбінің жоғарғы жағында көзді бейнелейтін дөңгелек немесе күн белгісі бейнеленген. Қойтасты Баянауыл мен Май ауданының және Екібастұз қаласының маңында кездестіруге болады.
Павлодар өңіріндегі археологиялық мұраның ең кең таралған түрі –
ортағасырлық тас мүсіндер. Зерттеушілердің айтуынша, дала аумағында олардың екі түрі кездеседі. Яғни, ежелгі түркі мен қимақ-қыпшақ кезеңіне жататын үлгілер. Мұндай мүсіндер, әдетте, жерлеу орындарының маңына қойылып, бейнеленген адамның әлеуметтік мәртебесін, келбетін және дүниетанымын көрсетеді.
– Биыл Баянауыл ауданында бас киімі биік әйел бейнеленген ерекше мүсінді таптық. Сондай-ақ, біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырларға жататын ерте темір дәуірінің стеласы анықталды. Бұл –
ғылымға бұрын белгісіз, құнды олжа, –
дейді археолог.
Тарихи жәдігерлер — жаңа үлгіде
Тарихи жәдігерлерді цифрландыру – көненің көзін сақтаудың ең сенімді жолы. Жоғарыда аталған тарихи жәдігерлердің нақты көлемі мен бояуын жоғалтпай жеткізу үшін жасалған 3D модельді айналдырып, үлкейтіп, жан-жақты қарауға болады. Мұндай сандық көшірмелер ғылыми ортада алмасуға, халықаралық зерттеушілерге жіберуге, тіпті виртуалды музейге экспонат ретінде қоюға мүмкіндік береді.
– Сканерлеу үшін біз фотограмметрия әдісін таңдадық. Өйткені, 3D сканерлері өте қымбат және оларда көптеген шектеу бар. Фотограмметрия көмегімен кез келген ғимаратты жарты сағат ішінде сканерлеуге болады. Менің жұмыс тәжірибелерімнің бірі — әйгілі Баянауылдағы Кемпіртас жартасы. Мен оны сканерлеп, 3D нұсқасында басып шығардым. Бұл дайын кәдесый болды, – дейді Георгий Пересветов.
Бір қызығы, жәдігердің немесе ғимараттың 3D моделін жасау үшін объектінің барлық жағынан түсірілген төрт фотосуреті жеткілікті. Бірақ ғылыми зерттеу кескінді егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Сондықтан оны жасау үшін жүзден астам сурет қажет. Содан кейін олар «Blender» сияқты 3D графикасын жасау үшін арнайы бағдарламаға жүктеледі. Орташа алғанда, компьютер фотосуреттерді есептейді және олардан 12 сағат ішінде, кейде екі күнде жоғары сапалы үш өлшемді кескін жасайды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
