Бұрын тамақ дайындаумен ошақ иелері ғана айналысса, қазір оның сырын игеру үшін бірнеше жыл білім алып, тәжірибе жинақтау қажеттілік етеді. Ал аспаздың еңбегі дайындаған тағамының тәттілігімен өлшенеді. Бүгін дәмді ас әзірлеп, алғысқа ие болып жүрген жанның бірін мақаламызға арқау етпекпіз.
Ақтоғай ауданының тұрғыны Әсемгүл Дүйсеналина 1990 жылы Екібастұз қаласында дүниеге келген. Негізгі мамандығы – бухгалтер. Мемлекеттік қызметте де, жеке компанияларда да 15 жылдық тәжірибесі бар. Алайда тағдыр оны мүлде басқа салаға – аспаздыққа бағыттады.
Бала күтімімен үйде отырған Әсемгүл балаларымен бірге көп уақыт өткізген. Сол уақытта жаңа тағамдар әзірлеп, оларды отбасына ұсыну арқылы мол тәжірибе жинаған. Бүгінде жай қызығушылығы негізгі табыс көзіне айналып отыр.
– Негізі, қыз бала жаратылысынан ас үйге, аспаздыққа жақын. Мен де сол түрлі тәтті пісіретін анамның жанында жүріп, кішкентайымнан аспаздыққа қатты қызығатынмын. Дегенмен, нақты қызығушылық бала күтімімен үйде отырған уақытта пайда болды. Жаңа тағамдар жасап көру, әр рецепті өз қалауыммен өзгерту, дәмдерді үйлестіру – бәрі мені шын қуанышқа жетелейтін. Тапсырысқа дәмді тіскебасарлар, бәліштер дайындап жүрдім. Бастапқыда бұл жай хобби еді. Бірақ уақыт өте келе менің сүйікті ісіме, ал қазір шағын кәсібіме айналды. Енді мен әр тағамды тек дәм үшін емес, жүректен шыққан махаббатпен жасаймын, – деп әңгімесін бастады Әсемгүл.
Әсемгүлдің шағын кәсіпкерлік жолы осы жылы, Республика күні қарсаңында ресми түрде басталған. Кіші баласы балабақшаға барған сәтте ол өзіне жаңа мүмкіндік ашып, Ақтоғай ауданының шағын көшелерінің бірінде павильон ашты. Өз қаражатына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды.
Бастапқы кезеңде Әсемгүл үшін қиындықтар аз болмаған. Өнімнің бағасын дәл есептеу, сапалы ингредиент таңдау, уақытты тиімді бөлу, қажетті жабдықтарды жинақтау – бәрі де оның шыдамдылығы мен тәжірибесін тексерді. Әр жаңа рецепт – жаңа сынақ, әр тапсырыс жауапкершілік болды. Дегенмен, уақыт өте келе Әсемгүл бәрін үйреніп, өз жүйесін қалыптастырды. Ол тағамға тек дәм мен сапаны емес, махаббат пен адалдықты да қосу керегін түсінді.
Әсемгүлдің басты ерекшелігі – әр тағамды дәл өз балаларына дайындайтындай сапалы, таза және сүйіспеншілікпен жасауында. Ол ешкімді «өзге» деп бөлмейді, себебі әр тапсырыс беруші үшін тағам бірдей маңызды. Айтуынша, әр тағам махаббатпен дайындалады.
– Қазіргі заманда кім тамақ дайындау білмейді, тіпті кез келген адам аспаз бола салады дейді. Бірақ олай емес. Бұл істе алдымен талғам керек, дәм мен иісті сезіп, халықты тойдырып қана қоймай, көңілінен де шыға білген жөн, – дейді ол.
Оның қолтаңбалы тағамдары ерекше дәмімен және сапасымен танымал. Оның суши-роллдары әрдайым жаңа піскен ингредиенттерден дайындалады. Пицца – ыстық, хош иісті. Сондықтан балалардан да, ересектерден де бұл тағамға сұраныс жоғары. Ерекше үйлестірілген донер, шаурма да бірегей дәмге ие. Ал үй соустары әр тағамның дәмін толықтырып, оған ерекше сипат береді.
Оның сөзінше, бүгінде бұл тағамдарға сұраныс жоғары. Әсіресе, кешкі уақытта және демалыс күндері тапсырыс көп түседі. Бағалары да ауыл тұрғындары үшін қолжетімді. Мәселен, роллдар – 1200–3500 теңге, пицца – 2500–3000 теңге аралығында болса, шаурма 1800 теңгеден сатылады.
Болашақта Әсемгүл мемлекеттік қолдау арқылы қосымша жабдықтар сатып алып, ассортиментті арттырып, шағын дәмхана мен цех ашуды жоспарлап отыр.
Иә, кейбіреулерге тағам жасау оңай шығар, алайда саусағынан бал тамған аспаз, сұраныстағы маман болу кез келгеннің қолынан келмей-тіні анық. Тек төзімділік танытып, мамандығын шынайы жақсы көрген адам ғана жетістікке жетері сөзсіз. Бүгін кейіпкерімізбен сұхбат барысында осыған көзіміз жетті.
Айдана БОРАНБАЕВА.
